Футбол • 21 Қараша, 2018

«Ақтөбе» футбол клубы сенімді басқармаға берілді

851 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысына сәйкес 2016–2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары бекітілді. Ақтөбе облысы бойынша жекешелендіру нысандарының тізіміне тоғыз коммуналды жекеменшік нысаны кірді, оның ішінде «Ақтөбе» футбол клубы да бар. Елдегі барлық футбол клубы жекешелендіруге жатады.

«Ақтөбе» футбол клубы сенімді басқармаға берілді

«Ақтөбе» футбол клубының электронды саудасы үш рет өткізілген. 2018 жылы 20 қарашада өткен сауда-саттықтың нәтижесі бойынша Смақов Самат Кабирұлы жеңімпаз атанды. Айта кету керек, ол үшінші сауда-саттықтың жалғыз қатысушысы болатын.

Клуб сенімді басқармаға кейін сатып алу құқығымен жеті жылға берілді. Келісім 108 млн теңгені құрады.

Келісімнің шарты клуб қызметінің профилі мен әрекет етуші қызметкерлер құрамының кем дегенде 75 пайызын сақтау  болып табылады және кепілге беруге, соның ішінде жылжымалы және жылжымайтын мүлікке қатысты басқа да әрекеттерге тыйым салынады.

Бұдан басқа, жаңа қожайын клубтың Премьер-Лиганың клубтарға қоятын тәртіптеріне сәйкес барлық міндетті турнирлер мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз етуімен қатар, балалар футболын, соның ішінде облыс аудандарында да аталған спорт түрін дамытуы керек.

Жекешелендіру менеджемент сапасы мен клубты басқару тиімділігін көтеруге, бюджетке түсетін салмақты төмендетуге, жеке инвестицияларды тартуға, сонымен қатар, өңірдегі футбол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше