Президент • 23 Қараша, 2018

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы пікірлер

10680 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына орай Астана қаласы әкімі Бақыт Сұлтановтың модераторлығымен елордада кең көлемді талқылау өтті. Ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша бағамдауға, заман талабына сай өркендей түсуіне жол ашатын ауқымды жобаны іске асыру бағытында келелі әңгіме қозғалды.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жайлы пікірлер

Ұлт мұрасын жаңаша бағамдау

Жиынға Парламент Сенатының депу­т­аты Бақытжан Жұмағұлов, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің ректоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов, тарихшы-ғалым, белгілі архивист Марат Әбсеметов, кино және театр актері Нұрлан Әлімжанов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қаламыздың белсенді азаматтары мен жас­тары қатысты.

– Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласын жариялап, қалың жұрт­шылықты бір серпілтіп тастады. Тари­хы­мы­здың жеті қырын атай отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткені­мізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зер­делеуге үндеп отыр. Біздегі мақсат – өз­деріңізбен ой бөлісіп, ақылдаса отырып, бірге істейтін алдағы шараларымыз­ды айқындап алу, – деген қала әкімі Астана­ның өткені мен келешегіне қатыс­ты жаңа жоспарларды ортаға салды. Оның ай­туынша, Астана қаласы әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, «Бозоқ» тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын 2020 жылға дейін толық аяқтамақ. «Мәдени-туристік және ғылыми-зерттеу халықаралық орталығына ғана емес, сондай-ақ Еуразия даласының археологиялық-этнографиялық көне тарихын зерттеу мақсатында ғылыми-әдістемелік базаға айналдыру жоспарланып отыр», деген Бақыт Сұлтанов Астана­ның ел дамуындағы рөліне айрық­ша тоқталып өтті.

Бұдан кейін сөз алған Сенат депутаты Бақы­тжан Жұмағұлов аталған мақаланың төл руханиятымызды дамытуға ерекше серпін берген «Рухани жаңғыру» ке­шенді бағдарламасының жалғасы екенін, жаңа идеялар арқылы ел болашағын баян­ды ете түсудің шешуші сәті екенін айтып өтті.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы дер кезінде жазыл­ған дүние. Өйткені өз тарихымызды әлем өрке­ниеті тұрғысынан қарап зерделеу қажет. Мықты далалық өркениетіміздің бар екенін әлемге танытқанымыз жөн. Мақаланың әр бөлімі өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра, ойлас­тыра айтылған. Қазақ жұртының тарихи түп-тамыры өте тереңде жатыр. «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға терең де толымды жауап беретін тарихымызды жүйелі түсінуіміз қажет. Мақаладағы көне тарихымызға қатысты негізгі жобалар Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді, – деген ол осы бағыттағы жұмыстарды жетілдірудің жаңа деңгейін айқындаған бастама деп атады.

Елбасы бастамасымен атақты тарихи тұлғалар мен олардың жетістіктерінің құр­метіне ашық аспан астында ескерт­кіш-мү­сіндер қойылатын «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопе­дия­лық саябағын ашуға, «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыруға және мектептер мен барлық өңір­дегі өлкетану музейлерінің жанынан та­ри­хи-археологиялық қозғалыстар құ­р­уға, сонымен бірге Қазақстанның өркен­иеті тарихының үздіксіз дамуын көрсет­етін фильмдердің арнайы циклін өнді­ріс­ке енгізу сияқты бастамаларға қатыс­ты қоғам қайраткерлері нақты ұсы­ныс­тарын айтып, шараның жоғары дең­гейде өтуіне ерекше атсалысатындарын жеткізді. Алдағы уақытта қазақ елінің әлемдік өркениеттегі орнын және үлесін көрсету мақсатында мақалада айтылған ұсыныстар негізінде кешенді іс-шаралар қолға алынатын болады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Ежелгі өркениет өріс алған жер

Шығыс Қазақстанда бірнеше жылдан бері өңірлік археологияны дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Бағдарлама аясында Әбдеш Төлеубаев, Зейнолла Самашев, Карл Байпақов секілді белді археологтермен қатар Ұлан Үмітқалиев, Ерден Оралбай сынды жас ғалымдар облыстың Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Көкпекті, Абай аудандарында қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлер тапқаны белгілі. Осы ретте жоғарыда аты аталған археологтер 21 қарашада «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялан­ған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласын айрықша ықыласпен қабыл­дағанын айтқымыз келеді. «Бұл мақала мен және менің әріптестерім іске асыруға белсенді қатысқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы екен­дігі сөзсіз. Қазақстандықтардың көп­шілігі соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысында жасалған бірегей ашылуларды біледі. Облыс әкімдігінің қолдауы арқылы менің ғылыми жетекшілігім­мен Катонқарағай ауданының Берел қорғандары, Тарбағатай ауданының Елеке Сазы ескі қорымы зерттелді. 2017 жылы жұ­мыс Берелде әйгілі кісі жер­лен­гендігі­­нің ашылуымен аяқталды, бұл жерді журналистер «Дала амазонкасы» деп атап кеткен. Біздің заманымызға дейінгі III ғасырда жерленген ақсүйек ұрпағы жауынгер жас қыздың қабірі арқылы Елбасы өз мақаласында айтқан дала өркениетінің жоғары деңгейде болғандығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берді. 2018 жылы Елеке сазында киімі алтынмен қапталған олжа, 17-18 жас аралығындағы ақсүйек жас жігіттің жақсы сақталған қал­дық­тары табылды. Біз оны ша­мамен біз­дің зама­нымызға дейінгі VIII–VII ғ. ғ. жер­ленген деп есептейміз. Бұқ­ара­­лық ақ­парат құралдарында жаңа «Ал­тын адам» аталып жүр. Бұл ашылулар жыл са­йын шетел сарапшылары мен ға­лым­дары­ның қатысуымен өтетін «Алтай – түр­кі әлемінің алтын бесігі» атты халық­­ара­лық ғылыми-тәжірибелік кон­­ферен­ция­да көпшілікке көрсе­тіле­тін­дігін баса айт­қым келеді», дейді биыл Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауынан тонал­маған «Алтын адамды» тапқан археолог Зейнолла Самашев.

Археолог Мемлекет басшысының мақа­ласы елімізде археологияны дамы­туға тың серпін беріп, жаңа ашылу­ларға жол ашатынын айтады. «Жаңа бағдарлама мен барлық өмірімді арнаған жұмысымның бірнеше қырларымен сәйкес келеді. Бұл Берел қорымынан табылған олжаларда белгіленген «атқа міну мәдениеті» және «аң стилі», елі­міздің шығысында орналасқан керемет әдемі артефактілердегі «Ұлы даланың ежелгі металлургиясы». Осындай құнды дүниелерді археология саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын дамытуға арналған облыстық бағдарлама арқылы алдағы үш жылда тереңірек зерттейтін боламыз», дейді З.Самашев.

Облысымыздың Зайсан ауданын­дағы Шілікті жазығынан «Алтын адам» тапқан археолог, тарих ғылымдары­ның докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаев Елбасы мақаласында айтылғандай салтаттылық және басқа да көшпенділер мәдениетінің қайталанбас жетістіктері ерте темір дәуірі мен неолит, энеолит, қола мәдениеті аясында пайда болып, дамығанын жеткізді. «Жылқыны қолға үйрету де, кейін оны жегу күші ретінде, содан кейін салт жүріске үйрету – осының барлығы біздің жеріміз­де басталып, белсенді жүрді. Бұған, Президентіміз атап өткендей, еліміздің солтүстігіндегі «Ботай» қонысындағы қазба материалдары дәлел. Расында да, ауыздық, ер-тоқым, үзеңгі және т.б. ат әбзелдері, орталығы қашанда ежелгі Қазақстан жері болған Ұлы дала белдеуі аумағында ойлап табылған. 2017 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыс Қазақстан экс­педициясы Тарбағатай таулары ете­гінде Темірсу жерінде бүгінге дейін бел­гі­сіз болған энеолит дәуіріндегі (қола-темір ғасыры) классикалық ескерткіштер­ді ашты. Белгілі болғандай, дәл осы энео­­­лит шын мәнінде жылқыны салт жү­­ріс­­ке үйрету басталған уақыт болып та­былады. Біздің ұлтымыздың Көш­бас­шы­сы, Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті әрқашан туған жер мен елдің тарихына айрықша көңіл бөледі. 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекет­тік бағдарламасын жариялады. Осы бағдар­лама аясында мәдени мұраларды іздеу мен қайта жаңғырту бағытында көп жұ­мыс жасалды. Бағдарлама шең­берінде менің басшылығыммен бір топ архео­лог, Шілікті алқабында патша қор­ған­дарынан бірегей материалдарды ашып, зерттеп, жария етті. Президенттің «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясын­да Шығыс Қазақстан облысында архологиялық зерттеулер басталып, мақ­сатты түрде жүргізілуде. Аймақ бас­шысы Даниал Ахметовтің тікелей бастамасы бойынша біздің зерттеу тобымыз бірнеше жыл қатарынан Шілікті алқабының және Тарбағатай таулары етегінде ерте сақ ескерткіштерінде архео­логиялық қазба жұмыстарын жүр­гізуде. Нәтижесінде біз Шілікті алқа­бында және Қарғыба-Базар алқабында хан қорғандарын аштық. №16 қорғанда екі мыңнан астам алтын бұйым – сақ-скифтік аң стилінде жасалынған, «алтын киімнің» тігілмелі шытыралары анық­талды. «Адам мен табиғаттың өзара қа­ты­насының символы» деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өт­кен­дей, шын мәнінде бұл алтын бұ­йымдар біздің жердегі ежелгі тұрғын­дардың дүниетанымын көрсететін өнер туындыларының құндылығы ретінде ұсынылады», деген археолог биыл облыс әкімінің қолдауымен жалпы көлемі 504 беттен тұратын «Ерте сақ Шілік­ті мәдениеті» атты монографиялық сурет­тердің шығарылатынын тілге тиек етті. 

Бір сөзбен айтқанда, Елбасы мақа­ласы облыста жүзеге асырылып жат­қан өңірлік археологияны дамыту ба­ғ­дар­­лама­сына тың серпін беріп, алд­ағы уақытта өңірден Ұлы даланың ұлы­лығын танытатын құнды жәдігерлер табылады деп сенеміз.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы