Аймақтар • 25 Қараша, 2018

Қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

715 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкшетауда Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні ұйымшылдықпен аталып өтті. Мерекелік шарада Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп, егіншілік және мал шаруашылығы салаларында үздік көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар аудандар мен шаруашылықтар және кәсіпорындар басшыларына, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жекелеген еңбек озаттарына құрмет көрсетті.

Қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

Биыл өңірде 3,4 миллион гектар алқаптың әр гектарынан 13 центнерден дән жиналып, 5,6 миллион тоннадан астам алтын астық қамбаға құйылды. Жиналған астықтың көлемі жағынан облыс республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Картоп пен көкөністің де мол қоры жинақталды.

Мұндай табысқа егіншілік мәдениетін жақсарту және трактор-комбайн паркін қайта жарақтандыру нәтижесінде қол жеткізілді.  Облыста биыл 225 трактор, 229 астық комбайны, 63 егін себу кешені сатып алынды. Бұлардың бәрі шетелдік өнімділігі жоғары техникалар. Тиімділігі көктемгі егіс пен егін орағында айқын аңғарылды.

Облыста оң өзгерістер бар. Биыл 15,1 миллиард теңгенің 13 инвестициялық жобасының іске асырылып жатыр. Өңір өзінің экспорттық әлеуетін де еселеп, қамбаға құйылған 6 миллион тоннаға жуық астықтың 2 миллион тоннасын экспортқа шығару мүмкіндігіне  ие болып отыр. Өңдеуші кәсіпорындар да толық қуатында жұмыс істеуде. Элеваторларға астықтың құйылып алынуы 88 процентті құраса, ет өңдеу қуаты 55, сүт өңдеу қуаты 80 процентке жеткізілді.

Мал шаруашылығында да ілгерілеу аңғарылады. Төрт түлік мал басында өсім бар. Бүгінгі таңда он мың басқа дейін ірі қара мал семіртілуде.

Мемлекет ауыл шаруашылығына субсидия мөлшерін көбейтуде. Мәселен, биыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Үкіметтен 25 миллиард теңгенің тегін субсидиясын алды. Көмектің де қайтарымы болуы керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алға қойып отырған цифрландыру мәселесіне де көп көңіл бөлінуі қажет. Бір қуаныштысы, облыс «Цифрлық Қазақстан» пилоттық жобасына кіріп, салада цифрландыру жұмыстары кең қанат жайғалы отыр. Қазірдің өзінде көптеген егістік алқаптары, сонымен бірге, мал шаруашылығында үш тауарлы-сүт фермасы толық цифрландырылып үлгерілді. Елбасы жоғарыдағы Жолдауында еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру міндетін қойып отыр. Бұл міндетті облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері жақсы түсінуде.

Саладағы бір ерекшелік, биылғы жылы аудандары климаттық жағдайларына және топырақ құнарлылығына байланысты үш аймаққа бөлініп, соның әрқайсысында жарыс жеңімпаздары қарастырылған екен. Осы үш топтың әрбіреуінде астық өндірісі бойынша Жақсы, Сандықтау және Целиноград аудандары жарыс көшін бастап тұр.

Астықтың шығымдылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген Есіл ауданындағы «Заречный» серіктестігі, Сандықтау ауданындағы «Айдос» шаруа қожалығы. Астық қабылдайтын кәсіпорындар озық технологияларды пайдалануда. Үздік астық қабылдау кәсіпорны  Жарқайың ауданындағы «Ақбидай» серіктестігі.  Бір құптарлығы, жиында қарапайым адамдардың еңбегі егжей-тегжейлі аталып өтілді. Қорғалжын ауданындағы «Sara Grain» Агрофирмасы» серіктестігінің комбайншысы Серік Ыбыраев, Бурабай ауданындағы «Бурабай 2007 АФ» серіктестігінің механизаторы Александр Власов, Жақсы ауданындағы «Айбат» серіктестігінің жүргізушісі Мақсұт Нұржанов, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігінің бас инженері Григорий Черненков, Шортанды ауданындағы «Жәкен-1» серіктестігінің бас агрономы Вольфган Загерт өз мамандығының үздігі атанды.

Облыста мал бордақылайтын мамандандырылған кәсіпорындар жүйесі жап-жақсы жұмыс істеп тұр. Осы салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Зеренді ауданы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Егіндікөл ауданындағы «Рост Агро ЛТД» серіктестігінің малшысы Серік Әбілдинге, Ерейментау аудандық ветеринария бөлімінің мал дәрігері Төлеген Сереновқа, Астрахан ауданындағы «Колутон-04 АШК» серіктестігінің бас зоотехнигі Сейілхан Қасеновке, Аршалы ауданындағы «Поис агро фирмасы» серіктестігінің бұзау күтушісі Марина Петриге құрмет көрсетілді.

Облыста Астананың азық-түлік белдеуін қамтамасыз етуге назар аударылуда. Мол өнімнің біразы шетелдерге шығарылуда. Сүт өндіруде Целиноград ауданындағы «Родина» Агрофирмасы», Зеренді ауданындағы «Milk Project» серіктестіктері көш бастап келеді.

Ақық дән аялап, ақтылы мал өсірген ауыл еңбеккерлерінің қаншалықты қарекет етіп жатқандығын жалпақ жұртқа әйгілеген жиын барысында бүгінгінің еңбек баһадүрлері ғана емес, бұрынғы байрақты бәсекеде алдына жан салмаған жампоздар – еңбек ерлері де құрметке ие болды. Республика астығының ширегін өсіріп отырған өлкенің жүйріктері, даңғайыр диқандар дараланған күн болды бұл.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы