Білім • 20 Қараша, 2018

Болашақ дәрігерге физика керек пе?

2018 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен үлгілік кә­сіп­тік оқу бағдарламаларын бе­кітті. Осы құжатқа сәйкес меди­ци­налық жоғары оқу орындары жаңа тұрпаттағы оқу жоспары мен оқу бағдарламаларын қолға алды. Әрине жаңа жоспар ғылымның, оның ішінде медицинаның даму ерек­шеліктерін, шетел білім беру жүйесінің педагогикалық жетістік­терін ескере отырып жасалған. 

Болашақ дәрігерге физика керек пе?

 Бірақ жаңа жоспарды қарай отырып, тағы да әттеген-ай дей­міз. Бұрын жоғары ме­дициналық оқу орындарында физика, биофизика, математика пәндері жеке-жеке оқытылып келген бо­латын, кейін бұл пәндер біріктіріліп медициналық биофизика деп аталды. Жаңадан қабылданған жоспарға сәйкес енді бұл пән міндетті түрде оқы­тылатын пәндер қатарынан алы­нып тасталды. Осыған сәйкес көптеген медициналық университеттер аталған пәнді оқу жоспарларына қоспай отыр. Яғни оған бөлін­ген уақытты кли­никалық қажетті пән­­дерге жұмсаған дұрыс деп шеш­­ті. Осы жерде министрліктің шешімі қаншалықты дұрыс, неге негізделіп қабылданды, шетел жоғары медициналық оқу орын­дарында бұл пән оқы­тыла ма деген сұрақ туады. Ал­дымен медициналық биофизика пәні болашақ дәрігерлерге қан­шалықты қажет, қандай теориялық мәліметтер береді, қан­дай дағдыларға үйретеді деген мәселеге тоқталайық.

Адам ағзасында орын алатын көптеген құбылысты шарт­ты түрде ана­томиялық, фи­зио­логиялық, химия­лық және фи­зикалық деп бөлу қалып­тасқан. Соның ішінде жү­рек­тің қан айдауын, көру, ес­ту, сезіну, бұлшық еттің жиырылу және басқа физиологиялық құбы­лыстардың негізі таза физикалық процестерге ке­ліп тіреледі жә­не­ аталған құбылыстарды физи­ка­­ның заңдылықтары арқы­лы ғана түсіндіруге болады. Мы­са­лы, жүректің жиырылуы, кө­ру мен естудің және басқа құ­бы­лыс­тардың соңғы сатысы жү­рек құлақшасындағы синус түйі­ніндегі, көз таяқшаларындағы, құ­лақ­тың Корти мүшесіндегі биопотенциалдың пайда болуын және соның негізінде пай­да болған токтың нерв бойы­мен тарауын биофизика қарастырады. Ал бұл құ­бы­лыстардың басы аталған мү­шелердің жасушасындағы биопотенциалдың пайда болуына тікелей байланысты. Ал оның механизмін ашу биофизиканың басты міндеттерінің бірі. Осын­дай құбылыстардың меха­низмін толық түсіндіру тек биофизика пәнінің міндетіне кіреді. Өйткені жасуша потен­циалының пайда болуы, токтың таралуы, ұлпа кедергісі мен электрлік сыйымдылығы және т.б. құбылыстарды физиологтар немесе анатомдар түсіндіре алмайды, бұл таза физикалық құбылыстар. Осы мәселе кли­никалық оқулықтарда қалай ашылған деген оймен біраз оқулықты қа­рап шықтым, кей­бірінда қате түсіндірілген, кей­бірі механизмін ашып көрсете алмаған. Жүректің жиырылуы мен оның өзгерісін өлшеу мен тіркеуді, яғни ЭКГ-ның негі­зі физикадағы потенциал туралы құбылысқа тікелей байланыс­ты. Ал қан тамырлар жүйе­сінің күйін анықтау, яғни қан та­мырларының қанға толуын­ зерттеу электрореография әдісі де физиканың Ом заңы негізінде жүргізіледі. Мұның да негізінде физикалық құбылыс жатыр, мұндай мысалды көптеп кел­тіруге болады. Қазіргі кезең­де ядролық медицина үл­кен қарқынмен дамуда, оған мысал жеткілікті. Аталған әдіс ар­қылы обыр ауруының пайда болуын жасуша деңгейінде анықтауға қол жеткізілуде, оның қатарындағы инновациялық радиотерапевтік құрал «MR Linac», МРТ, ПЭТ және т.б. диаг­ностикалық әдістердің не­гізі атомдық физикада жатыр. Жалпы медициналық биофи­зика пәні аталған мысалдармен шектеліп қалмайды, оның міндетіне болашақ дәрігерлерді медицинада қолданылатын заманауи диагностикалық және терапиялық құралдармен таныстыру, олар­дың жұмыс істеу принциптерін талдау да жатады. Яғни болашақ дәрігерлерге медициналық техника туралы алғашқы білімнің негізін қалау осы медициналық биофизика пәніне жүктелген. Қа­зіргі кезеңде емдеу ісінде түр­лі дәрі-дәрмекпен қатар, сан алуан физикалық фактор­лар арқылы емдеу де кең тараған. Оған мысал ретінде электро­форезді, Дарсонвалды, ультра жо­ғары жиілікті (УВЧ) атасақ жет­кілікті. Медициналық биофизика пәні осы терапиялық емдеудің физикалық механизмін ашып түсіндіреді, электр өрісі арқылы зарядталған иондардың адам денесі арқылы тарал­уын­ қа­растырады, бұл жерде­ де электр өрісі, Кулон за­ңы,­ ай­­ны­малы және тұрақты ток, элек­тро­магниттік өріс әсерлері­нен адам денесіндегі иондардың өзгерісін қарастырады. Бұл жер­де биофизиканың барлық мүмкіндігін ашып көрсету мақ­сат емес, тек осы мысалдар ар­қы­лы медициналық биофизика пәнінің болашақ дәрігерді заман талабын қанағаттандыратын білікті деңгейдегі маман етіп да­йындауға қажетті пән екен­дігін көрсету болатын.

Көптеген елде көршілес Ре­сей­дің барлық медициналық жо­ғары оқу орындарында, өзім бол­­­ған Түркияның Гази, Ход­­жа­тепе, Чехияның Карлов уни­верситеттерінің медицина фа­куль­теттерінде биофизика пәні оқыты­лады, кей университетте бұл пән 3 жыл оқытылады. Менің медици­налық жоғары оқу орнында қызмет ат­қарғаныма 40 жылға таяды. Соңғы жылдары медициналық факультетке қабылданғандар арасында физика пәнін меңгерген немесе оны аз да болса білетін студенттер жоқ­тың қасы.  Көп жағдайда ауру себептерін анықтауда және оны емдеуде дәрігер өз білі­мі мен тәжірибесімен қатар қазір­гі заманғы диагностикалық және терапевтік медициналық құрал­дар мәліметі мен физи­ка­лық емдеу факторларына сүйе­неді. Яғни медициналық ме­кемелерде, медицина кадр­ларын дайындауда, басқа да салалар­да медициналық техни­ка­ның алатын орны ерекше екендігіне көз жеткізуге болады. Осы жағдайды ескере ке­ле, медициналық жоғары оқу орын­дары үшін дайындалған медициналық биофизика мен арнаулы клиникалық пәндердің оқу бағдарламаларында меди­циналық техниканы оқыту, онымен жұмыс істеу және меңгеру мәселелерін қайта қарап, физи­каның, техниканың және медицина ғылымдарының соң­ғы жаңалықтарын, жаңа тұр­пат­тағы медициналық техникаларды қолдануды жаңа оқу бағ­дар­ламасына енгізіп, болашақ дәрі­гер­лерге осы құралдардың фи­­зи­ка­лық құбылыстар мен заң­дылықтар негізінде қалай жұмыс істейтіндігін қарас­ты­ратын медициналық биофизика бойынша жаңа оқу бағдар­ламасын түзуді және оқу жоспарына енгізу заман талабы екенін ұмыт­паған жөн.

Үсен БАЙЗАҚ, 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы
 
ТҮРКІСТАН

Соңғы жаңалықтар