Президент • 23 Қараша, 2018

Ұлттық зиялылары Елбасы мақаласы жайлы пікір білдірді

2604 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Ұлттық зиялылары Елбасы мақаласы жайлы пікір білдірді

Тарихқа тағзым

«Егемен Қазақстан» газеті арқылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен танысып, халқымыздың тамыры терең тарихына бойлап, толғанып отыр­мыз. Өткеннен өнеге алып, бола­шаққа бағдар жасау саналы ұрпақтың өнегесі. Ата-баба­ларымыз ұлан-байтақ жерді ұрпа­ғына қалай аманат етсе, біз де келер ұрпағымызға жерімізді ата дәс­түрімізді, салт-мәдениетімізді, тари­­хы­мызды сол қалпында жет­кізуі­міз шарт. Осы мақсатта Елбасы туған халқының бар болмы­сын тереңнен суыртпақтап алдымызға жайып салды.

Төл тарихын бағалай білетін халық­тың болашағы үлкен. Оны наси­хат­тау, маңыздылығын халық­қа жеткізе білу болашаққа деген көзқарасты танытудың басты жолы. Президентіміз: «Бұл – та­рихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады. Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі зама­науи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті» дейді Елбасы өз мақаласында.

Қазақстан тарихындағы мәсе­лесі көп кезеңнің бірі, ол ХХ ға­сыр­дың ортасы, нақтырақ айтар бол­сақ, 1930, 1940, 1950-ші жылдар болып отыр. Осы кезден тарих оқул­ықтарына енбей қалған немесе бұрмаланып жалған ақпаратпен енген қаншама деректер бар. Бұл ретте Елбасы мақалада: «Сансыз көп адамның тағдыры сұраусыз кет­кен оқиғаларға толы бұл кезең­нің шын­дығын бүгінгі таң­дағы отандық тарих­шылар­ымыз­ға қа­рас­тырып, жарыққа шы­ға­­ру­ға мүмкіндік берілуде. Сондықтан ежелгі дəуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын бар­лық отандық жəне шетелдік мұра­ғаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жыл­дық бағ­дарламасын жасауы­мыз қажет», деп үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Осы бағдарламадан кейін Ташкент архивтері мен Орынбор, Омбы, Санкт-Петербург, Мәскеу архив­теріндегі сақтаулы жатқан құжат­­тарға деректанулық тұрғы­д­а талдау жасауға, жинақ­тап, өң­деп, қалың бұқара халыққа оқылымға ұсынуға мүмкіндіктер ашылатын болса «Рухани жаң­ғырудың» ең үлкен серпілісі осы болар еді. 

Дәуір талабына орай туын­даған өркениет талаптарына жауап беру тұрғысында жазылған мақала ілгері басуымызға, ұлт ретінде өткенімізді ойға оралтып, игі жетістіктерге жетуімізге жол ашары анық.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

Әлемдік әдемі әңгіме

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел газеті «Егемен Қазақ­станда» жарияланған «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты жаңа дү­ниесін оқып отырып, әрбір сөзіне, әрбір сөйлеміне, әрбір ой-пікі­ріне, қағидаттары мен тұжы­рым­дарына рахаттанып, әлемдік әдемі әңгіме ретінде қабылдадым.

Шынында да Президент күллі адамзат, бүкіл дүние жүзінің өркениетті қауымы, барша елдер барынша назар аударарлықтай әлемдік деңгейдегі, парасаттың шырқау биігіндегі пайымдарды ортаға салып отыр. Сонымен қатар нақтылы ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы Ұлы дала елінің, қазақ ұлтының, Қазақстан Республикасының орны мен рөлін жан-жақты ай­қын­дап берген. Бұған қоса бүкіл байтағымыздағы рухани жаң­ғыру барысында, алда­ғы уақыт­та нелерді және қалай жү­йеле­мек керектігінің тағылымды тұжы­рымдамасын жасаған.

Бір сөзбен айтқанда, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» сияқты ұлы ұлағат. Текті туынды.
Түркістан облысының құры­луы, оның болашағы, әл-Фараби мен Ахмет Ясауи бабаларымыз, ба­­тыр­лар жыры, өңірімізде жиі кез­­де­сетін қызғалдақ пен сиверс ал­­ма­сына дейін айрықша айтылуы біз­дің қаламгерлерге де қанат бітіреді.

Мархабат БАЙҒҰТ, 

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 

Түркістан облысы

Жаңғырған елдің жарқын бағдары

Елбасының ұлт тарихын­дағы кеңістік пен уақыт өлше­міне, тарихи сананы жаңғырту жайына ерекше тоқталуы қоғамымыздың жаңа белесін, жауап­ты дәуірге қадам басқа­нын аңғартады. Біз алдымен қазір­гі күрделі замандағы әлем мен елдің жасампаздық күрес қағидасының арғы бастауы­нан, қилы жолынан сабақ алып, озығы мен өнегесін бойға сіңі­руіміз керек.

Мемлекет басшысы бұ­рын­ғы еңбектерінде тұтас қоғам­ның және Қазақстанның әр азаматының санасын жаңғыр­тудың бірнеше бағытын атап өткен болатын. Мәселен, бәсе­келік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақ­­тау, білімнің салтанат құруы, эвол­ю­циялық даму, сана­ның ашық­тығы сынды жаңа­шыл ұғымдардың, өмір сүру қағи­дат­тарының мәніне тоқтал­ған-ды. Әсіресе, бұл жайттар «Қазақстан-2050: Стратегия­сы қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тұжырым­дамалық еңбегінде жан-жақты көрсетілген-ді. Оның ішінде халықтың ұлттық сана-сезімі мен қалыптасқан кодын сақ­тай отырып жаңғыруы, жаһан­дану мен неолиберализм үрдіс­тері, өркениеттер тайталасы шарықтаған заманда халық­тың халық болып қалу мәселесі, мемлекет іргесінің беріктігі мен қауіпсіздігі кешенді байып­талған болатын. 

Елбасы бұл мәселелерге неғұр­лым жүйелі және дәйек­ті барудың қажеттігін терең түсініп, ел руханиятын жұмыл­дырған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсы­нып, оны нәтижелі орындатуға мұрын­дық болғанын да мақта­нышпен айтамыз. Осы бағыт­та Отанымызда ерен жұмыс атқарылды. 

Мемлекет басшысының жаңа мақаласы – ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Мақаладағы сү­бе­лі ойлар қатарында ұлт тари­хын­дағы кеңістік пен уақыт, атқа міну мәдениеті, Ұлы далада­ғы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, алма мен қызғалдақ отаны ұғымының мәні, сонымен қатар тарихи сананы серпілту мақсатындағы «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» секілді ұлттық жобалар мен идеялардың қоғам талқысына салынуының және атқарушы билікке тапсырылуының жөні де, жүйесі де айрықша. Бұл – әлем таныған елдің арғы тарихы әлеуетін аңғарту. Бұл – жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның өрісті өресі. 

Қалай дегенде де Ұлы дала­ның жеті қырын айқындау жа­ңа өзгерістер белесіне бастары анық. Бұл бағытта арнайы бағ­дарлама, әдістеме, өзіндік стан­дарты әзірленетіні хақ. Осы істе ұлттық университеттер, жалпы жоғары мектеп пен ғы­лым саласы аянып қалмайды деп сеніммен айта аламын.
Ал тоқсан ауыз сөздің тобық­тай түйініне келсек, Қазақ­стан­ның арғы және бергі өрке­ниет негізін, бүгінгі айрық­ша құбылысын салиқалы сал­­мақ­­таған Елбасының бұл мақа­ласы білім жүйесінің сұ­ра­нымына, отаншылдық си­пат­тың одан әрі артуына әсер береді деп есептейміз. Еуро­центристік көзқарас, жаһандану толқындары, әртүрлі діни және идеологиялық экс­пан­сиялардың шарықтаған уақыт­ында халық­тың төлту­ма мәдениетін сақтап қалу және оны заманауи жетіс­тік­тер­мен мықтап шендестіру – бүгінгі уақыт талабы. Осы­ған байланысты мемлекет және қоғам тарапынан ұлт мәде­ниетін өркендету, төл құн­ды­лықтарды нығайту бағы­тында жұмыстарды жандан­дыруға мол септігі тиері сөз­сіз. Тұжырымдамалық еңбек ғаламдық уақыттың жедел­деуі мен технологиялық жетіс­тіктердің адам айтса сенгісіз жылдамдықпен дамуы кезінде қоғамның ойына ой қосып, жас толқынның үміті мен сенімін арттыратыны шүбәсіз.

Ұлы дала құндылықтары ұлтымызбен жасай беретіні елдік деңгейде айтылғаны – қайсыбір жадағай жаһандану амалдарына нақты жауап.

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі

Қазақстан – Ұлы даланың қарашаңырағы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспетті ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы көп­шілік арасында қызу қол­дау тапты. Өйткені былтыр­ғы мақаланың, ондағы көр­сетіл­ген басымдықтар мен қарас­тырылған жобалар аясында түрлі тарихи, мәдени оқиғалар орын алды, нәтижесінде жеткен жетістіктер де аз болмады. 

Биылғы мақалада Елбасы­мыз өткенімізді екшеп, таразы­лап, болашағымызға бағыт­тал­ған қадамды ерекше сеніммен басуға мүмкіндігіміз де, құқы­мыз да бар екенін атап айтып отыр. Мақалада жан-жақты ой еле­гінен өткізіп, терең зер­де­леуді талап ететін талай мә­селе көтерілді. Бұларды жүзеге асыру барысында атқа­ры­латын жұ­мыстардың да бір тобы бекі­тіліп берілді. Солар­дың ара­сын­дағы қолға алын­ғалы отыр­ған ірі жобалар хал­қы­мыз­дың өткені мен бүгінінің және болашағының алтын көпірі болары сөзсіз. 

Ең бастысы, қазақ деген елдің барын білмейтін, білсе де әдейі көзге ілгісі келмейтін баз­біреу­лер үшін еліміздің кім екенін тайға таңба басқандай етіп таныстырып берді. 

Ұлы даланың Елбасы атап көрсеткен жеті қыры – бүкіл әлем мәдениетіне әсер етті, әлем­дік өркениетке негіз болды. Ал Қазақстан сол Ұлы даланың қарашаңырағы! Демек, қара­шаңырақ атымызға сай, тарихи санамызды жаңғыртып, ұлы даланың тарихын ұлықтайтын ұл мен қыз тәрбиелеуіміз керек. Ұлы дала оғландарының, яғни өз ата-бабасының төл тарихын білген ұрпақтың оны мақтан етері сөзсіз. Ол – жас ұрпақтың рухын көтереді, патриоттық сезімін өсіреді, болашағына сенімді етеді. 

«Ұлы даланың жеті қыры» – ол түгел түркінің жеті қасиеті, жеті ерекшелігі. Ол табан астында пайда болған идея емес, Елбасының ұшқыр ойының елегінен өткен, тәжірибесімен қалыптасқан үлкен саяси ұс­танымының кезекті бір бөлігі. Өйткені бажайлап қарап отыр­сақ, бұл мақаланың осыдан бір жарым жыл бұрын ж­арық көрген «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» стра­­те­гия­лық мақаласының терең­детілген жалғасы екенін бай­қай­мыз. Алдымызға қойған мақсат­тарымызды кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асырып келе жат­қанымызға көз жеткізе түсе­міз. Ал жүйелілік – заңғар биік­терге алып шығатын қа­рыш­ты қадамдардың негізі. 

Мәселен «Архив – 2025» жет­і­жылдық бағдарламасы ежел­гі дәуірден қазіргі за­ман­­ға дейінгі кезеңді қамти­­тын барлық отандық және шетел­­дік мұрағаттар дү­ние­с­іне іргелі зерттеулер жүр­гізу үшін қолға алынбақ. Тарих­шы­­­лар мен деректанушылар, мәде­ниет­тану­шылардан құрыл­ған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара ықпалдастықта жұмыс атқаратын болса, шын­дығында да біраз шаруаның басын қайыруға болады. Және «архив деректерін жай ғана жи­нақтап қоймай, бар­­лық мүд­делі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қол­же­тім­­ді болуы үшін оларды бел­сенді түрде цифрлы форматқа көшіру қажет» деген жолдар жүрегімізге жылы тиіп жат­қаны рас. Шындығында бұл тіпті де кейінге қалдыруға бол­май­тын шаруа, өйткені бүгін­гі бар білім­ді интернет әлемі­нен іздейтін ұрпақ үшін ата-бабасының жүріп өткен жолы мен тарихын тануы – ел болашағы үшін аса ма­ңызды. Бұл мәселе де былтыр­ғы «Цифр­лы Қазақстан» жобасын­да қолға алынған, қарасты­рыл­ған мәсе­лелердің жүйелі жалғасы. 

Мақалада бұдан басқа да түр­ко­логтардың дүниежүзілік кон­г­­ресін ұйымдастыру, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және тех­­но­ло­гиялар музейін ашу, «Дала фолькл­орының антология­сын» жа­­сау, еліміздің өркениет та­­ри­­­хы­­­ның үздіксіз дамуын теле­визия­­­лық сериалдар мен көркем кар­­ти­­налардың арнайы циклін өн­­ді­­ріс­­ке енгізу сынды тарихи, әрі маңызды міндеттері бар бір­­қа­­тар нақты тапсырмалар берілді. 

Ендігі мақсат – осы алға қойылған міндеттерді халыққа пайдалы болатындай етіп жүзеге асыруға атсалысу. Бұл мақала тарихшы, мәдениеттанушы ғалымдар, жалпы көкірегінде оты бар зиялы қауым үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Демек, Жолдауда «Жастар жылы» деп танылған жаңа жыл­­­ды жаңаша мазмұнмен бас­­тауы­­мыз керек. Сондай-ақ Пре­зидент атап өткендей, Жас­тар жылында «классикалық қа­лып­тан тыс, баламалы жастар өнері­нің креативті әлеуетін де пай­да­ланудың мәні зор» деп білеміз. 

Жасыратыны жоқ, кей жағ­дай­ларда жасанды ұраншыл­дыққа бой алдырып, жиыннан-жиын өткізіп, басты бағыттан ауытқып та жататын кездер болып тұрады. Қоғам болғасын да, мұның өзі де заңдылық сияқ­ты көрінеді. Қайткенде де, нау­қан­шылдықтан ада болсақ, осы жолда әрбіріміз аянбай еңбек ете алсақ деген тілек бар. 

Әлібек АСҚАРОВ, 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты