Үкімет • 22 Қараша, 2018

Қайрат Әбдірахманов: Әлем мәдениетін жақындастырады

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің тарихымыз – Қазақстан халқын біріктіретін қуатты күш, барлық азаматтарды жігерлендіру көзі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты жүйелі мақаласында аса кө­ре­ген­дікпен халықты тарихқа құр­­метпен қарауға және зерделеу­ге, өткеннен сабақ үйренуге ша­­қы­­рады. Себебі әр халықтың шежі­ресі қаһармандыққа, жеңіс­тер мен трагедияға толы, оны сол кү­йін­де қабылдаған абзал. Ол үшін ғы­лыми тұрғыдағы көзқарас қажет.  

Қайрат Әбдірахманов: Әлем мәдениетін жақындастырады

Дипломат ретінде бұл мәсе­ленің халқымыздың барша әлем­мен – жақын және алыс шетелдермен қарым-қатынас тарихы­на да қатысы бар екендігін атап өткім келеді. Президент Н.Назар­баев Қазақстанның шекаралас мем­ле­кет­термен аумақтық мәсе­ле­­лерін реттеді, көршілес елдер­мен және ірі мемлекеттермен дос­тық және стратегиялық серік­тес­тік қа­ты­настарын орнатты және өзара тиімді аймақтық эко­но­ми­ка­лық ынтымақтастық жү­йе­сін құруда. Тарихтан алған са­бақ­­тар Қазақ­станды жаһан­дық ядро­лық қару­сыздану және тарат­пау, халық­аралық дең­гей­дегі саяси сенім­ділік пен ын­ты­мақ­таст­ық­ты ны­ғайту, қақты­ғыс­тар мен дағ­да­рыс­тарды реттеу мәсе­ле­лерін­­де белсенді әрі батыл пози­ция ұс­тануға, трансұлттық эконо­мика­­лық жобаларды ілгері­летуге жетелейді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Қазақстан халқына ғана емес, халықаралық қауымдастыққа – академиялық топтарға, тарихшыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, мұраж­ай және мұрағат ісінің мамандарына, журналистерге арналған. Нұрсұлтан Назарбаев әлем жұрт­шылығын дала өрке­ниетінің мәдени және тарихи мұрасын зерттеуге қатысуға шақырады. Сол себепті, Сыртқы істер ми­нистр­лігі бұл еңбекті әлемнің көптеген тілдеріне аударады.

Сонымен қатар сыртқы сая­си ведомство Мемлекет басшысы ұсынған тарихи сананы жаңғыртудың барлық жобаларын іске асыруға белсене атсалысады. Өйткені олардың барлығының халықаралық маз­мұны бар. Сыртқы істер ми­нистр­лігі және Қазақстанның ел­ші­ліктері біздің зерттеушілерге аса ірі шетелдік архивтермен жұмыс істеуде қажетті көмек көрсететін болады. «Ұлы даланың ұлы есімдері» – біздің танымал, қадірлі және жер шарының әр түкпірінде ұлағатқа ие ұлы ата-бабаларымыз. Біздің міндетіміз – олардың бейнелерін есте сақтау, олар қалдырған мұраны зерттеу және мәңгі есте қалдыру. Бізді 2019 жылы Астана қаласында Түркологтардың дүниежүзілік конгресін өткізу және түркі тарихын зерттеу бойынша еліміздің және шетелдік ғалымдармен бірлескен үлкен жұмыс күтіп тұр. Дипломаттар мұражайлық және кинематографтық жобаларды іске асыруға, дала фольклоры антологияларын шетел тілдеріне аударуға және біздің ежелгі өнеріміз бен технология­ларымызды әлемдік деңгейде ілгерілетуге дайын.

Бұл жобалар біздің ЮНЕСКО, ИСЕСКО-мен ынтымақтас­тығы­мызды, ТМД-мен, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесімен және басқа да ұйым­дар­мен гуманитарлық саладағы қаты­настарды күшейтіп, байытады.

Біз сондай-ақ қоғамда зор сер­піліс тудырған «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанға жасалған баспасөз турларын ұйымдастыру үдерісін жалғастыратын боламыз. Мұны біз Мемлекет басшысы ұсы­нып отырған еліміздің халықара­лық беделін нығайтуға, қазіргі за­ман­ның мәдениеттерін өзара жақындастыруға және байытуға зор үлес қосатын аса үлкен жұмыс деп есептейміз.

Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ, 

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі