Білім • 20 Қараша, 2018

Атырауда 13 мектеп үш ауысыммен оқытады

600 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халық санының көбейгені, қала аумағының ұлғайғаны әри­не жақсы. Бірақ соған қан­ша­­лықты дайынбыз? Мысалы, Аты­рау қаласындағы 7222 балаға ар­нал­ған 13 мектепте қазір 23 378 оқушы білім алып жатыр, яғни үш есе көп. Әсіресе Нұрсая, Алмагүл, Тасқала, Жұлдыз секіл­ді жаңа шағын аудандардағы білім ошақтарында орын тапшы­лығы бар.

Атырауда 13 мектеп үш ауысыммен оқытады

Бұл Елбасы биылғы Жолдауында атап өткен үш ауы­сымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу үшін әлі біраз жұмыс атқарылуы керектігін көрсетеді. «Алдағы екі жылда Атырауда 20 мектеп салу жос­парланып отыр, осылайша үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі, − дейді қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі Фариза Шаңгереева. – Қазір бес мектептің құрылысы жүруде. 8 білім нысаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынады. Жыл соңына дейін екі мектеп пайдалануға беріледі». 

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингі­де мек­­теп­тердегі мұғалім тап­шы­лығы жайлы да сөз болды. Аудан­дар­ды айтпағанның өзінде, Атырау қаласындағы 57 мектепке қазір 305 мұғалім жетпей отыр. Әсі­ресе қазақ тілінде оқы­татын мек­­тептердегі орыс тілі пәні мұға­лі­міне, математика, физика, тарих, технологиядан дәріс беру­­ші­лерге сұраныс жоға­ры. 

Бұл проблеманы шешу үшін де ат­қа­рылып жатқан шара­лар бар. Об­лыс әкімдігі биыл педаго­ги­ка­­лық мамандықтар бойынша мем­лекеттік тапсырыс негізінде 300 мектеп түлегіне грант берді. Келі­сімшарт бойынша грантқа ие бол­ған жастар оқу бітіргеннен ке­йін облыс аумағындағы білім ор­да­ларында жұмыс істеуге міндетті. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ