Тарих • 22 Қараша, 2018

Ақмешіт жерасты мешіті: ХІХ ғасырдағы тарихи дереккөздер бойынша

1652 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Атырау облысы аумағындағы көп­шілікке танымал және өзін­дік ерекше тарихы бар, Қазақ­станның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енген киелі орынның бірі – Ақмешіт қорымы. Қорымның атауы бар­ша қазаққа белгілі тұлға, Маң­ғыстауда жерленген Бекет Мырзағұлұлының (Бекет ата) есімімен тығыз байланыста айтылады, себебі ол осы қорымда XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бас кезінде жерас­ты мешітін салған. Осыған орай, Қазан төңкерісіне дейінгі дерек­көздерде қорымның атауы Ақмешіт-Бекет деп жазылды. Қазіргі кезеңде халық аузында Бекеттің әулиелілігі мен өміріне қатысты біршама аңыз-әңгімелер сақталған. Олардың негізгі бөлігі Ислам қажы Мырзабекұлының құрастыруымен 2008 жылы жарық көрген жинақта кеңінен көрініс тапқан (Бекет ата (иман­дылық-тағылым кітабы). Ақтөбе. 2008. 740 б.). Мен бұл тақырыпқа оралмай, Бекет атаның Ақмешіт­тегі жер асты мешіті туралы орыс дереккөздерінде берілген мә­ліметтерге тоқтала кеткенді жөн көрдім. 

Ақмешіт жерасты мешіті: ХІХ ғасырдағы тарихи дереккөздер бойынша

Бекет әулиеге қатысты дерек­тер­­дің алды XIX ғасырдың ал­ғаш­қы он жылдықтарынан бас­тап орыс зерт­теушілерінің жаз­ба­ларында кез­деседі. Мәсе­лен, 1826 жылы полковник Ф.Берг­тің Үстірт экспедициясына қа­тыс­қан жаратылыстанушы Э.Эверсман өзінің күнделігінде Бекет атаның 4 мешіт салғанын және оның біреуі Жем бо­йында орналасқандығын атап өтеді. Сондай-ақ зерттеуші аталған сапарында әулиенің Оғыландыдағы мешітінде болып, оны дәулетті және діншіл Бекет деген адам салды дей келе, оның 12 жыл бұрын қайтыс болғандығын мәлімдейді (Первые русские научные исследования Устюрта: Сборник материалов. Москва. 1963. 145 стр.). Қазіргі уақытта Бекет әу­лиенің 1813 жылы қайтыс болды деп жүр­­ген мерзімі осы дерекке негіз­делініп алынса керек.

Бекет ата салған жерасты ме­шіті туралы толыққанды және құн­ды мәлімет 1851-1852 жылдары Жем өзені мен Үстірт ара­лығындағы зерттеу жұмысын жүр­­гізген топограф Алексеевтің жаз­басында кездеседі. Топограф Ақмешіт қо­рымындағы жер ас­ты мешітін төмен­дегідей сурет­тейді. «Қорымның өзен жақ бет­кейінде қасқырдың үңгіріне ұқ­сас, адам әзер өтетін саңылау бар. Бұл са­ңылау оңтүстік ба­тысқа қарай жердің түбіне 3 са­женнен (1 сажен – 2,1 метр) көп емес қашықтыққа созылып, әрі қарай диаметрі 2 ½ сажен, биіктігі 4 аршынға (1аршын – 0,7 метр) дейін баратын дөңгелек пішінді (бірінші) бөлмеге апарады. Бөлменің төбесі тегіс күм­безделген, ортасында күннің көзі түсетіндей жіңішке саңылау қалдырылған. Бөлменің кірер жеріне дейінгі екі жағында кө­міл­ген шұңқыр орындары бар. Қырғыздардың (қазақтардың) айтуынша ол тұщы су өнген құдық. Осы бөлменің оң жағында кішкентай бөлме орналасқан, оны бірінші бөлмемен есік бөліп тұр. Есікке үшкір ұшы төмен қарай қаратылған темір асатаяқ қойылған. Бірінші бөлменің оңтүс­тік батыс қа­бырғасында келе­сі бір есік қашап са­лын­ған, ол дөңгелек пішінді ке­ле­сі бөлмеге апарады. Бұл бөл­менің өлшемі ал­дыңғысына қа­ра­ғанда үлкенірек, күм­безі жо­ғары қаратылып, төрт қыр­лы бағанамен тіреліп, ортасы ойылған. Бөлменің қабырғалары тегіс дөңгелек емес, ол 6 сим­метриялық қуыс­тардан тұрады. Оның ішінде есікке қарсы тұр­ғаны жалпағырақ және те­реңірек болғандықтан татар ме­шітіне ұқсайды. Бөлмеде еден жоқ, қабырғалары тегіс емес бол­ға­нымен де, дұрыс жасалған. Үң­гіп салынған мешіттің жері мықты бордан тұрады. Мешіттің бетінде, яғни үстінде бордан екі немесе үш төмпешік үйілген, ол қайтыс болған қырғыздардың (қазақтардың) қабірі секілді. Үйіндіге бірнеше ағаш сырықтар қадалып, оған киімнен жыртылып алынған шүберектер мен жыл­қының қылы байланып, сү­йек­тер үйілген». Топограф бұл әрекеттің барлығын көшпелі­лердің киелі орынды құрметтеу бағытында жасаған діни қадамы деп түсіндіреді. 

Алексеев бұл жерасты (ол үңгір деп жазған еді – М.К.) ме­шітін «50 жыл бұрын Адай руының Мұғал бөлімінің қыр­ғызы Бекет Байтеле Үстірттен Ем­бі (Жем) өзенінің бойын жаз жайлау барысында салған» деп көр­сетеді. Демек ол, мешіттің ХІХ ғасырдың басында пайда бол­ғандығын меңзейді. Ал халық аузын­дағы аңыз-әңгіме жер­ асты мешіттің XVIII ғасырдың 70-жылдары салынғандығын айтады. Соң­ғысы қазіргі кезеңдегі көп­шілік әдебиеттерден көрініс тауып жүр. Деген­мен де, Алек­сеев аталған мәліметті өз ойы­нан емес, Жем бойында көшіп-қо­нып жүрген, жергілікті жердің мән-жа­йын, аңыз-әңгімесін жақ­сы білген сол ке­зеңдегі құй­мақұлақ аталарымыздан ал­­ғанын ескерсек, бұл деректің құн­дылығы аңызға қарағанда әл­деқайда салмақтырақ болады деп есептейміз.

Алексеевтің жазбасын әрі қа­рай тар­қатсақ, Бекет өзінің бос уақытын ер балалардың та­тар­ша сауатын ашуға және иман­дылыққа тәрбиелеуге арнап, қал­ған мезгілін мешітте намаз оқуға жұмсаған. Сонымен қатар Бекет кей жылдары Ақмешітте бір күн­ге жетер тамағымен қыстауға да қалған. Дегенмен, Үстірттен кел­ген ағайындары оны келесі жы­лы аман-есен және жүдеп-жа­дамаған кейіпімен көргенде таң­даныстарын білдірген. То­пограф жаз­басының соңында Бекет атаның өміріне қатысты көп аңыз-әңгімелерге орай Ор­дадағылардың барлығы оны әу­лие санайды деп тұжырымдап және ол 40 жыл бұрын (1811-1812 жж.) Үстірт пен Маңғышлақты жалғастыратын Оғы­ланды деген жерде жерленген деп қоры­тындылайды (Первые русские научные исследования Устюрта: Сборник материалов. Москва. 1963. 281-283 стр.). 

Орыс дереккөздеріне қатысты ес­­керер бір жайт, Бекет ата туралы қа­лам тербегендердің барлығы ол салған жерасты мешіті туралы мәлімет қал­дырғандар қа­тарында А.Дюгамельдің есі­мін атайды. Нақтырақ айтқанда, «Рус­ский архив» жур­налының 1885 жылғы №2 санында (184-187 бб.) оның өмір­баянына қа­тысты жарияланған мақалада Бе­кет ата мен жерасты мешіті ту­ралы мәлімет жазылған деп сіл­теме жасайды. Ал шын мәнінде аталған журналды парақтасақ, онда Бекет ата мен Ақмешіт ту­ралы бірде-бір сөз жоқ (Ав­тобиография Александра Осиповича Дюгамеля//Русский архив. 1885. №2, стр.179-217). Өкі­нішке қарай бұл жаңсақ пі­­кірді кім қалыптастырғаны бел­­­гісіз, дегенмен мақалада не­ жазылғанын көрмей тұрып, оған сілтеме жасаушылар көп. Осы­­­ған орай, ХІХ ғасырдағы Бе­­кет атаның жерасты мешіті туралы то­лыққанды сипаттап жа­зылған бірден-бір дерек топограф Алексеевтің жазбасы екен­­дігін баса айтқан жөн. 

Алексеев мешітті сипаттаумен қатар, суреттерін де сал­ды. Мәселен, оның мешіттің ішкі көрінісін (бірінші бөл­месін) сал­ған суреті алғаш рет 1963 жы­лы шыққан «Первые русские научные исследования­ Устюр­та» ат­ты деректер жина­ғында жарияланды. Алайда топо­графтың Ақмешітке қа­тыс­ты сызбасы тек қана бір суретпен шектелмейді екен. 2014 жы­­лы осы ма­қала авто­рының же­тек­шілігімен Ре­­­сей­дің Мәскеу қаласына ұйым­дас­тырылған архео­графия­лық­ экспедиция барысында­ Ресей мемлекеттік әскери-та­ри­хи архивінің қорындағы Алек­сеевтің Ақмешітке қатысты жаз­баларының ара­сынан бұ­рын-соңды жарияланбаған жер­асты мешітінің қолмен салын­ған­ қосымша 2 суреті табылып, көшірмесі алынды. Оның ал­ғашқысы мешіттің сыртқы көрі­нісі болса, келесісі жерасты ме­ші­­тінің екінші бөлмесінің суреті. Бұл суреттердің сипаты жоғарыда көр­­­­сетілген Алексеевтің жазбасында толық­тай берілген, сол себепті қайталап жазуды жөн көрмедім.

Келесі бір айта кетер жайт,­ Алексеев­тің зерттеуінің нәтиже­сінде Ақмешіт қорымының нақ­ты орналасқан жері ХІХ ғасыр­дың ІІ жартысынан бастап топо­графиялық карталарға енді. Мысалы, 1854 жылғы жарық көрген «Генеральная карта Орен­бургского края и частей Хи­вин­ского и Бухарского владений» кар­тасында қорымның атауы м.Акъ Мечеть (Пекетъ супу) деп белгіленсе, қазіргі Құлшан ата жерасты мешіті м.Акъ Мечеть (Кулъджанъ) ретінде берілді. Бұл жер­де екі мешіттің атауы «ақ» сөзінен басталуы, олардың ақбор тауда (қырда) орналасқандығын ерекшелеп көрсетеді.
Енді ең соңғы мәселе, аталған жер- асты мешіті бүгінде сақталған ба деген сұраққа келсек. Бекет ата мұрасын жинақтаушы жә­не Ақмешіттің бүгінгі имамы Ислам Мырзабекұлы өзінің ең­бе­гінде халық ауызындағы жә­не жеке адамдар жазған аңыз-әңгі­мелерге сүйене отырып, ме­шіт 1937 жылы жарылғыш зат­­тар арқылы құлатылып, оның­ тасын жергілікті халық үй­ са­луға пайдаланған болуы ке­­рек де­ген пікірге тоқталады. (Бе­кет ата (имандылық-тағылым кі­табы). Ақтөбе. 2008. 61-63 б.). Дегенмен, Алексеевтің жоғарыда көрсетілген сипаттамасы мен сал­ған суретіне және қорымның қазіргі аумағына қарай отырып, мешіт туралы келесідей ой қо­рытуға болады. 

Біріншіден, мешітті салу­да­ ешқандай кесек тас пайдала­ныл­маған, себебі, ол бор тауға үң­гіп салынған. Осыған орай, ме­шіт­тің сырт келбеті қазіргі жаңа ме­шіт­тей таспен қаланған емес, тек табиғи төмпешік ретін­де болған. Осыған орай, оның тасын тасып алып кету деген қисынға келмейді.

Екіншіден, мешіт Бекет ата өмір­ден өткеннен кейін пайдаланусыз қалған. Себебі 1852 жы­лы Алексеевтің өзі ме­шіттің кіреберісін, адам әзер сиятын «қас­қырдың ініндей» деп сипаттауы, оның көп уақыттан бері қараусыз қалып, ауа райының әсерінен кірер есігінің та­рылып қалғандығын аңғартады. Егер ол жерде қазіргі кезеңдегідей басында шырақшы отырған болса, бұл кө­рініс Алексеевтің сипаттауынан тыс қал­мас еді. Себебі оның жазбасында ме­шіттің өзі ба­рынша жан-жақты сипатталып жазылған болатын. Осыған орай, мешіттің Қазан төңкерісіне дейін сақталып келгендігі күмән келтіреді. Өйткені  Алексеевтің жазуынша Бекеттің ағайындары мен ұрпақтары оның басына дұға ету үшін жыл сайын Ақ­ме­шіт­ке емес, Оғыландыға жинал­ған (Пер­вые рус­ские научные исследова­ния Устюрта: Сбор­ник ма­териалов. Москва. 1963. 283 стр.). 

Үшіншіден, жерасты меші­ті қира­тылмаған, ол қарау­сыз қал­ғандықтан табиғи жағдайлар­дың әсерінен үйінді болып елеусіз қал­ған. Сонымен қатар ХІХ ғасыр­дың орта кезінен бастап оның айналасы мен үстіне адамдар жер­леніп, зиратқа айналған. Бұл жөнінде Алексеев­тің өзі жо­ғары­да жазған болатын. 

Сондай-ақ Атырау облыстық тари­хи-мәдени мұраны қорғау, қалпына кел­тіру және пайдалану жөніндегі мем­лекеттік инспек­цияның қорында жер­гілікті өл­ке­танушы В.К.Афанасьев бас­­таған Пионерлер үйінің жас архео­лог­тарының 1977 жылы Жы­лыой өңіріне ұйымдастырған экспедициясының есебі сақталған (Экспедиция на Эмбу, март 1977 г.). Экспедицияға қатысушылар атал­ған сапарда Ақмешіт қоры­мына барып, оны фотосуретке түсіреді. Оның ішін­де бір суретте В.К.Афанасьев айналасына кесек тастар қойылып, мата байланған ағаш сырықтың қасында тұр. Өлкетанушы суреттің астында «бұл жерде молда құран оқиды» деп жазған. Егер фотосуретке қарасақ, ол ертеректе салынған зиратқа ұқсайды және жай ғана емес, әулиелі және киелі қабір болған секілді және де ол жер жа­ңадан бой көтерген мешіттің ма­ңында орналасқан.

Соңғы бір ескерер жайт, қазір­гі ке­зеңде жаңадан тұрғызылған мешіт­тің оңтүстік батыс беткейін­де үстінде ойығы бар борлы төм­пе­шік бар. Өткен жылдың кү­зін­де Ақмешітке іс-сапарға барып, ойықты көргенімде оның тереңдігі екі метрдей болатынын аңғардым. Бұл жерді Алексеевтің жоғарыда жазылған мәліметімен салыстырсақ, төмпешік орналас­қан аумақ мешіттің бөлмесі са­лынған орынға келеді. Себебі топограф мешіттің кіреберісі Жем өзені жағынан басталып, одан әрі оңтүстік батысқа қарай жал­ғасатындығын көрсеткен болатын. Сол себепті, жаңа мешіт ғи­мараты жерасты мешітінің дәл үстіне емес, оның Жем өзені беткейіндегі етегіне салынған және оның жұрнағы бүгінге дейін сақталған деп топшылаймыз. 

Мұхамбетқали КИПИЕВ,

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы