Медицина • 20 Қараша, 2018

Жолдау-2018: Табыс артса, өмір сапасы жақсарады

343 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында әлеуметтің әл-ауқатын арттыру бойынша тапсырмалар берілгені белгілі. Соның бірі – еңбек ұжымдарында еңбекақы мөлшерін өсіру.

Жолдау-2018: Табыс артса, өмір сапасы жақсарады

Осыған байланысты қазіргі кезде Ақтөбе облысында нақты іс-қи­­мыл жоспары жүзеге асырылу­да. Бұл іске ең алдымен өңір­дегі ірі және орта кәсіп­орындар мен ком­­­па­ния басшылары бастамашы бол­­ды. Осы орай­да олар еліміз­дегі бар­­лық әріп­­тес­теріне үндеу жолдап оның мәтіні газетіміздің биыл­­­ғы 24 қа­зан күнгі нөмірінде жарияланды.

Өзгеге үндеу жариялаудың жауап­­­кершілігі мен салмағы жо­ға­ры. Өйткені өзгеге үлгіні өзің көр­­­сетуің керек. Қосымша қара­жат ас­паннан алынбайтыны бел­гілі. Ен­деше ақтөбелік кәсіп­орын бас­шы­лары жалақыны өсіру ісін­де нен­дей негіздер мен тұтқа­лар­ға иек арта алады? Ендігі әңгі­мені осы сауал төңірегінде өр­біт­кіміз келе­­­ді. Бұл үшін ең алды­мен кә­сіп­­­­орын­дар мен шағын жә­не ор­та биз­нес субъектілері ара­сын­­­да жал­а­қы­­ның нақты мөл­ше­рі­не тиіс­ті тал­­даулар мен есептер жүр­­гі­­зі­­лу­де. Оны көтеру­дің мүм­кін­­дік­­тері мен әртүрлі жолдары қарастырылуда.

Мемлекет басшысы Жол­дауы­ның өзегінде табыс пен ­тұр­мыс сапасының артуы жал­пы­­лама ұғым емес, мұның өзі әр адамға қа­­тыс­ты екені көр­се­тілген. Тіпті бұл ретте ел тұр­ғын­дарының жасы мен мамандығы да олардың жала­қы­ларының өсуіне кедергі келті­ре алмайды. Рас, табыс тектен-тек кел­мейді. Яғни, аталған категория адам еңбекқор, өз ісінің біліктілігі жо­ғары кәсіби маманы болған жағ­дайда ғана ерекше мәнге ие. Тек осындай кезде кәсіпорын же­тек­шілері олардың еңбегіне лайық­ты жалақы төлемек. 

Өңірдегі «Восход Ариель» ЖШС-нің директоры Сергей Ибатов өз ой-пікірін осылай сабақ­­тады. Хром рудасы мен хром кон­сентратын өндіретін кәсіп­­орында 840 адам жұмыс жа­сай­­ды. Бүгінгі күні олардың ор­­та­ша жалақысы 300 мың тең­ге төңі­ре­гінде. Бір жақ­сысы кәсіп­орын жетек­ші­лері жал­ақыны өсіру жө­нін­дегі Мем­лекет басшы­сының үндеуін күтіп отырмапты. Өйт­кені мұнда тек соңғы екі жыл­дың ішінде еңбек­ақы мөл­­шері 25 пайызға өсі­ріл­ген. Әйт­се де алдағы 2019 жыл­дан бас­тап Елбасы тапсырма­сына орай жалақы мөлшерін тағы да 7 па­йызға өсіруді ойластырып отырмыз дейді кәсіпорын басшысы. 

Сондай-ақ өңірдегі ірі және ор­та­ша кәсіпорын жетекшілері құр жалақы мөлшерін өсіріп қа­на қою­ды мақсат тұтпайтынын жет­­­кізді. Сонымен бірге олар қа­ра­­­­ма­­ғындағы жұмысшыларға жай­­­­лы жағ­дай туғызуды жөн кө­реді. «Біз үшін жұмысшы­лар­дың тұр­­мыс­тық-әлеуеметтік жа­ғ­­дайы, денсау­лығы мен жауап­кер­­­ші­лігі және жұмысқа деген ын­­­та-ықы­ла­сы өте маңызды. Сон­­­дықтан да олар­ға бұл тұрғыда жан-жақ­ты қол­­дау көрсетіп отыр­мыз», дей­ді өңір­­­дегі тағы бір іргелі кәсіп­орын же­­тек­­­шісі «Бабан-құры­лыс» ЖШС-нің директоры Рахиб Азизов. 

Адами капиталдың дамуын басты назарда ұстайтын компания жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қапысыз көңіл бөлуде. Жалақы мөлшерін көтерудің тағы бір мүмкіндігі кәсіпорынға жоғары білікті мамандарды тарту мен оларды тұрақты түрде ұстап тұру болмақ. Бұл үшін өңірегі бірқатар ірі және орта кәсіпорындарда бәсекелестік ынталандыру мен әлеуметтік кепілдіктер жүйесі құрылған. Бұған қоса жұмыс беру­шілер мен қызметкерлер ара­сында ұжымдық шарт-талап­тар орныққан. Қазіргі кезде өңірде төмен жалақы алатын жұ­мыс­шылардың еңбек ақысын көтеру жөніндегі нақты істерге тоқ­тала кетсек, бұл қатарға 278 орта және ірі компания кіре­тінін көреміз. 

Ақтөбе облысы әкімі­нің орын­­басары Олжас Смағұлов­тың ай­туынша, аталған кәсіп­орын­дарда жалақысы 42 500 тең­ге­ден төмен 1046 адам жұ­мыс істейді. Алайда алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның мөлшері 56 пайызға дейін көтерілмек. Қа­зір өңірде жалақыны өсіру мәсе­лелері б­о­йынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Аталған құрылым тек өн­дірістік кәсіпорындардағы емес, сонымен бірге білім мен ме­ди­цина әрі өзге де әлеуметтік сала­­лар­дағы жалақының өсу көрсет­кіш­теріне мониторингтік зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізуде. Тұ­тастай алған­да аймақта бар­­лық меншік нысанында жал­­ақы мөлшері 27 мен 56 п­а­йыз ара­лығында ұлғаймақ. Бұл үшін бірінші кезекте өкі­лет­ті мемлекеттік органдар еңбек ұжымдарындағы бүгін­гі жалақы мөлшерінің жай-күйі­не тиісті бақылаулар жүр­гізіп отыруының маңызы жо­ғары. 

Ал егер бүгінгі күні көр­сең көңі­лің көншитін көптеген ста­тис­­тикалық деректер қайтадан қара­лу қатарына кірер болса, бұ­ған қынжылмасқа болмайды. Әсіресе жұмыс берушілер тара­пы­нан ұсынылған кейбір ақ­па­ра­ттарда осындай теріс көрі­ніс­­тердің кездеспейтініне кім ке­піл­­­дік бермек? Сондықтан жұ­­мыс­­шылары төменгі жалақы ала­­тын кәсіпорындарда тұрақты ап­та­­лық мониторингтік зерттеу­лер жүргізу қажеттілігі туын­дай­ды. Солай болып та жүр. Ай­та­­лық осы зерт­­теулердің кейбір дерек­­те­рі­­не сүйенсек жыл басын­да өңір­­­дегі шағын және орта­ша биз­нес субъек­тілерінің жала­қы мөл­ше­рі 35 пайызға дейін өсіріл­мек. Бұл – бағытта сауда мен туризм са­ла­сында да оң динамика байқалады. 

Қалай дегенде де алдағы жы­лы өңірдегі кәсіпорындар жұ­мыс­шылардың орташа жал­ақы­­ларын көтеретініне сенім мол. Олардың бірқатары оның мөл­шерін 15 пайыздық деңгейде бел­гілесе, ең азы жалақының 5 пайыз­дық өсімін межелеп отыр. Бұл – шама­мен 5 мыңға жуық адам­ның жалақысы орташа есеппен 7-10 пайызға дейін өседі деген сөз. Ал дәл бүгінгі күні жоғары­да аталған нысандарға қосым­ша тағы да отыз кәсіпорын­да жұ­мыс­шылардың жалақы­л­а­рын көтеру мәселелері қарастырылуда.

Түйіп айтқанда, биылғы бе­ре­келі жыл да мәреге таяп келе­­ді. Алдағы жылдың есік қағуы­на да көп уақыт қалған жоқ. Сондық­тан да қазіргі кезде жалақыны өсіру мен оны қайта есептеу үде­ріс­терін тездетудің маңызы зор. Қазіргі күні өңірдегі басты іс-қи­мыл осы мақсатқа бағытталған.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ