Аймақтар • 22 Қараша, 2018

Батыс Қазақстанда «Асық терапиясы» жобасы басталды

1392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы кітапханалар жыл басынан бері «Асық терапиясы» атты жаңа жоба бастады. Бір қызығы, балаларды ептілікке, мергендікке, тапқырлыққа баулитын ұлттық ойын енді ...латын әліпбиін игеруге көмектесіп жатыр екен!

Батыс Қазақстанда «Асық терапиясы» жобасы басталды

Тың идеяның тууына себепкер болған – Қазталов ауылында Алма Оразбаева атындағы мектептің 4 сыныбында оқып жүрген Арсен Асыланұлы болып шықты. Ол биылғы ақпан айында екінші сыныптан бері жинап жүрген 532 асығын Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханасына сыйға тартқан. Сондағы ойы «бұл асықтың қызығын өзім ғана көрмей, кітапхана келетін өзге замандастарыммен бөлісейін» екен. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғалы бері қазталовтық меценаттар ерекше белсенділік танытып, туған жеріне небір сый-құрмет көрсетіп жатқаны бала жүрегіне де әсер етсе керек. Сөйтіп, он жасар оғылан өз қолындағы ең қымбат «қазынасын» кітапханаға әкеліп берген.

- Кішкентай оқырманымыздан келген керемет сыйды қалай пайдаға асырсақ деп көп ойландық. Арғы заманда асық қазақ балаларының күнделікті ойыны болғанымен, қазір қолданыстан шығып бара жатқаны рас қой. Бастапқыда кітапхана шаралары кезінде оқырмандарымызға асық аттырып, сол арқылы сұрақтарға жауап бергізіп жүрдік. Бұл ойындарға «Асық терапиясы» деп ат қойып алдық. Ал қазір латын графикасын үйретуге осы асық терапиясын пайдаланып отырмыз. Асық арқылы тәрбиелеген жас жеткіншек ұлтының танымынан қол үзбей, ұрпақ сабақтастығын жалғайды деп ойлаймыз, - дейді Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетова.

Бір қызығы, бағзы да жаңа бастама жан-жақты қолдау тапқан. Осы ауданда Ғұмар Қараш атындағы Қараоба мектеп-гимназиясының 3 сынып оқушысы Ердәулет Сержанұлы да өзі жинап жүрген 200-дей асықты ауыл кітапханасына тарту еткен. Басқа ауылдар да қарап жатпады. Сөйтіп Қазталов ауданындағы барлық 46 ауылдық кітапханада «Асық терапиясы» басталып кетті.

Асықпен латын әліпбиін қалай үйренеді? – Ол үшін асықтар түрлі-түсті бояумен боялады. Сосын әр асыққа латын графикасының бір әрпі жазылады. Кітапханаға келген оқырман осы асықтардан өз есімін, қысқа сөздерді жазып үйренеді. Әрі ойын, әрі сабақ.

- Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», - деп жазған еді. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі - ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамның бірі деп есептеймін. Сондықтан мұндай маңызды бастаманы қолдау, оның ел-жұртқа, соның ішінде кішкентай оқырмандарымыздың санасына сіңіруге біз де осындай жолмен үлес қосуды ұйғардық, - дейді Гүлдана Дәулетова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы