Аймақтар • 21 Қараша, 2018

«Туған жерге тағзым» жобасы Түркістаннан басталды

647 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Отандастар» қоры алдағы бес жыл ішінде экскурсиялық турларды еліміздің өңірлерінде жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Ізгі мақсатты жүзеге асыру Түркістаннан басталды.

«Туған жерге тағзым» жобасы Түркістаннан басталды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдегі отандастарымыз атажұртының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне жақындай түседі. Аталмыш қор ұйытқы болған, Түркістан қаласында басталған, «Туған жерге тағзым» кең ауқымды жобаның міндеті - алыс-жақын шетелдерде, Австрия, Англия, Франция, Швеция, Иран, Қытай, Монғолия, Тәжікстан, Ресей, Белорусь, Өзбекстан және Қырғызстанда тұратын қандастарға арнап, Қазақстанның киелі жерлеріне тарихи-танымдық экскурсиялар сериясын ұйымдастыру. Бұл орайда Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан Баб кесенелері, Түркістанның тарихи мұражайы және өңірдің басқа да көрікті жерлерін таныстыру арқылы қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын насихаттау көзделіп отыр.

Атажұртына келген қандастарды қарсы алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осынау маңызды кездесу Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылып жатқанын айтып, жүзеге асырылып ауқымды жұмыстардан хабардар етті. Ал Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында өткен «дөңгелек үстелде» облыс әкімі «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына 104 нысан ұсынылып, оның ішінен 26 нысан республикалық тізімге енгізілгенін атап өтті. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында атқарылып жатқан істерге тоқталды. Сондай-ақ, жүздесуде «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаев, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, Ұлттық музейдің «Қасиетті Қазақстан» орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев және шет елдік диаспора өкілдері сөз сөйлеп, өткізіліп жатқан шараның маңыздылығын, елді тануға, барымызды бағалауға, құндылықтарды қадірлеуге зор ықпалы тиетінін атап өтті.

Айта кетелік, «Отандастар қоры» «Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсиялар жобасын «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіп отыр.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы