Үкімет • 20 Қараша, 2018

«Нұрлы жол» мен энергия тиімділігіне арналды

439 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру жөніндегі шараларға арналды. 

«Нұрлы жол» мен энергия тиімділігіне арналды

Бөлінген қаражат уақытында игерілді

Алдымен Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл 1 қарашадағы жағдай бойын­ша аталған бағдарламаға бөлінген қара­жаттың 411 млрд теңгесі немесе қаржының 52%-ы игеріл­ген. Бұл – барлық қаржы көзде­рінен қарастырылған қаражат. Рес­публикалық бюджеттің иге­рілу көрсеткіші – 76%. Респуб­ликалық бюджеттен 439 млрд теңге қарастырылған, оның 335 млрд теңгесі немесе 76%-ы иге­рілген. 

− Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша қазір 25 автожол жобасы іске асырылып жатыр. Жалпы 4,6 мың ша­қы­рым жол салу және қайта жөн­деуден өткізу жоспарда, жыл соңында 528 шақырым жол пай­далануға беріледі. Бүгінгі таңда 805 шақырым теміржол күрделі жөндеуден өтті, – деді Р.Дәленов. Келесі кезекте «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдар­ла­ма­сының іске асырылуы туралы Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек баян­дама жасады. Оның айтуын­ша, бағдарлама аясында 7 мың шақырымдық автожол жаңадан салынады деп күтілуде. Сонымен қатар республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автожолды жөндеу жоспарланып отыр. «Бөлінген қаражат есебінен республикалық маңызы бар 2,4 мың шақырым автожол салынып, қайта жаңғыртылса, 7,5 мың шақырым жол жөнделді. Барлық нысанда 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жол құрылысына 95% отандық өндірушілердің материалы пайдаланылды», деді Ж. Қасымбек. Министр келтірген мәліметке сәйкес, Орталық – Оңтүстік дәлізі бойынша Астана-Теміртау учас­кесі аяқталды, келесі жылы Теміртау-Қарағанды және Қа­ра­ғанды қаласын айналып өте­тін жол бөлігі аяқталады. Биыл Қарағанды – Балқаш – Бурыл­байтал – Күрті учаскелерінде жұ­мыс басталды. 2019 жылы Күрті – Қапшағай жолында жұмыс басталмақ. 

− Орталық – Шығыс дәлізі бо­йынша Астана – Павлодар учас­кесінде Шідерті – Қалқаман учаскесін қоспағанда, қозғалыс ашық. 2 жолақ бойынша жүруге болады. Павлодар – Семей және Семей – Қалбатау учаскелерінде Павлодардан шыға беріс жолдан басқа учаскелердің бәрі аяқталған. Бұл жоба 2019 жылы бітпек. Орталық – Батыс дәлізі бойынша Қандыағаш – Мақат учаскесінде жұмыс жүріп жатыр. Биыл Атырау – Астрахань және Қандыағаш – Ақтөбе учаскелерінде жұмыс басталды. Қал­ған учаскедегі жұмыстар келе­сі жылы басталады. Сондай-ақ Қостанай – Денисовка учас­ке­сінде жұмыс жүріп жатыр. Дәліз 2020 жылы толық аяқталады, – деді Ж.Қасымбек. Министрліктің ақпараты бойынша, бастау алған барлық жобалар 2019-2020 жылдары толығымен аяқталады. Биылғы жоспар бойынша 528 шақырым автожол пайдалануға берілмек. Орал – Тасқала, Қордай кентінің айналма жолы, Бейнеу – Ақтау, Балпық би – Талдықорған және Сарқан айналып өту жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталады. 

− Ал ақылы автожолдарды дамыту бойынша, биылғы қазан айынан бастап Ішкі істер министрлігінің жүйелерімен интеграцияланған Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас және Астана – Теміртау учаскелерінде ақы алу жүйелері тестілік пай­далануға енгізілді. Келесі жыл­дың қаңтар айының екінші жартысынан ақы алуды бастау жос­парланып отыр. Бұдан бөлек, 5,9 мың шақырымдық жолға ақы алу жүйесін енгізу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі де бар. Төлемдерді жинау жүйесін монтаждауды келесі жылдан бастау жоспарланды. 2020 жылға қарай ұзақтығы шамамен 6,6 мың шақырым жолға төлем алу жүйесі қосылады, – деді министр. Сонымен қатар Ж.Қасымбек баяндамасында су көлігі саласында құрық портын дамыту іс-шаралары жүзеге асырылып жатқанын айтты. Қуаттылығы 4 млн тонна болатын темір жол терминалы және қуаты 2 млн тонна болатын автомобиль байланысы іске қосылмақ. Нәтижесінде, Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілеті 19,5 млн тоннадан 25,5 млн тоннаға дейін артады деп күтілуде. Ал азаматтық авиация саласында биыл өсімнің оң қарқыны сақталған. Қаңтар-қазан айларында әуе көлігімен 6,7 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға артық. Сондай-ақ аталған сала­дағы оң жаңалықтың бірі, жыл басынан бері қа­зақ­стан­дық жә­не шетелдік әуе та­сы­малдау­шылардың қатысуымен 13 жаңа бағыт ашылды. 

Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Б.Сағынтаев кө­лік-логистикалық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Үкімет басшысы министрлер мен өңірлер әкімдерінің назарын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне аударды. 

– Бұған қатысты тапсырманы Мемлекет басшысы биыл 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген болатын. Қазіргі кезде желілердің тозуы 60%-дан 57%-ға дейін төмен­детілді. Дегенмен, ТКШ нысан­дарын жаңғыртуға бөлінген қара­жат мақсатты пайдалануы тиіс. Үкімет тарапынан қосым­ша шаралар қабылданып жатыр. Барлық мемлекеттік орган­дар аталған мәселені қатаң бақылауға алуы керек, – деді Б. Сағынтаев.

Кәсіпорындар энергия үнемдеуге асығар емес

Энергия тиімділігі мен энер­гия үнемдеуді арттыру сала­сында атқарылып жатқан жұ­мыстар жайында баяндаған Ин­вестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Қазақстанның энергия үнемдеуге арналған 2020 жыл­ға дейінгі стратегиялық да­му жоспары мен «жасыл» эконо­микаға көшу жөніндегі тұжы­рымдамасын тілге тиек етті. 

− Еліміздің ішкі жалпы өнімі­нің энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай кем дегенде 25%-ға және 2050 жылға қарай кем дегенде екі есеге төмендету міндеті тұр. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша еліміздің ІЖӨ энергия сыйымдылығы 2008 жыл­ғы деңгейге қарағанда 18%-ға төмендеді. Сонымен қатар энер­гия тиімділігі картасы құрыл­ды. Онда энергия сервистік ке­лісімшарттардың тетігі арқы­лы іске асыруға дайын энер­гия үнемдеу және энергия тиім­ді­лігін арттыру саласындағы жо­ба­лардың бірыңғай республикалық тізімі жасалды, – деді министр. 

Мемлекет басшысының биыл­ғы Жолдауында кәсіпорындарға энергия тиімділігі талаптарын же­тілдіру тапсырылған-ды. Ж.Қа­сымбектің айтуынша, осы тап­сыр­маны орындау үшін «Энер­гия үнемдеу және энергия тиім­ділігін арттыру туралы» заң­ға тәжірибелік талдау жүргізілді. Бұл ретте мүдделі тараптармен бірлесіп, тиісті заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді. 

Ж.Қасымбектің баянда­ма­­сын­да аталған саладағы сарап­та­малық көрсеткіштер де ай­тылды. Мысалы, энергия үнем­деу бойынша көш басына Пав­лодар облысы шығып, төменгі көрсеткішті Алматы қаласы көрсетіп отыр.

− Министрлік жыл сайын энергия үнемдеу саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мынадай өлшемдер бойынша бағалау жүргізеді: индикаторлар мен міндеттерді орындау, мемлекеттік мекемелер мониторингі, бюджеттік ұйымдарда энергия аудитін жүргізу, тиімді жарықтандыру көздеріне көшу және тағы бас­қалар. Астана қаласын қосқанда 10 өңірдің көрсеткіші орташа. Ал Алматы қаласын қосқанда 5 өңір­де көрсеткіш төмен, – деді ол. 

Талқылаудағы тақырыпты жалғастырған Энергетика минис­трі Қ.Бозымбаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жаңғырту және қай­та құрудан кейін барлық мұ­най өңдеу зауыттарында энерге­тикалық аудит жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Аталған компания 2021 жылға дейін энергия ресурстарын тұтынуды 4,5 млн гигаджоульға төмендетпек. 

− Еліміздегі энергия үнемдеу тапсырмасын Елбасы бірнеше рет атап өткен болатын. Жалпы, өнеркәсіп салаларының энергияны көп қажет етуін азайту жөнінде бізде тек ортақ деректер ғана бар, – деді Б.Сағынтаев тақырыпты қорытындылау барысында. Үкімет басшысы «Самұрық Қазына» АҚ-ын да үнем­шілдікке шақырды. Ол өз сөз­інде «Самұрық Қазына» акцио­нерлік қоғамының басқар­ма төрағасы А.Есімовке де осы мәселеге назар аудару керектігін атап өтті.

– «Самұрық-Қазына» құра­мындағы компаниялардың энергия тұтынуын жөндеу жөніндегі жұмыстарды дұрыс жолға қою керек. Жеңіс Махмұдұлы, сіз­ге осы нақты алгоритмдерді әзір­леуді тапсырамын. Өңір әкім­діктері инвесторлармен және энергияны көп жұмсайтын кәсіп­орындармен жұмысты жандандыруы қажет. Оның ішінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі жо­баларын іске асыру және энергияны үнемдеуді насихаттау жұмысына көңіл бөлінуі тиіс, – деді ол. 

Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің баян­дамасында 2016 жылы Дүниежүзілік банк әлемнің 111 елінің энергия тиімділігі саласындағы мемлекеттік реттеу бағалауын жүргізгендігі туралы айтылды. Бұл рейтингте Қазақстан 32-орынды иеленген. Үкімет басшысы талқылау барысында аталған тізімде Ресейдің 18-ші орында, Қытайдың 19-шы, Беларусьтің 29-шы орында екенін айта келіп, Қазақстанның бұл тізімде кенже қалу себебін сұрады. Қазіргі уақытта тізімдегі елдерден көш ілгері даму үшін нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Өз кезегінде министр, аталған салада жобалар бойынша жұмыс атқарылып жатқанын айта келіп, 2020 жылға дейінгі аралықта, одан кейін 2050 жылға дейін бекі­тілген тұжырымдама барын еске салды. Үкімет басшысы атал­ған мерзімнің арасы тым алшақ екенін сынға алды. Сөйтіп энер­гия үнемдеуге арналған тұжы­рым­даманы қайта қарау тапсы­рылды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»