Таным • 22 Қараша, 2018

Тереңдігі мен іскерлігі тең тұлға

746 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Адамның ғұмыры өмірдің өрі мен өткелінен тұрады. Тағдыр сыйы талмас еңбек пен табанды ерік-жігерден таралған тамыр іспетті. Біздің буын өкілдері еңбек еткенде болашаққа әрқашан зор сеніммен қарадық. Біздің негізі арманымыз – қазір еңбек етіп жүрген жастар, балаларымыз нық сенімді болғанын қалаймыз. Мемлекет және қоғам қайраткері, абзал азамат Жәнібек Кәрібжановты қазақ елі жақсы біледі. Ол туралы жылы ілтипат айту – мен үшін мақтаныш. Олай болса жетпістің өріне шыққан замандасымыздың өнегелі еңбек жолын санамыздан санамалап бір өткізейік.

Тереңдігі мен іскерлігі тең тұлға

Жәнібек Сәлімұлы еңбекті ерте ен­шілеген, қиыншылықтың бар ауырт­па­лы­ғын бала шақтан белі қайыса кө­терген буынның өкілі. Уақыт сынымен шың­дал­ған өзіндік өмір-өрнегі бар.

Кейбір сырлас­қан сәтте «Туып-өскен ауы­­л­ым Ресей Фе­­де­ра­­ция­сының Ом­бы облысына қарас­ты Шарбақкөл аудан­ын­да­ғы Айбас атты қазақы ауыл еді. Ұлы ата­ларым Әжімбет би баста­ған 15 мың отбасынан тұра­­тын көш Бурабай, Сырымбет, Айыр­­тау өңірлерінен аттанып, Омбы облысының оңтүстік-ба­тыс жа­ғы­­на қоныс аударып, мекен етті. Еліне, халқына сыйлы Әжім­бет би баба­мыз қазақ елі­нің ұлы­ла­ры қатар­ында Түркіс­тан­дағы Ах­мет Ясауи кесе­не­сін­де жерленді. Айбас топы­ра­ғы құнар­лы, қалың ор­ман қорша­ған, өмір сүруге ың­ғай­лы жер», деп еске алады Жәнібек Сәлімұлы.
Шулаған қалың қарағай, сал са­мыр­сындар, ақ қайыңдар бұл жерде өте қою. Ор­нықты ой-пі­кірі, жарасымды жүр­іс-тұрысы Жәнібек Сәлімұлы­ның көр­генді отбасынан шыққан­ды­ғын ай­ғақ­тай түскендей. Әкесі Сәлім өмір бойы мұ­ғалім болып қыз­мет ат­қар­ды, басында матем­­атика, содан соң химия, биология пәндерін оқытты. Еңбек кітап­ша­сын­да бір-ақ жазу бар – «Томар орта мекте­бі­нің мұғалімі» деген. Бала­­ларын адал өмір сүруге бағыт­тады. Бау-бақша салып, жер­мен жұмыс істеуге үйретті. Шеше­сі Халима үлкен қыз­мет іс­темесе де, ұйымдастыруға өте ше­бер, ұқыпты жан еді.

Кәрібжановтар әулетіне ұйытқы болып, 8 бала (2 ұл, 6 қыз) тәрбиеледі. Үл­кені Жәнібек тәуел­сіз қазақ елі­нің мақтанышы болса, кішісі Қай­рат еліміздің танымал аза­ма­ты.

Елуінші жыл­дар­дың жағдайы бел­гі­лі. Соғыстан кейін­гі қиын­дық­тар, тап­­шы­­лық... Жәнібек Сәлім­­ұлы жас кезі­нен оқумен қат­ар жұмыс істеп, үй­де­гі бала­лар­дың үлкені ретінде әке-шеше­сіне қол­ға­быс жасады. Жаз болса қыс­­қа дайындық: шөп шабу, отын жи­нау, көкө­ніс, картоп өсіру, жеміс-жидек жинау, оған қоса сов­хозда жұмыс істеп, ақ­ша табу. Қыста мал бағу, отбасын от­ын-сумен қамтамасыз ету. Оқуды жақ­сы оқыды. Әсіресе матема­тика пәнінен үздік болды. Об­лыстық және облыс­­ара­лық олимп­иадалардың жүлдегері атан­ды. Мек­теп­ті күміс медаль­мен бітір­ді. Осы белесті игеру­ге білім бер­іп, тәрбие­ле­ген ұс­таз­­­­­дары Исақан Саты­балдин, Нар­тай Кемеңгеров, Сүн­нат Райысов, Ғосман Рахымов, Есім Бей­секенов­­тің қос­қан үлестері сүбелі. Өзімен бірге өскен Шора Мұсақаев, Темір­хан және Қайыр­бай Ибраевтар­мен бүгінде етене ара­ла­сып тұрады. Айбас ауылы намысшыл жігіт­­тердің ұясы екен. Еңбектегі тын­­дырымдылығы оны тағ­дыр­дың қиын­­­дықтарынан құт­қарды, қинал­ған сәт­­тер­ден адалдығы алып шықты, тар-талқы­да әділдігі қор­ға­ды. Көптің ал­дында қазақша-орысша шешен сөйлеуі, сауатты сөз саптауы, көпті тың­дата білуі өм­ір жолында көп көме­гін тигізді.

Жәнібек­тің өмірбаяны көпке өнеге боларлықтай. Институт бітіргеннен кейін эко­но­­­ми­калық кибер­не­тика ка­федрасында мұға­­лім болып қа­лу жөн­індегі про­фес­­сор М.Семеновтың ұсы­­ны­­сын қуана қабыл­дады. Бір­ақ мұн­дайда білім дең­гейін кө­те­ру керектігі сөзсіз. Сон­дық­­тан жарияланған кон­кур­с­тан өтіп, Мәскеу­дегі Бүкіл­одақтық кибернетика ғы­­лыми-зерттеу ин­ститу­ты­ның аспи­ран­­тура­сына түсті. Оқу оңай­­ға түскен жоқ. Осы сала­­­ның да­му­ына қомақты үлес қос­қан ака­демик С.Шаталин, профес­сор­лар М.Лемешев, И.Попов, М.Семенов, Р.Хабатовтардан дә­ріс алды. Кеңес ода­ғы ғылым ака­де­мия­сының Орталық матем­а­­ти­­­калық-экономика институтын­да диссертация қорғады, экономика ғылым­­дар­дың кандидаты дәре­жесіне ие болды. Зерттеу тақ­ырыбы − «Ауыл шар­уа­­­шы­лы­ғының механи­ка­лан­дыру үде­рі­сін экономикалық-матема­­ти­калық мо­дель­деу ар­қы­лы зерт­­теу». Ол үшін дина­­ми­ка­лық матема­тика мо­­де­лін құ­­ру әдіс­­­­те­рін із­­дес­­тір­ді. Оқыған-тоқығанын жүзеге асы­ру мақсатында ғы­лым­ның пай­да­сына зәру алыс­тағы ауыл­дар­ға ат­танды. Қызмет ету үшін Қазақ­­станға келді. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі оны маман­дарға тапшы Торғай облы­сы­на жіберді, Арқалықтан 400 шақы­рым қашықтықта тұратын Октябрь ауданындағы «Заря ком­муниз­ма» совхозының бас экономисі болды. Үш жыл бойы шаруашы­лық экономикасын жан-жақты игергеннен кейін, көршілес сов­хозға директор болып тағайындалды. Қиындыққа қайыспау да қайраткерліктің бір қыры емес пе? Мойымайтын жан мұратына жетеді екен. Барлық іскерлік қабілетін көрсете білген Жәнібек Сәлімұлы да көңіліне сақтаған сол кездерге қатысты ойын жан-жақты жалғай түсті. Сол кезеңнің жақсы жағы мен жағым­сыз тұстарын жуып-шаймай ашығын айта алатын білікті маман бола білді. Ол белгілі қайраткерлермен жұмыс істеді, олардың тәжірибелерін бойына сіңір­ді. Күні бүгінге дейін Нико­лай Нефедченко, Мэлс Бабаев, Андрей Моисеенко, Қарамерген Дощанов­тардың игілікті істерін айтып отырады. Атқаратын жұ­мы­­сын ақыл-ойына сүйеніп, жан-тәні­мен бері­ліп іс­тейтін Жәнібек Кәрібжанов – уақытпен санас­пай­тын жан. Президенттің тарихи шешімдері қабылданған қиын кезде қасында болып, еліміз­де­гі айту­лы қай­рат­керге айналды. Облыстарды бас­қарды. Министр де, Премьер-Министрдің орынбасары да, Мем­­лекеттік мүлік ко­ми­те­­­ті­нің төрағасы да, Пар­ла­мент Мә­жі­лісі Тө­р­­а­­ға­­сы­­ның ор­ын­­баса­ры да болды, үлкен сая­сат­кер елші қызметін де абыроймен атқар­ды.

Қазақ­­станның тә­уел­­­­сіз­дік дә­­­уі­­рі бас­­тал­­­ғанда Жәнібек Кәрібжанов Президент Әкім­­ші­лі­­­гін­­де бө­лім бас­ты­ғы, Көкшетау об­­лы­сы­ның әкімі болды.
Міне, осы тұста ат­қар­ған сүбелі істері бүгін­де ел аузын­да. Көкшетау – Щучинск тас жо­лын сал­ды­ру­дағы, Саума­лкөл – Көкшетау – Бурабай су құ­бы­рын тарттырудағы, Шоқан Уәли­ха­нов­тың әжесі Айғанымның ордасын қайтадан тұрғызудағы істерін көкшетаулықтар ұмытқан емес.

1993 жылы Қазақ­стан Рес­публикасы Премьер-Мини­ст­р­і­нің орын­басары бол­­ып тағайын­далды. Бұл жұмыстың негізгі міндеті жекешелендіру және моно­полияға қарсы саясатты жүр­гі­зу ісі еді. Ол Мем­ле­кет­­тік мүлік коми­те­­тінің төр­­аға­лығын қоса атқар­ған уақыт бола­тын. Тәуелсіз ел­дің жаңа экономикалық нарық қатынастарына бет алған ал­ғаш­қы сәттері еді. ТМД ел­де­рінде, әс­і­­ресе көр­ші­лес Ор­та­­лық Азия­да бұл мәсе­ле­нің қар­­қы­ны баяу да бәсең жүр­гі­зіл­ді. Қазақ­­стан шапшаң қар­қын­­мен нарық тәсілдеріне бейім­де­ліп, маңызды реформа үлкен іскерлік­пен жүргізілді. Жәнібек Кәрібжановтың мате­ма­ти­калық үлгіге сала білер па­­йым­ды да білгір экономист екені осы тұста пайдаға асты. Ол асқан ұйымдастырушылық қа­­білетін танытты. Елбасының сенімінен шығып, аз мерзімде тапсырманы орындап шықты. Терең ақылға сүйеніп атқарған істерінің дұрыстығына төреші – уақыт көз жеткізді. 1993-1994 жылдары жаңа реформаларды іске қосып, мемлекеттің эко­н­о­ми­ка­лық, әлеуметтік, өндірістік құрылымдарының базисін жасап, тұғырын бекіту дәуірі бастау алған кез болатын. Кеңестік жос­парлы экономиканың тұралаған, нарықтық экономикаға өту про­цесінің басталған шағы, ха­лық шаруа­­шылығын күр­делі дағ­дарыстан шығару жолын із­дес­тірген кезең еді. Жаппай өз­гер­істер мен күрделі реформалар іске қосылды. 1992 жылдан бастап екі-үш жылдың ішінде мемлекеттік меншіктің он алты мың өндірістік ірі орындары жеке­ше­лендіруге көшті. Сол жылдары меншіктің 80 пайызы жекешелендіріліп, мемлекеттік меншікке барлық шаруашылық өндірістік құрылымдардың 16 пайызы ғана қалды.

Жәнібек Кәрібжанов сол кез­­дері экон­о­ми­калық жаңа ре­­­фор­­ма­­­­­лардың күре­тамыры  – мо­но­полияға қарсы күресті де Премьер-Министрдің орынбасары ретінде байсал­дылықпен, біл­гір­лікпен бақылады. Сол жылдары құрылған кәсіпорындарды акционерлендіру респуб­ли­ка­мыз­дағы құнды қағаз­дардың пайда болуына және оның нары­ғын­ың қалыптасуына үлкен әсер етті. Осындай ауқымды жұмыс­тар бар­ы­сын ел Президенті Н.Назарбаев тікелей басқарып, қажетті шешімдер қабылдады. 

Ауыл шаруашылығы ерекше жобамен жекешелендірілді. Өйткені бұл еліміз халқының 42%-ы үшін тағдыршешті фактор болды. Әртүрлі пікір болды. Ауыл шаруашылығы министрі, кейінірек Премьер-Министрдің орынбасарлығына тағайындалған Жәкең ауылдың реформа кезін­дегі бағ­дар­ын анықтады. Оның ішінде топырақтың құнар­лы­лы­ғын арттыруды, өсімдік және асыл­дандырылған мал тұқымын кеңінен пайдалануды, жаңа технологияларды қолдануды дотация мен субвенция арқылы ынталандыру қажеттігін түсінді. Осы кезде ауылдағы жекешелендіру нәтижесін сараптап, әрі қарай жалғастыруға қажетті іс-шаралар белгіленді. Жерді нарық айна­лымына кіргізу үшін арнайы «Жер туралы» заң жобасы дайындалып, қабылданды. Шаруа қожалықтарының дамуы­на оларға қызмет жасау және өсір­ген өнімдерін өткізуге қажет қ­ұ­ры­лымдарды жасауға ұсыныс берілді. Елді мекендердің әлеу­мет­тік мәселелерін шешуге бағыт­талған жер­гі­лікті өзін-өзі бас­қару және қаржы­ландыру ту­ра­лы жобалар үкіметке ұсы­нылды. Әр кезеңде сегіз жыл­дан астам уақыт үкімет мүше­сі бол­ғанда С.Терещенко, Н.Бал­ғымбаев, Д.Ахметов, С.Әбішев, А.Есімов, А.Жабағин, А.Павлов, О.Жандосов, тағы да басқа танымал азаматтармен қызметтес болды. 

Кадрларды іріктей білуі, адам­­дар­­мен тіл табыса алуы, әр­қай­сысының қабілет-қарымын танып-бағалауы, мамандардың ой-пікір­лерімен санасуы, өмірді көрген жан­дар­дың тәжірибесін тыңдай білуі, өтінішке түсініс­тік­пен қарауы, кемшілікті болдырмау үшін көппен кеңесе білуі, жас мамандарға сенім артуы, қызметке барын салуы, бас­қару­шылық білігін арттыра түскені сөзсіз еді. Мұндай қасиеттерді өмірден – өзі өскен ортаның өнегесінен алып бойына сіңіргені оның азаматтық қайсарлығын танытса, қарапайымдылығы мен кісілігі ел құрметіне бөледі. Осын­­дай үйрену мен ілгері ұм­тылу кезеңін, қызметке кір кел­тір­­меуге деген құштарлығы мен адал­­дығын ең басты абыройлы мін­деті әрі парызы санады.

Ұлы даланың бағы жанып, қазақ халқы­ның мерейі үс­тем бола түсуі үшін аста­на­ны Ал­ма­ты­дан Ақмолаға көшірудің жөні бөлек болатын. Осы кезде талай сыннан өткен Жәнібек Кәрібжановты Президент Ақмола облысына әкім етіп тағайындады. 

Еліміз еңсесін енді тіктеп, алға ұмтылып жатқан шақ. Қаржы тапшы. Бірақ осыған қарамай, қысқа уақыт­­та Ақмола қала­сын ел­­ор­да мәртебесіне сәй­кес­тен­ді­ру қажет болды. Президент­тің тапсырмасы бойынша облыс әкімшілігі қала халқына қолайлы өмір сүруге жағдай жасау жұмыс­тарын жүргізді. Жылу, электрмен үздіксіз қам­­та­­ма­сыз ету үшін екінші жылу-электр орталығы күр­делі жөндеу­ден өтті. Ертіс – Қарағанды каналынан Вячеслав су қоймасына су құбыры тартыла бастады. Көшелер, тұрғын үйлер, олардың аулаларын тәртіпке келтіру қолға алынды. Әуежайдағы ұшақ­тар­дың ұшу-қону жолағы уақыт талабына сай қайта құрылды. Астананың айна­ла­сында жасыл аймақ құры­ла бастады. 5 мың гектар алқап­қа ағаш отырғызылды. Ол күрделі кезеңде қол астында қыз­мет істеп, тәлім-тәжірибесін алып, әр уақытта қолдауына ие бол­ған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз риза. Ол Елбасының саясатын ел ішінде пәрменді жүргізген сарабдал сарбаз. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері – қазақ елінің абызы Бәйкен Әшімов, қазақ­тың біртуар азаматы Мақтай Сағдиев, әйгілі ақын Кәкімбек Салықовпен тығыз араласып, пікір алысып, асыл ақыл­да­ры­на қанықты, оны бүгінде үлкен мәртебе санайды.

Кәрібжанов қай жұмыста бол­­сын өзінің іскерлігін сарқа жұм­сап, аянбай атсалысуын еш бә­сең­деткен емес. Халықтың әл-ауқаты­ның арта түсуі жолында табандылық танытты. Жәнібек Сәлімұлы сүйікті Отанымыздың алдында атқарған жемісті еңбегі үшін «Парасат», «Дос­тық» ор­ден­­дер­імен, «Астана», «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерей­тойлық медальдарымен мара­пат­талған. Адал еңбектің арқауы, абзал азаматтың арлы ісі елеусіз қалмай, елінің құрметіне бөледі. Алғыспен жолы ашылып, ұстамды қырынан көрініп, ерен еңбегімен таза жүріп, айнала­сын­дағылардың ақ батасымен өмір мұраттарына абыроймен жеткеніне ел есінде қалған елеулі істері мен ізгілікті іздері, жүрегінің жалыны мен жеңісті де жемісті жылдары куә екен.

Азаматтың шаңырағы биік болса, ғұмыры да көшелі болады. Тағдыр қосқан сүйген жары Банумен 40 жылға жуық тату-тәтті тірлік кешіп келе жатқан Жәнібек Сәлімұлы өсіп келе жат­­қан ұл­­дары­­ның өмірден өз орнын тапқан­дары­на көзі жетіп, көңілі марқаяды. Жан жары Бану – педагогика ғылымдарының док­торы, профессор. Ал үш ұлы үш шаңырақ иесі. Нұрбегі – Қаз­атомпромда басқарушы директор, Асқар – дипломат, Қазақ­­стан­­­ның Аустриядағы ел­ші­лі­гін­де істейді. Ал Сұлтаны  үлкен ком­пания­да менеджер қыз­метін ат­қарады. 

Жәнібек Сәлімұлы – өмірдің өрінде өнегелі із салып, жетпістің биі­гіне шы­ғып, болашаққа деген сенімін шырақ еткен абзал азамат.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі