20 Қараша, 2018

Түлкінің керуі (Бүркітшінің әңгімесі)

899 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Түлкінің керуі (Бүркітшінің әңгімесі)

Таң бозынан бес-алты кісі саятшылық құрып, атқа қондық. Әуелде күн ашық болатын. Бірте-бірте ауа райы өзгеріп, біз тау бөктеріне жеткен кезде айнала тө­ңі­ректі тұман басты. Сонда да болса қиқулап, аң үркітіп келеміз. Бір уақта таса-тасадан шығып, қаша жөнелген түлкілердің соңынан: «Қан­ды басын бері тарт!» деп, бүр­кіт­тердің томағасын сы­пырдық.

Биіктен шүйлігіп түскен әуелгі қыран лезде қайта сер­піліп, көкке көтерілді. Се­бе­бі, айлалы түлкі тік шапшып, айбар көрсетіп тұра қалған екен. Бүркітшілер мұндайда «Түлкі керді!» дей­ді. Керген түлкіге қыран бірден түсе алмайды.

Бір қызығы, алғашқы екпі­нінен айнып, кері серпіл­ген қыран өзінің жердегі олжасына қайта шүйілгенде тағы бір кедергіге тап болып, электр ба­­­ғаналарының арасындағы сым­ға соғылып, жалт бұрылды...

Міне, осы сәтте әлгі түлкіге екінші бүркіт төне түсіп,  шеңгелін салды. Ал анау, сымға соғылған қыран болса, өз бағы­тынан ауытқып барып басқа түлкіге түсті.

Япыр-ай, аңшылық дегенді қойсаңызшы бұл!.. Түрлі-түрлі қызықтарға тап боласың ғой. 

Өз қыранының сымға соғылып, басқа түлкіге түс­кенін аңдамай қалған бүркітші кейінгі шүйліккен қыранды ажыратып алып жатып:

 – Ой, ой, мынау менің бүр­кітім емес қой! – деп сасқа­лақ­тап, басын шайқай берді.

Біз күліп:

– Апыр-ай, ә?! – деп өп-өтірік таңғалған боламыз.

Міне, жігіттер, аңға шық­қанда осындай-осындай қы­зық­тарды бастан кешіп, әзіл­десіп, күліп жүреміз.

Шіркін, қансонарда атқа қонып, құс салып, аңшылық құрып қайту дегеніңіз, ер аза­маттың көңілін сергітіп, дос­тығын нығайтып, жан дү­ниесіне сәуле түсіретін бір ғанибет қой.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»