Аймақтар • 21 Қараша, 2018

Жоспарланған меже – 100 мың гектар

234 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі әр өңір өзін өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты кешенді іс-шаралар мен бағдарламаларды жүзеге асырса, бұл бүкіл республикада молшылық болуына ықпал ететіні түсінікті. Ақтөбе облысы осындай биік межені алға қойып отыр.

Жоспарланған меже – 100 мың гектар

Аймақта ауыл шаруашылығы өнім­дерін молайтудың негізі ретінде суарма­лы алқаптар көлемін ұлғайту көздел­ген. Өткен қазан айының ортасында Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге сапары кезінде облыс әкімі Бер­ді­­бек Сапарбаев суармалы алқаптар көле­мін 100 мың гектарға жеткізу жос­пар­­ла­нып отырғанын айтқан болатын. Әрине бұл оңайлықпен алына бермейтін биік меже. Бұрын-соңды болып көрмеген көр­с­е­ткіш. Өңір басшысы бұл жоспарды қан­дай мүмкіндікке сүйеніп айтты?

Ақтөбе облысы аумағында үш су қой­масы бар. Бұл су қоймалары жоғарыда ай­тыл­ған 100 мың гектарлық межені ба­ғын­­дыруға негіз қалай алмайды. Де­ген­мен алдағы жылдары аймақта тағы он су қоймасы салынатынын ескерсек, өңір басшысының сөзі тектен тек айтыл­маға­нына көз жеткіземіз. 

Алайда осы басы дырдай істің аяғы қылдай болып бара жатқанын да айтпай кете алмаймыз. Бұған дейін жасалған есептерге қарағанда он су қоймасының әлдеқашан техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, жобалау-сметалық құжаттары әзірленуге тиіс еді, бірақ әлі дайын емес. Тіпті бұл гидроинженерлік нысандардың алдын ала белгіленген алғашқы қазығын қағатын күн де өтіп барады. Бір сөзбен айтқанда, істің қарқыны баяу, кідіріс көп. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстарын пайдалану жөніндегі комитеті тағы бір қозғау салғаны жөн болар еді. 

Суландыру мәселесін су қоймалардың құрылысынан бастауымыздың себебі бар. Аталған гидроинженерлік нысандар іске қосылған кезде облыста суармалы жер­­лердің көлемін екі-үш есеге дейін ұл­­ғай­туға мүмкіндік тумақ. Ақтөбені шөлейт аймақта орналасқан деп ойлайтындар аз емес. Шынтуайтына келгенде өңір өзен-көлге кенде емес. Айталық «ҚазСуШар» РМК Ақтөбе облыстық филиалынан алынған деректерге сүйенсек, об­лыс аумағында отызға жуық үлкенді-кі­ші­лі өзен мен жүзге тарта көл бар. Осы ай­дын­дардағы су ресурстарын ысырапқа жол бер­мей тиімді пайдалана білсе, мұ­ның өзі ырыстың молаюына алғышарт болмақ. 

Ел өңірлерінде кеңестік кезеңде пайдаланылған, кейін ауылшаруашылық құрылымдары ыдырай бастағанда бос қалған суармалы алқаптарды қалпына келтірудің қажеттілігі айқын көрінеді. Себебі қазіргі таңда республика бойынша алға қойған міндет – 600 мың гектарлық бұған дейінгі суландырылған алқапты қалпына келтіру. Өңірлерге тиесілі үлес те осыған кіреді. Ал суландыру қара­жат­­ты көп қажет ететін салалардың бірі бол­­­ған­дықтан, оны жергілікті және рес­пуб­­­­ликалық бюджеттердің мүмкіндігі көтере бермейді. Сондықтан Ақтөбе об­лы­сында бұл іске қажет қаржының бір бөлігі Еуропа қайта құру және даму банкі­нен алынбақ. Атап айтқанда, осы банк займы 16 мың гектарға жуық жер­ді су­лан­дыруға жұмсалады деп жоспар­ланған. 

– Мұндай тиімді тәсіл мен қаржы­лан­­­дыру көзі арқылы жобалық жүйені жаң­­ғыр­­тудың орны ерекше. Осы арқылы құ­ры­­­лыс-монтаж жұмыстарын дер кезін­де әрі с­апалы жүргізуге жол ашылады, – дейді «ҚазСуШар» РМК Ақтөбе облыс­тық фи­­лиа­­лының директоры Бекзат Мәметов. 

Осы әлемдік нормативтер мен стан­дарт­­тарға сәйкес келетін озық жобаларды іске асыру арқылы облыс аумағында суар­­­малы алқаптардың жалпы өнімділігі жы­лы­на 35 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Бұл істің тұрғындарға тигі­зе­­тін тағы бір үлкен пайдасы – жобаны жү­зе­ге асыру 8 мыңға жуық адамды тұ­рақ­­ты жұмыс орнымен қамтуға жағдай жасамақ.

Бұған дейін облыста қолданыстағы суармалы алқаптардың аумағы қосымша 21,5 мың гектарға ұлғайған болатын.  2019 жылы тағы 9 мың гектарға жуық ал­қап­­пен толықпақ. Бұған да Еуропа қай­та құру және даму банкі қаражаты тартылады.

Кеңестік кезеңде облыста 40 мың гектардан астам суармалы алқап игеріл­ген екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­да­ғы жекешелендіру науқаны тұсын­да суа­ру жүйелері мен инженерлік-гидро­тех­ни­калық нысандар істен шы­ғып, алқап­тардың аумағы тарылып қал­ға­ны белгілі. Соңғы жылдары осы олқы­лық­тың орнын толтыру үшін жұмыс атқа­ры­лып жатыр. 4-5 жыл бұрын облыста 12 мың гектар ғана суармалы жер болған. Со­­дан бері бұл үш есеге дейін ұлғай­ды. Бұл жақсы көрсеткіш, әйтсе де оны қана­ғат тұтудың, мүмкіндік шегі деп түсі­нудің реті жоқ. Өңірде алқаптарды кеңей­ту мен тиімді пайдаланудың мүм­кін­діктері мол. Әйтсе де оны өнім өндіру­ші­лердің бәрі бір­дей тиімді пайдаланып жүрген жоқ. Мәсе­­лен, мал азығын әзірлеу ісінде «Айс», «Актеп», «Пригородный», «РадАгро» секіл­ді сау­сақ­­пен санарлықтай аз агрофир­малар ғана суар­малы әдісті тұрақты түрде пайдаланып келеді. Ал қалған агроқұ­рыл­ым­дар ше? Аттары аталған серіктестік­тер­дің тә­жі­ри­бесін облыстағы өзге де ауыл шаруа­­­шы­лығын өндірушілер меңгеруге тиіс. 

Түйіп айтқанда, суармалы жерлер жү­йе­­сін кеңейту – агроөнеркәсіп кешені­нің әлеуетін толық пайдаланудың бір тұт­қа­­сы болмақ. Осынау игілігі мен иірімі мол істің өңірдегі кейбір қырлары осындай. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ