Өнер • 20 Қараша, 2018

Павлодарда Елбасының өмірі туралы көрініске әртістер таңдалуда

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Ж.Аймауытов атындағы  музыкалық драма театры және  А.Чехов  атындағы драма театрының әртістері  бірлесіп, Тұңғыш Президент күніне орай театрландырылған драма көрнісітер арқылы мерекелік шара  өткізуге дайындалуда.

Павлодарда Елбасының өмірі туралы көрініске әртістер таңдалуда

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  мәліметінше, Елбасы өмірінен ұсынылатын көріністер  «Тәуелсіздік дәуірі», «Халқыммен бөлісу», «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабтарынан алынады. Қазір  басты рөлге актерлерді іріктеу жүргізілуде.

Қойылымның режиссері-Алтынбек Рахметовтің айтуынша, театрландырылған көріністерде Тұңғыш Президенттің балалық шағы, студенттік кезеңі, Теміртау қаласы және қазіргі жаңарған еліміз  көрсетілмекші.

Барлық қойылымдарға Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театры мен А. Чехов атындағы драма театрының әртістері қатысады.

Әрбір театрландырылған өмір кезеңі музыкалық әуендермен, хореографиямен аяқталады.

Көріністе барлығы 11 ән орындалады. Музыкалық туындыларды Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері мен еліміздің эстрада жұлдыздары ән шырқайды.

Соңында әнші Алтынай Жорабаева өнер көрсетеді.  Өңірде Президент күніне орай концерттер, көрмелер,  Ұлт көшбасшысы туралы фильмдер көрсету, тақырыптық бағдарламалар бар  200-ге жуық  мәдени  шаралар өтеді деп жоспарлануда.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР