Өнер • 23 Қараша, 2018

Кармине Барбароның «Махаббат алмасы» көрмесі ашылды

1094 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Италия» білім орта­лығы мен «Данте Алигьери» комитеті бірлесіп италия­лық сурет­ші Кармине Барбароның «Махаббат алмасы» деп ата­ла­тын­ көрмесін ашты.

Кармине Барбароның «Махаббат алмасы» көрмесі ашылды

Көрменің «Махаббат ал­ма­сы» аталуы да тегін емес. Сыр­­баз суретші кө­­рік­­ті қа­ланың символы ал­ма екенін мақта­ныш­­пен қа­былдай отырып, өз көрмесіне осындай атау ұсын­ды. Кармине Барбароға Ал­маты сынды керемет қалада жиыр­ма жылдан аса тұру ға­жайып әсер еткен тәрізді. Бұл жер­де ол Қазақстанға, оның хал­қына, шалқар дала­сына деген сағынышын осы суреттермен жеткізген. Өзінің бұл­қынған жүрегін­дегі өмірге, адам­дарға деген­ шексіз махаббатын ол­ шы­ғар­малары арқылы жеткі­зу­ге тырысады.

Карминенің көркем ой­ла­­ры мен ұшқыр идеялары жан-жақ­­тылығымен ерекше­ленеді. Ол монументальды кескін­де­ме,графика, мүсін са­лаларында жұ­­мыс істейді, әрі сонымен бірге пор­трет, натюр­морт және көркем су­реттер салады. 

Екі әлем мен мәдениетте қатар өмір сүретін суретшілер аз емес. Десек те Жерорта те­­­­ңі­зінің жұмсақ климатын қа­таң құрлыққа айырбастау көп­тің таңданысын тудыратын ауыр таңдау екені белгілі. Кар­мине керілген кербез таби­ғаттың келбетін көріп со­лай жасады да. Суретке бе­ріле кі­рісті. Сөйте тұра ол өзі үшін мүл­де жа­ңа әлем – қа­зақ мә­дениетінің әле­міне шы­найы қызығушылығын та­нытып, оны тү­сініп қана қой­май, сезінуге құлшынды. Оның өмірді тануға деген ынтызарлығы ауылдарға сапар шегу, өзінің болашақ кейіпкерлерінің – қарт­­тардың, әйелдердің жүздеріне терең үңілуге, табиғат бояуына қа­ны­ғуға үйір ететінін біледі. «Үш әже» суреті «Ауызашар» ке­зіндегі дастарқан басындағы үш кісінің бейнесі келісті кейіп­телген. Карминенің суреттері пластиканы, қозғалысты тосын жеткіз­ген­­дігімен, түстердің ауысуын нәзік сезіне отырып, ком­позицияға үй­­­­лесімді бере алған­дығымен ерек­шеленеді. Бұл шығармасының мыса­лында суретшінің гармония­ны жақ­сы сезетіндігін, дәс­түр­лі, ұлттық көркемөнер эле­мен­­тін әлемге қазіргі заманғы көз­­­қа­распен ұштас­тыра ал­ған­дығын аң­ғарамыз. Кар­­ми­не Барбаро бізге жа­ңа көз­қа­расымен, ерекше тағды­ры­мен италиялық романтизм мен қазақы менталитетті са­бақтастыра білгендігімен қызықты. Шебердің бізге бұрын­нан таныс әрі үйреншікті та­қы­рыптар мен сюжеттерді жа­ңаша жеткізе ал­ғаны қуан­тады. Бұл көрмеде  оның 80-нен ас­там кескіндемелік шығарма­лары қойылып отыр.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы

Соңғы жаңалықтар