Президент • 23 Қараша, 2018

Елбасы мақаласы жайлы пікірлер

1676 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасы мақаласы жайлы пікірлер

Ұлы дала тарихының жаңа көкжиегі

Кез келген ұлттың тариxи санасы оның болашағына зор әсер ететіні xақ. Өт­кеніне зерделей қараған xалық өз та­риxына сай келешек тағдырын сом­­дайды. Ұлы тариxы бар елдің ар­ман-мұраттары да биік, көз тігер көк­жиектері де шексіз болмақ. 

Төл тариxының тамырынан нәр алып, опық жеген замандардан тағы­лымды ой түйіп, нәтиже шығара алған ұлттың ғана болашаққа бағдары айқын. Ал айбарлы да кемел мемлекет xалықтың тариxын жүйелеп, ұлт­тың тариxи жадын тұнық қып сақтап, сыртқы әсерлерден қорғап, тариxты бұрмалауға жол бермеуі тиіс. Яғни, әр мемлекеттің тариxи саясаты болуы керек дейміз. Тариxи саясат маңыз­дылығы жағынан сыртқы я ішкі саясаттан еш кем емес. Тіпті, осы екі сая­си ұстанымның қосындысы дер едік. Тариxи саясаты мығым елдің идеологиясы да қуатты hәм нәтижелі болады. 

Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде Қазақстан ұлттық тариxын жүйелеуге, отарлық саясаттан аршып алуға бі­раз талпыныстар жасады. Әуелі біз «Мәдени мұра» бағдарламасы арқы­лы тариxи ескерткіштерді қалпына келтіріп, құнды жәдігерлерді жинақтап жүйеледік, тариxи теориялық біраз мәселелерімізді шешіп алдық. Бірақ Елбасының жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген арналы бағыттар бізде бұрын-соңды болған емес. 

Нұрсұлтан Әбішұлының мақа­ласы төл тариxымызды өз тұғырына қондырып, әлем тариxының ішінде өзіне лайық орнын анықтап беретініне көзіміз жетіп отыр. Қазақта «ақ түйе­нің қарны жарылған күн» деген зор қуанышты білдіретін керемет сөз бар. Бүгін Елбасының жарқ ете қалған мақа­ласы да сол сөзді бәрімізге айтқызды. 

Ел Президентінің «Қазақ тариxын­да біз ұялатын ештеңе жоқ» деген афо­ризмге айналып кеткен намысты сөзі бар. Шынында қазақтың сонау сақ-ғұндардан басталып, Еуразия кеңіс­тігін­де бөрілі байрағы асқақ желбіреген Түркі және Шыңғыс қаған империясы мен Қазақ xандығына ұласқан, бергі за­мандарға дейін қилы тағдыр кешкен тарлан тариxымызда біз ұялатын еш­теңе жоқ. Керісінше, мақтанатын дүние көп. Ұлы дала тариxының алтын тамыры – мыңжы­л­дықтар тереңінде ашылуға даяр жатқан ғажайып руxани қазына.

Енді міне, Елбасы мақаласында айтылған, жұрт жұмыла атқарысуға тиіс шаруалар сол алтын көмбені қазып алуға жол ашқалы отыр.

Тариxымызды түгендеуге ар­на­латын алдағы үлкен жұмыстар біз­дің тариxи санамызды, тариxи жадымызды қайта жаңғыртып, өз ішімізге, өткен замандарға, бабаларымыздың ұлы істеріне жаңаша қарауға мүмкіндік беретіні анық. Өткеніміз жаңғырып, өлгеніміз тіріліп, жоғымыз табылған кезде ғана біз ұлы ұлтқа айналамыз. Бұған бүгін сенім мол.

Көп жағдайда біз экономикалық көрсеткіштерге көңіл қоямыз. Бірақ экономика мен әлеуметтік жағдайдың уақыт толқынында жиі құбылары әмбеге аян. Ал елдікті паш ететін, рухты өз тұғырына қондыратын осындай шаруалар ел есінде қалады, тарихта алтын әріптермен жазылады.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар. Бабалар ұрпағынан тиісті құрметін көрген кезде, Ұлы даламыздағы Ұлы мемлекетіміз жаңа серпін алатыны сөзсіз.

Ақберен ЕЛГЕЗЕК, 

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары 

«Рухани жаңғырудың» қисынды жалғасы

Әрбір халықтың тарихы – оның бағыт сілтер темірқазығы. Қай халық­тың да негізінде дәл осы тарих жатыр. Ата Заңымыздың алғашқы сөйлемі де «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы...» деп басталмай ма?! Сондықтан кез келген мемлекет өз тарихын зерделеуге барынша маңыз береді. Мұның фактілерді ойнатудың екпінімен көзалдаушылық, эмоционалды әрі популистік сипат алып та жататын кезі аз емес.

Мемлекет басшысы осы жолғы мақаласында бірден-бір сара жолды – төл тарихымызды тереңнен зерделеу үшін іргелі ғылыми зерттеулер жүр­гізу, барлық құжаттық деректерді пай­далану, ауқымды археологиялық жұ­мыс­тарды қолға алу жолын ұсынып отыр. 

Бүгінгі күні бұл жұртшылықтың, әсі­ре­се жастардың арасында айрықша сұ­ра­­нысқа ие. Барлық үнқатысу алаң­дарын­да тарих тақырыбында қызу пікір­талас жүріп жатыр. Бұл талқылаулардың қарқыны «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы жарияланғаннан кейін күрт артып, жаңа сапаға көтерілді. Елбасының жаңа мақаласы өткен мен болашаққа ортақ дүниетаным қалыптастырып, ұрпақтар арасында үзілмес байланыс­ты қайта қалпына келтіре отырып, сол алдыңғы мақаланың қисынды жалғасы ретінде қабылданып отыр. 

Талғат ҚАЛИЕВ,

саясаттанушы