Президент • 20 Қараша, 2018

Акиф Әлизаде: Назарбаев - жаһандық ауқымдағы саяси қайраткер

519 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі күннің көрнекті саяси қайрат­кері, нағыз күрескер әрі қаһарманы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Патшалардың бірі сарайын­дағы ақыннан: «Мен туралы неге жазбайсың?» деп сұрапты. Ақын: «Қызмет етсең, жазармын» деп жауап беріпті. Бұл тұрғы­­дан алғанда Н.Назарбаевтай лидер­лер­дің өскелең өмір жолы, игі істері туралы том-том кітап жазуға болады.

Акиф Әлизаде: Назарбаев - жаһандық ауқымдағы саяси қайраткер

Әзербайжан мен қазақ халқын тіл, дін ортақтығымен бірге тағдыр ұқсастығы да жақындатады. Қос халық ғасырлар бойы бірнеше дүркін қырғынға ұшырап, біртума ұлдарынан айырылды. 

Сонымен қатар бізді бірік­тіретін тағы бір күш – данышпан көшбасшылар: жалпыұлттық лидеріміз Гейдар Әлиев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Екі ұлы тұлға жақын дос болып, Қазақстан мен Әзербайжан байланыстарын ең жоғары деңгейге шығару үшін аянбай қызмет етті.

Мүлдем басқа экономикалық-саяси формациядағы Кеңестік дәуірде туып, алайда кейінірек ұлттық мемлекеттің қалыптасып, дамуына асқан қабілет пен зеректік көрсетіп, туған халық пен мемлекетке жетекшілік ету кез келген кісінің қолынан кел­мейді. Қос лидер өз ұлтының мүддесін бәрінен жоғары қойып, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленуге болатынын дәлелдеді. Нұрсұлтан Назарбаев өте жаңа­шыл тұлға. Ол бір сөзінде: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген еді.

Бүгін екі елдің, екі лидердің достық және бауырластық эстафетасын жалпыұлттық лидеріміздің лайықты ізбасары, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев табысты түрде жалғастырып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев – Еуразия интеграциясы идеясының бастамашысы, жаһандық ауқымдағы саяси қайраткер. 2006 жылдың 26 мамырында Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өт­кен ашық дәрісінде былай деген еді: «Еу­ра­зиялық идея теория секілді өткен ғасырда туды. Бірақ еуразиялық идея тәжірибе жүзінде осы ғасырда жүзеге асады. Еуразияшылдық – ХХ ғасырдың басты идеяларының бірі. Мұны өздеріңіз түсініп, көретін боласыздар. Еуразиялық идеяның Қазақстан бастамасы негізінде орындалған үш басты көрінісі – ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Және бұл үш ұйым мызғымас Орталық, Біріккен Еуразиялық Идеяның тәжірибелік келбеті». 

Бүгінде Президент Н.Назарбаев­тың бастамасымен Қазақ­станда жүзеге асы­рылған бес институттық ре­форманы жүзеге асыру бо­йынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанды барынша дамыған отыз елдің біріне айналдыру үшін тең­десі жоқ дұрыс жолдың айқы­н­­дал­ғанын көрсетіп отыр. Өз сөзін­де «Әр ұрпақтың өз ар­маны бар, оларда тек жеке және отбасылық игілік­терге ғана ұмтылыс көрініс тап­пай­ды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақы­ты туралы аңсары айқын көрі­неді. Ата-бабаларымыз­дың ұрпақтары үшін Қазақ­станның Тәуелсіздігі асыл ар­­ман болып келді. Біз олар­­дың азат және тәуелсіз Отан­ды аңсаған көп ғасырлық қиял­дарын іс жүзіне асырдық. Қазіргі қазақстандық­тар үшін тәуелсіздік көпэтносты қоға­мы­­мыздың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниетімізге қол жеткіздік» деп атап өтеді.

Мемлекет бас­шысы­ның стратегиясына сәйкес «Мәңгілік Ел» идеясы Қазақстанды алға жетелей­тін қуатты құрал сияқты. Бұл жол Қазақ­станның, қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыра беретіні даусыз. Сондықтан Президенттің бас­­тамасын қазақстандықтар шын жүректен қолдайды. 

Жаһандық деңгейдегі басшы қашанда жаһандық ауқымда ойлайды. Елбасы: «Жаһанданған әлемде бас­қа ұлттардың мәдениеті мен дәс­түрін құрметтей біл­ген жөн. Қазақ­станда ұлтара­лық ынтымақ­тас­тық­­тың қадірін білу керек. Қоғам­да тұрақ­тылық біздің дамуы­мыздың не­гізгі алғышарты екенін әрдайым есте ұстау қажет. «Қазақстан» сөзі әлем­­дік сахнада керемет естілуі тиіс, көне еліміздің жас жет­кіншектері жаңа тарихта хал­қымыздың сенім­­ді қа­дам­дарын жүзеге асыруы керек. Ата-бабаларымыз қазіргі Қазақ­стан­ның ұлан-байтақ жерін, өзіндік мәдениетін, дүниетанымын сақтап, бізге мұра етіп қалдырды. Ер­кін­дік­ті сүйетін рухын тарих­тың аяусыз бет­­­бұрыс кез­дерінде жоғалтпай, қиын сы­нақ­тарға ұшыраған бұрын­ғы буын сақтай білді. Осы­лар­дың әрбірі өзінің тарихи миссиясын орындады. ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында ұлы Абай үлкен әлемге терезе ашып, Алашорда тұлға­ларының ұр­па­­ғын оятты. Oлар да өз кезе­­гінде халық­тың сана-сезі­мін оятып, жаңа­шыл идея­лар алға тартқан болатын. 30-40-жылдардың көр­­нек­ті жазу­шы­лары­ның іза­шарына айналып, осы жазу­шылардың шығар­­ма­шы­лық құдіреті арқасында көп ға­­сыр­лық тоқырау, ашар­шы­­лық, соғыс жағ­дайын­да халық өз рухын қорғап, сақ­тай білді», деген еді бір сөзінде.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев­тың маңызды әрі көреген шешім­дері­не де тоқтала кеткен абзал. Оның саясатындағы жарқын бет­тердің бірі – қысқа уақытта тек Қазақстан ғана емес, жалпы Еуразияның іскерлік, мә­де­ни және ғылыми орталығына ай­нал­ған Астананың елорда болып таң­далуы. Былтырғы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде Астана­ның шын мәнісіндегі ғалам­­дық орта­лыққа айналғанына көзіміз жетті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет идеяларының бірі – Каспий теңізін Азов-Қара теңіз бассейнімен қоса­тын ауқымды су жобасы – «Еуразия» ка­на­лы. Бұл канал Каспий маңы мем­ле­кет­теріне, соның ішінде Әзер­бай­жан­ға да әлемдік мұ­хитқа шығуына мүм­кіндік бе­ріп, геосаяси жағдайға түбе­гейлі өзгеріс әкелетін еді.

Қазақстандағы ғылымды 2025 жылға дейін дамыту бағ­дарламасы ғалым әрі Әзербайжан ұлттық ғы­лым академиясының прези­денті ретінде менің де жеке қызығу­шылығымды оятты. Ғылымның дамуы – қоғам­ дамуының негізгі көр­сет­кіштерінің бірі екені бәрі­мізге белгілі. Табиғи бай­лық­тары жоқ мемлекеттер ғылым мен инновацияның арқа­сында бәсе­кеге қабілетті экономика құрды. Қазақ­­стан табиғи ресурстарға бай бол­­ғанымен, олар кейін уақыт өте келе бітеді. Сол себепті Пре­зидент Н.Назар­­баев ин­но­­вацияларға негіздел­ген эко­номика құруды ғалым­дардың ал­дына міндет етіп қойды. Бұл бағ­дар­л­а­ма­ның негізгі бағыттарының бірі халықаралық консор­циум­дарға, Берндегі Орталық Еуро­­па лабораториясына және басқа ғылыми орта­лық­тар­ға қосылуды көздейді.

Қазақстан Президентінің әлі жү­зеге асырылмаған жос­парлары, идея­лары мен мұраттары көп. Оның ең үлкен мақсаты − өз халқының біре­гейлі­гін сақтау, Қазақстан­ды өзіне Отан еткен барлық халықтардың ын­ты­мақта өмір сүруін қамтамасыз ету. Нұрсұлтан Назарбаев ырысы мол Қазақстан жерінде халқын біртұтас, ұлтаралық ынтымақ пен бірлікте бекем ұстап келеді.

Президенттің өзі осы үрд­іс­ті былай сипаттайды: «Ғылым дүниежүзіндегі әрбір ұлттың кем дегенде бір өзін­дік ерекшелігі бар екенін рас­тайды. Біздің өмі­рі­міз де Қазақ­стандағы 100 ұлт­тың кем дегенде 100 ерек­ше және қай­таланбас қа­сиеті бар екенін көрсетеді. Осы­лар­дың барлығы біздің халқы­мы­з­дың өзіндік артық­шылы­ғын құ­райды. Көп ұлтты­лық – біздің жалпы үлкен қазынамыз!»

Ашық, демократиялық мемлекет құрып, іргесін нығайтқан, мыңжыл­дықтар тоғысында қызмет істеп, екі ғасырдың куәсі болған көр­нек­ті саяси қайраткер қыз­меті­нің негізгі ұстынын осы сөз­дер айқын ұғындырып тұр.

Н.Назарбаевтың шыңдал­ған өмір жолы мен шытырман еңбек жолын зерделей келе, Қазақстанның және оның лидерінің тарихи миссия­сына деген сенім бекемделе түседі. Өз халқымен бірге Қазақстанның гүлденуіне қол жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына Ұлы Тәңірі тарапынан көш бастап жүру жазылыпты.

Aкиф Әлизаде, 

Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше