Қазақстан • 21 Қараша, 2018

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды

690 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістанда шетелдік отандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты еліміздегі киелі жерлеріне тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды. Шараны «Отандастар» Қоры» КЕАҚ, Қоғамдық даму министрлігі мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» атты тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы басталды

Жоба аясындағы алғашқы тарихи-танымдық экскурсия түркі әлемінің астанасы Түркістан қаласында өтті. Шараға 15 шақты алыс-жақын шетелдерден келген (Австрия, Англия, Франция, Швеция, Иран, Қытай, Түркия, Монғолия, Тәжікстан, Ресей, Белорусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан)  30-ға жуық отандасымыз қатысып, оларға Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан Баб кесенелері мен өңірдің басқа да көрікті жерлері таныстырылды.

«Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» жобасы аясында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында дөңгелек үстел болды.

«Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев Атажұртқа жиналған қандас бауырларға сәлем беріп, олармен өткен кездесуі үшін алғысын білдірді. Қор басшысы бас қосу орны ретінде Түркістан қаласын таңдауда ерекше мән барына да тоқталып өтті.

 «Туған жерге тағзым» іс-шарасы Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген Шетелдегі қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Яғни, біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды ешқашан естен шығарған емеспіз. Осыған дәлел ретінде өздеріңіз бүгін халқымыздың рухани мұрасының сарқылмас қазынасы – Түркістанды араладыңыздар. Осының барлығы мемлекет басшылығының, облыс әкімшілігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде, шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық. Бүгінде сол бауырларымыз Қазақстанның азаматы атанып, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр», деді ол.  

Шара барысында шетелдік отандастарымыз «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» арнайы жобасына қатысу мүмкіндігі үшін алғысын білдіріп, өздерін толғандыратын бірқатар мәселелері мен ұсыныстарын да айтып өтті. Мәселен, Франциядағы Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамының басшысы Яшар Динч мырза Наурыз мейрамын әр жылы әр елде өткізуге ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, бірлесіп өткізген ұлттық мейрамның шетелдегі қазақтар үшін салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтауында маңызы зор болмақ. Сонымен қатар, франциялық отандасымыз тіл мәселесінің де өте өзекті екенін жеткізіп, шетелдегі ұстаздар қатарын көбейту керектігін айтты.

Тіл мәселесіне қатысты алаңдаушылықты Тәжікстан еліндегі қазақ диаспорасының өкілі Зәуре Саминова да білдірді. Сонымен бірге, тәжікстандық отандасымыз қазақ тілінде шығатын оқулық-кітаптардың басылымдық нұсқаларына қол жеткізсек деген ниетін айтты. Бұған басты себеп – Тәжікстанның ауылдық жерлерінде жарықтың тәулігіне 2 сағат берілетіндігінен электронды оқулықтарды тұтынудың мүмкін еместігі екен.

Моңғолия-Қазақстан достық және ынтымақтастық одағының төрағасы Бәкей Ағыпарұлы шетелдік қазақтардың басты мәселесі ұлттық-рухани құндылықтарды сақтауға саятынын жеткізді. Осы ретте дүние жүзінде тарыдай шашылған қазақтардың мәселелері мен мұқтаждарын ғылыми тұрғыда зерттеуді ұсынды.

«Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев ұсыныстардың толық тыңдалғанын, олардың мәселелерді шешу барысында ескерілетіндігін жеткізді.

«Отандастар» Қоры», Қоғамдық даму министрлігі және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы «Қасиетті Қазақстан: Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсияларын алдағы бес жыл ішінде еліміздің өзге де өңірлерінде жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Келесі ретте жоба Ақтау, Павлодар, Алматы және т.б. қалаларды қамтитын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдік қандастар тарихи отанының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне жақындай түседі.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше