Аймақтар • 20 Қараша, 2018

Денсаулық сақтауда түйткіл көп

443 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бір дәрігер орта есеппен 1900 адамды қарайды. Қалалық жерде бұл сан 3 мыңға жетеді. Негізінде бір дәрігерге келетін халық жүктемесінің нормативі – 1700. Қазір Атырау облысында 304 учаске бар, дәрігерлер жүктемесінің нормаға сай болуы үшін кем дегенде тағы 20 учаске ашу керек. Медицина саласында маман тапшылығы әлі күн тәртібінде тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыс әкімдігі медициналық жоғары оқу орындарына грант бөлуді қолға алған болатын. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен былтыр 34, биыл 54 мектеп түлегі грантқа ие болды. Өткен жылы өңірге 168, биыл 142 дәрігер келді. Алайда мұнайлы аймақ әлі де маманға мұқтаж. 

Денсаулық сақтауда түйткіл көп

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Мән­шүк Аймұрзиеваның айтуынша, атыраулықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы − 73,2 жас. Биылғы он айда өлім көрсеткіші 2,1 пайызға өскен, әсіресе сәби өлімі 23 пайызға дейін көтеріліп отыр. Мұны басқарма басшысы нәрестелердің шала тууымен байланыстырады. Облыстық перинаталдық орталықта жыл сайын 500-ге жуық бала айы-күні жетпей өмірге келеді. Жыл басынан бері 495 нәресте шала туған. Қазір медицина дамыған, 400 грамдық нәрестенің де жанын сақтап қалуға болады. Дегенмен, бұл да оңай жұмыс емес. Есепте тұрған жүкті әйелдердің 23 пайызының денсаулығында кінәрат бар. Тағы бір мәселе – туберкулез ауруының көрсеткіші едәуір артып отыр. Мұны мамандар екпеден бас тартудың салдары дейді. Биылдың өзінде 408 адам құрт ауруына қарсы екпе салдырмаған.

Облыстық қоғамдық денсау­лықты сақтау департаменті бас­шысының орынбасары Ерболат Уайысов соңғы 3 жылда түскен 153 шағымның жартысынан көбі медициналық қызметтің сапасына байланысты екенін айтады. Соның ішінде ауруханалардың сырқат адамды қабылдаудан бас тартуы, жұмысқа жарамсыздық жө­ніндегі құжатты алудағы қиын­дықтар мен жедел жәр­демнің кешігіп келуі секілді ша­­ғымдар жиі кездеседі. Об­лыстық мәслихат отырысында «Денсаулық» мемлекеттік бағ­­дар­ламасының жүзеге асуы туралы талқылауда Е.Уайысов тағы бір проблеманы айтты.­ Бұл – биологиялық қал­дық­тарды көмуге арнайы орын қарас­тырылмағаны. Аудан­дар­дағы денсаулық сақтау меке­ме­лерінде биоқалдықтарды ғи­марат ауласына төге салу дерек­тері анықталған. Емха­наларда қаң­тарылып тұрған қымбат қон­дырғылардың ахуалы да көңіл көншітпейді. Облыстық ауру­ханадағы жалғыз томограф жарамсыз күйде тұрғанына біраз уа­қыт болды. Соның кесірінен тұр­ғындар жеке емханаларға қаралуға немесе басқа қалалар мен елдерге баруға мәжбүр. 

Жыл сайын денсаулық сақ­тау саласына қыруар қаражат бөлі­неді. Атырау облысында биыл 27,9 млрд теңге осы бағытқа қа­ралды. Саладағы шешімін күткен мә­селелер ретін табарына сен­гіміз келеді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар