Қазақстан • 21 Қараша, 2018

Б.Көшімбаев: Рухани жаңғырудың қайта түлеген жалғасы көңілімізді демдеп отыр

796 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты төл тарихымыздың тұңғиығын екшеген тамаша мақаласы жарық көрді. Ұлт тарихының ұлағатын ұқтыратын салмақты да салиқалы еңбекті тұшына оқып, тәнті болдық. 

Б.Көшімбаев: Рухани жаңғырудың қайта түлеген жалғасы көңілімізді демдеп отыр

Көне тарихты кеудесінде қымтаған ұлы дала төсінен жылқының жалына жабысып өміршең өркениеттің төрткүл дүниеге тегіс тарағандығын ойлаған сәтте көкірегің уылжып, өне бойыңды масайраған мақтаныш билейді екен. Солтүстік өңірдегі сонау энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысының қойнауын ақтарған кезде жылқы жарықтықтың ең алғаш рет дәл осы жерде басына жүген, арқасына ер салынып, қолға үйретілгендігі мәлім болып отыр. Міне, осы сәттен бастап айбарынан ай ыққан Алаш баласы әлемде үстем болды.

Табиғатына тым жақын, жақсылығын молынан көрген біздің жұрттың жылқы баласын шыбын жанына теңейтін лүпілдеген сезімі бәлкім осы кезден бастау алған шығар. Ет жүрегі елжірей сүйетін перзенттерін «құлыншағым, құлыным» деп айналып-толғанғанда бір керемет мән жатыр емес пе?! Айтпақшы, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Никольское ауылының маңындағы Ботай қонысы талайды таң қалдырған. Дәл осы жерден тастан жасалған көп қырлы жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза тәрізді қару-жарақтардың өте көп табылуы сол дәуірдегі дала төсіндегі өркениетті қапысыз аңғартып тұр. Дәл осы қоныстан табылған 133 мыңға жуық жылқы сүйектері зерттелді. Бір айта кетерлігі, Ботай жылқысының бітім-болмысы, яки сүйектері ежелгі жылқы сүйегінен ерекшеленеді екен. Түбегейлі зерттеуден кейін ғалымдар  Ботай жылқысы қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Яғни, ұлы даланың жел жетпес жүйріктері жабайы жануар емес. Демек, үй шаруасына, жорыққа, саят-серуенге пайдаланылған. Ботай жылқысын қапысыз зерттеу үшін Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары да ат салысты. Ортақ қорытынды мынадай, Ботай қонысы күллі Еуразия кеңістігінде дамыған мал шаруашылығының орталығы болған. Бұл жаңалық құлағы түрік күллі әлемді елең еткізді. Археологиялық экспедицияның жетекшісі Виктор Зайберт Англияның Кембридж университетінде Ботай қонысы туралы лекция оқыды. Сөйтіп, әлем жұртшылығы ұлы даланың ұлылығын ұға бастады.

Қоныстың қойнауында қалғып жатқан құпия көп. Көптігінен болар, отыз жылға жуық зерттелген. Әлі де ашылмаған жұмбағы аз емес. Міне, Елбасы мақаласының маңызы осы арада емес пе?! Өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды тауып берген рухани жаңғырудың қайта түлеген жалғасының осылайша сабақтасуы біздің де көңілімізді демдеп отыр. 

Болат КӨШІМБАЕВ,

Көкшетау қаласының құрметті азаматы