Қазақстан • 26 Қараша, 2018

Отандық кәсіпкерлер халықаралық байқауға қатысады

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпкерлер алғаш рет халықаралық «Quality Innovation of the Year» – «Жылдың сапалы инновациялары» байқауына қатысады. Онда елімізде өндірілетін инновациялық медициналық өнімдер, құрғақ топырақты ылғалдандыруға арналған материалдар, өңделген қалдықтардан шығарылған киім-кешек, вакуумды қаптамадағы ет деликатестері таныстырылады. 

Отандық кәсіпкерлер халықаралық байқауға қатысады

Аталған байқауға қаты­су­ға 6 үміт­­кер ниет бі­л­діріп отыр. Қа­­­­­тысушылар өз жо­бала­рын «Атамекен» Ұлт­тық кә­сіп­­керлер па­ла­та­сын­да Дү­ниежүзілік сапа күніне арнал­ған онлай-конференция барысында таныстырды. 

− Бүгінде бизнес өкілдері бә­се­кеге қабілеттіліктің негізгі құралы сапа екенін түсінеді. Шығарылатын өнімнің сапасын үнемі жақсартып отырмаса, ішкі нарықты бірінші қажет­тіліктегі тауарлармен то­­лық­­тыру және экспортқа шы­­ғару мүмкін емес болып барады, – деді «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы хат­шылығының басшысы Лаззат Рамазанова.

«Экофарм» ЖШС – бай­қау­­ға қа­ты­сатын отандық компания­ның бірі. Бұл қан жи­нау және сақтауға арналған бір реттік, сте­риль­ді вакуум­ды түтік шы­ға­ратын Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. 

− Компаниямыз шы­ға­ра­тын өнімді Қазақ­стан­ның барлық дерлік ауруханалары, емханалары мен зертханалары пайдаланады, – деді «ЭкоФарм» ЖШС зерттеу және әзірлеу бөлі­­мінің бастығы.

Майя Сүйіншалиева «Сән индустриясындағы инновациялар» жобасын таныстырды. Іскер ханым қолданыстан шыққан пластик картридждерді қайта өңдеп, оны киім-кешек өндірісіне пайдаланбақ. Мұн­дай киімге креативті суреттер са­лы­нып, көпшіліктің на­за­рын «жасыл экономика» мәселе­леріне тартуды көздейді. Ал ал­­ма­­­ты­лық Қадыржан Мақан­­ғали ет деликатестері өндірісін мықтап жолға қойған. Кәсіпкер аталған бренд шетелде Қазақстанның өнімі ретінде танылғанын қалайды.

− Ита­лия­лық пицца, не­міс со­­­сис­­­калары, чехиялық шұжық­тар туралы білеміз. Тура осылай әлем бізді «қазақ қа­зы­­сымен» тануы керек. Ұлт­тық тағамның дәмділігін жақ­сарттық, оны вакуумды қап­та­мада шығарып жатырмыз. Сақтау мерзімі дели­катестерді шетел­ге экспорттап, қонақтарға ауыз тигізуге, жалпы брендті алға жылжытуға мүмкіндік беріп отыр, – деді Қ. Мақанғали.

Аталған үміткерлер әлем­дік дең­­­гей­­дегі бай­­­қау­ға қатысу ар­қылы Қазақ­­станның әлеуметтік-экономика­лық тұрғыда тиімді жобаларды іске асыруға ниетті екенін тағы бір дәлелдемек.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»