Әдебиет • 20 Қараша, 2018

Төкпе жырдың төресі - Мұрат Мөңкеұлы

1504 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақындық өнерін айтыс арқылы шыңдап жетілдірген, қазіргі кезеңде өз биігінде қалған тұлға – Мұрат Мөңкеұлы еді. 

Төкпе жырдың төресі - Мұрат Мөңкеұлы

Мұрат Мөңкеұлының Гурьев уезіне (кейбір деректерде «үйез» деп те атайды) қарасты  Қарабау деген жерде кіндік қаны тамған. Қарабау жерінің мағынасы – «қара жылға, сай» деген мағынаны берген. Гурьев уезі Үйшік деп те аталған. Біздің ұғымда «кішкентай үй» деген мағына берсе, қарақалпақ тілінде «аудың балық кіруге жасалған жеке қапшығы» дегенге сайып келеді. Ататегі мал баққан шаруа отбасынан шыққан Мұраттың туысқан ағасы Матай, нағашылары Азамат, Саламат, Сәмет есімді азаматтар өз заманында суырыпсалма ақын болған. Түп-тамырынан дарыған асыл қасиет бозбала шағында айтыс өлкесіне алып келеді. 1860 жылы 17 жасында Жылқышы атты ақынмен айтысқан сөзінде:

«Жігіттің халыққа тиген пайдасын айт,

Сырғия ұрыны айтып неге керек», деп ер-азаматтардың халыққа жасаған жақ­сылығын айтқан. 1863 жылы бала Ораз Өтебайұлымен, 1868 жылы Жас­келеңмен айтысқан. Жантолы, Шолпан, Тыныштық, Қалнияз сынды ақындармен өнер жарыстырған.

Мұраттың атақонысында Есет би өмір сүрген. Айтысқа түсер алдында Есет би ата-бабалардың ізгі істерін, ше­жірелерді біліп қана додаға түсу керектігін айтып, ақыл-кеңесін аямаған. Есет бидің ақыл-кеңесі арқау болды ма, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Асанқайғы, Қазтуған секілді тарихи тұлғаларға рухты өлеңдер шығарған. Мұрат ақынның «Қарасай-Қази» эпостық жырында: «Өткен заманда Мұса деген би болыпты. Мұса биден отыз ұл қалады. Отыз ұлдың ішінде Мамай би болып, ел билейді. Орақ батыр болып, ел қорғайды. Мамай мен Орақ билік пен батырлықты қатар жүргізіп, еліне өте қадірлі болады. Мұса бидің қалған балалары, басы – Қарабатыр, Тілеке, Алшы, Исмайыл, Тобаяқ дегендер болып, бұларды күндейді. Бұлар Орақтың алмас қылышын жасырып алып, түнде Орақ жатқан үйдің есігіне көлденең құрып қойып, ауылды айнала жылқы қуып, «Жау келді! Аттан, Орақ! Аттан!» деп айқай салады» деген сөздер тізбегі кездеседі. Мемлекет қайраткері, энциклопедист-ғалым Халел Досмұхамедов: «Қарасай-Қази» дастанын Мұрат ақын екі күн уақыт шамасында жырлайтын», деп ел ақсақалдарынан естігенін айтады.

«Үш қиян» атты жырында отаршыл­дық­тың салдарынан жойылған хандық тәртіптің мұңын жоқтап: 

«Еділдің бойы – қанды қиян,

Жайықтың бойы – майлы қиян,

Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян,

Адыра қалғыр, Үш қиян!», деп күңіренеді.

Мұрат ақынның шығармаларында Боқ­сақты, Теңгелік, Өгізтау, Бесешкі, Ба­дашы, Қараша, т.б. жер-су атаулары кез­­­деседі. Атыраулық өлкетанушы-та­рих­шы Мақсот Жолжановтың дерек­те­ріне сүйенсек, Боқсақты (кейде Боқсық деп­ те атайды) түркі-моңғолдарға ортақ сөз,­ яғни «шөп-шалам, лас» деген мағы­наны береді.

Мұрат Мөңкеұлының туғанына биыл – 175 жыл. Мұрат ақынның туған жері Аты­рау шаһарында сәулетті ескерткіш бой көтеріп, рухты жырларын насихаттау мақсатында деректі фильмдер түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді. 

Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,

Атырау