Қоғам • 27 Қараша, 2018

Қант диабеті бүкіл дүние жүзін қусырып барады

1141 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарыштап дамыған технологиялар заманы қолмен атқарылатын жұмыстарды азайтып, адам еңбегін алмастырды. Осының салдарынан қозғалыс аз, адам бір жерде отырып жұмыс істейді, артық тамақ жейді, жаяу жүрмейді. Мәселен, дүние жүзі бо­йынша 1980 жылы қант диабетімен ауыратындар саны 108 миллион болса, 2014 жылы 422 миллионға жеткен.

Қант диабеті бүкіл дүние жүзін қусырып барады

Ұлттық қант диабеті ре­гистрі­нің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті диаг­нозымен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жеткен. Олардың 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауыра­­ды. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Су­са­мыр­ға шалдыққан отан­дас­тары­мыз­дың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген.

Елімізде қант диабе­ті тегін емделеді. Кепілден­ді­рілген те­гін медициналық кө­мек пакеті шең­берінде диа­бетке шалдыққан па­циент­терге 48 түрлі дәрі мен ме­дицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жо­­лақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар. 

«Әр елордалық емха­нада ин­­­фекциялық емес со­зыл­малы ауру­лармен ауыратын науқастар үшін ден­сау­лық мектептері жұ­­­мыс істейді, оның ішінде «Диабет мектебі» де бар», дейді «Әлеу­меттік медициналалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ас­тана қаласы бойынша фи­лиа­лы­ның директоры Нұр­лыбек Қабдықапаров.

Диабет – зат алмасу про­цесінің бұзылуынан болатын эндокринді аурулар тобына жатады. Ал инсулин – көмірсу ал­масу процесіне тікелей жа­уап беретін гормон. Онсыз қант ағзадағы жасушаларға сіңбей, қан құрамында қалып қояды. Салдарынан жүйке тін­дері мен орган­дар жұмысы бұзылады. Жал­пы, инсулин – әбден зерттелген гормон. Соған қарамастан диабеттің пайда болу себебі әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Әдетте дәрігерлер мұны тұқым қуа­лау­шылықпен байланыс­ты­рады. Сондай-ақ диабет ұй­қы безі аурулары, гепа­тит неме­се өзге де аутоим­мун­дық сыр­­­қат­­тар, дұрыс тамақтанбау мен зиянды әдет салдарынан пай­да болуы да мүмкін. Бұл дерт­ке шалдыққан адамдардың ағ­за­сында глюкозаның сіңу процесі өзгереді.

Диа­­бет­­­тің нег­із­гі сим­птом­­дары­­ның бі­рі – ги­пер­гликемия неме­се қан­дағы қант деңгейінің көтерілуі. Оған шалдыққан адам үне­мі шөлдеп жүреді, кіші дә­рет­ке шектен тыс көп барады, шаршағыш келеді, себеп­сізден себепсіз арықтай бастайды. Аяқ-қолдың жан­сыздануы мен ауыруы да – сусамыр белгілерінің бі­рі. Қан құрамында қант көбейіп кеткеннен кейін жүй­ке жүйесі зақымданып, диа­беттік нейропатияға ұла­сады. Дер кезінде дұрыс диаг­ноз қойылса, мұны тоқ­та­туға, тіпті емдеп жазуға да болады. Уақтылы емделмесе, аяқ-қолдың ауырғаны күшейіп, жазылып бітпейтін жаралар пайда болады. Екін­ші тип­те­гі диабет бастал­ғанда науқастың көру қа­біле­ті нашарлап, көз алды тұ­ман­данады. Тиісінше емделмесе, пациент көз жанарынан мүлдем айырылып қалуы мүмкін.

Әлемнің кей елдерінде диа­­­бет­тің алдын алу мақ­са­тын­да бірқатар та­ғам түрін сатуға тыйым­ салынған немесе зиян­ды­ тағамдарға көп салық са­­лы­нады. Мә­се­лен, Вен­грия билігі құра­мында байы­тылмаған майлар, трансмайлар, қант пен тұзы көп тағамдарға салынатын са­лық­ты көтерді. Азық-түлікке салық енгізілген төрт жылда қазынаға 200 миллион еуро түскен. Оның 95 мыңы дәрігерлер жалақысына 25 пайыз үстеме ретінде қо­сылды. Тұрғындардың басым бөлігі салық салынатын өнім­дерді азайтып, пайдалы тамаққа бет бұрған.

Ал Франция, Португалия, Мексика, Чили, Вьетнам сынды бірқатар елде қант салығы қолданылады. Шри-Лан­када «Сен ойлағандай тәтті емес» деген ұранмен әл­­еу­­­­мет­тік жарнама жасал­ған. Автор­лар аяғы ке­сіл­ген прәндік-адам, көзінің қара­шығы жоқ фигуралар ар­қылы диабеттің ампу­тация, инсульт, соқырлық сынды салдары жайлы баян­дауға тырысқан. Биыл сәуір айында Британия би­лігі де қант салығын салды. Са­лық салынатын тағамдар тізі­мін­де алкогольсіз сусындар, атап айтқанда құрамындағы қант мөлшері 100 миллилитр­­­­ге 5 грамнан тура келетін су­сын­дар бар. Көп ұзамай Fanta су­сындарындағы қант мөл­шерін 6,9 грамнан 4,6 грамға дейін төмендетті. Өкі­нішке қарай заң­ды айналып өтетін, қант орнына қант алмас­тырғыш пайдаланатын компаниялар да жетіп­- артылады. 

Биылдан бастап қазақ­с­та­н­­дық мектептерде газдалған тәтті сусындар мен шоколад­ сатуға ты­йым салынды. Ден­саулық сақтау министрі Ел­жан Біртановтың айту­ын­ша, енгізілген жаңа стандарт­тар балалардың зиянды­ тағам­дарды пайдалануын шектемек. Диабетті диетаның, жат­тығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол ар­­қы­лы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең ал­дымен әр па­циент өз ден­саулығына өзі жауапты. Ол ар­найы күн­делік ашып, күн сайын қан мен несептегі қант дең­гейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қы­­­сымын жазып жүруі тиіс. Бұл нау­қастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, емдеу терапиясын, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі. 

Диабет белгілерін бай­қа­ған жағдайда эндо­кри­нолог-дә­­рігерге қаралу қа­жет. Диа­г­ноз расталса, пациентті ең ал­­дымен «Диабет мек­те­­­біне» жі­­­береді. Әрбір ем­ха­на жанында жұмыс іс­тейтін бұл кабинеттер глю­­ко­метрдің көмегімен қан­дағы қант деңгейін өлшеу, дұрыс тамақтану мен инсулин екпесін салу жолдарын үйретеді. Бұл екпелер қарынға немесе санға салынады. 

Диабетпен өмір сүруге болады. Дегенмен ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды та­лап­ етеді. Технология күн сайын жаңа­рып жатқан бү­гін­гі заман­да диа­бетке шал­дыққандарға барынша қо­лайлы жағдай жасалуда. Мә­се­лен, қандағы қант дең­гейі жоғарылай бастағанда смарт­­­фонға хабарлама жі­бе­р­е­­­тін мониторинг құралдары бар. Шприцті аз пайдалануға мүмкіндік беретін инъекция­лық порттар жас­ап шыға­рыл­ды (iPort Advance түтік­шесін үш күнге терінің астына қояды, ол қанға инсулин жі­беріп тұрады). Медицина ғы­лымындағы жетіс­тік­­тер­дің бірі – глюкозаға се­зім­тал келетін «ақылды гель». Жапондық ғалымдар әзір­леген поли­мерлі гель тері­нің астына егіледі. Қант дең­гейі көтеріле бастағанда ол инсулиннің қа­жетті мөлше­рін қанға жіберіп отырады. 

Ғалымдар зерттеуі өз ал­ды­на, мемлекет әрине сыр­қат­­қа шалдыққан жандарды қа­раусыз қалдырмайды. Десек те денсаулық қорғаны – өзіміз. Диа­беттің алдын­ алу үшін: сала­матты өмір сал­­тын ұстану, дұрыс тамақ­тану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрі­герге уақтылы қа­ралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет.

Жанаргүл ҮМБЕТОВА,

ӘМСҚ Астана филиалының тұрғындарды ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы