Білім • 23 Қараша, 2018

Таразда 700 түрікмен оқып жүр

416 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзіміздің қазақтардың шет мемлекеттерде білім алуы бүгінде жоғары деңгейде. Ал қазақ жеріне келіп, білім алып жүрген азаматтардың бізге әлі де бір жағынан қызық, бір жағынан таңсық көрінетіні рас. 

Таразда 700 түрікмен оқып жүр

Бір жағынан өзіміз өзгелерден үйреніп қоймай, өзгелерге үйретуді де қолға алғанымызға қуанасың. Тараз қаласында негізінен қазақ көп. Еліміздегі ірі мегаполис болмағандықтан, бұл өңірден көп жағдайда өзге ұлттың өкілдерін жиі кездестіре қою қиын. Бүгінде көне шаһар көшелерінен түрікмен азаматтарын көптеп кездестіруге болады. Сұрастыра келіп, жақсы бір жайды аңғардық.

Бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде 700 түрікмен азаматы білім алып жүр екен. Аталған университет ректоры Ержан Әмірбекұлының айтуынша, жоғары оқу орнының оқытушылары Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерінде болып, еліміздегі білім беру сапасымен таныстырған. Нәтижесінде 700 түрікмен азаматы Тараз қаласына келіп, білім алуға ниет білдірген. Бір қуаныштысы, бұл азаматтардың басым бөлігі қазақ тілінде оқиды. Араларында қазақ тілін жетік білетін түрікмендер де бар. Ал қалған бөлігі ағылшын және орыс тілдерінде білім алуда. 

Бұл азаматтардың бәрі де бүгінде өз есебінен пәтер жалдап тұрады. Олардың қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы да жақсы. Шетелдік азаматтар қазақ жерінде өздерін әрдайым қауіпсіз сезінетіндерін айтады. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлері де түрікмен азаматтарының қауіпсіздігін жіті қадағалайды. Қазақстан және Түрікменстан арасындағы байланыс бүгінде жақсы дамып келеді. Осы орайда аталған жоғары оқу орны келесі жылы Таразда білім алуға құштар түрікмен жастарының санын 1500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы