Қазақстан • 24 Қараша, 2018

Өскемендегі кәсіпорын ескі үйінділерге рекультивация жұмыстарын жүргізді

846 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты жұмысын бастаған 1947 жылдан 1997 жылға дейін құрамында күшән бар қалдықтарды кәсіпорынның батыс бөлігіндегі жабдықталмаған аумаққа орналастырып келген еді. 

Өскемендегі кәсіпорын ескі үйінділерге рекультивация жұмыстарын жүргізді

1997 жылы Өскемен металлургия кешені «Қазцинк» ЖШС құрамына өткен соң компания қалдықтарды бұрыннан келе жатқан үйіндіге көмуден бас тартып, 2000 жылы сырты бірнеше қабаттан тұратын арнайы жинақтағыш салынған-ды. 2004 жылы өндіріс орны мемлекеттің қолдауымен ластау орындарын жою мақсатында ескі үйінділерге рекультивация жұмыстарын жүргізді.  Қалдықтарды қорғанышы бар геомембранамен қаптап, құнарлы, қалың топырақпен жауып, шөп егіп, жаңбыр және басқа суларды жіберетін арық жасаған-ды. Бұл жұмыс өз нәтижесін беріп, 2000-2017 жылдар аралығында жер асты суларындағы күшән құрамы 10 есеге төмендеген болатын. Ал 2017 жылы компания өз бастамасымен мамандандырылған ұйымдарды тартып, ескі үйінділерге аудит жүргізді. «Зерттеу барысында сарапшылар кейбір жерлерде қорғау қабаттарының бүлінгенін анықтады. Қоршаған ортаны күшәнмен ластауға жол бермеу үшін ескі үйінділерді рекультивациялаудың бірнеше нұсқалары қаралды. Нәтижесінде біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен қоршаған ортаны қорғау жөнінде ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Үйінді астындағы жер учаскелері «Қазцинкке» уақытша пайдалану үшін берілді. Компания заманауи құрылғылар мен материалдарды пайдалана отырып жасалатын үйіндіні рекультивациялауды  қаржыландыруды өз мойнына алды, - дейді өндіріс орнының бас экологы Қазтай Тәкеев.

Қазіргі уақытта үйіндіні қаптау жұмыстары аяқталыпты. Ал алдағы 5 жыл көлемінде «Қазцинк» мамандары қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізіп отыратын болады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН