Қоғам • 27 Қараша, 2018

Қазақстанда 23 жылда 16 100 «түтіктегі бала» дүниеге келді

625 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мына өмірде өзекті емес жайт жоқ десек те, перзентсіздіктен өткен қасірет жоқ. Кейбір дерек көздері бойынша бедеуліктің 7 түрлі себебі бар. Ал мамандар оның 14 түрін алға тартады. Қалай десек те бедеулік бұрынғыға қарағанда белең алды. Әлемде әрбір алтыншы жұп әлдидің үніне зар. Халықаралық зерттеулер жер бетінде 70 миллиондай отбасы бала сүйе алмай отырғандығын айтады. Бұл көрсеткіш әр мемлекетте әрқилы. Сол сияқты алғашқы бедеулікке қарағанда, бір перзенттен кейін көтере алмай қалған екінші бедеулік мәселесі де талай ерлі-зайыптыны тығырыққа тіреп отыр.  

Қазақстанда 23 жылда 16 100 «түтіктегі бала» дүниеге келді

Осы мәселеге орай Алматыда «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. Қосымша репродуктивті технологиялар: бүгіні мен бола­шағы» атты X халықаралық конгресс өтті. Жиынға репродуктивті тех­­нологиялар саласының айтулы ма­мандары – акушер-гинеколог дәрігерлер, ЭКҰ орталықтарының өкілдері, андрологтер, бедеулікті емдеумен айналыстан эндокринологтер, генетиктер мен молекулярлы биологтер қатысқанын айта кеткен жөн. 

Атап айтқанда, әлемде алғаш рет адам эмбрионы генінің редукциясын орындаған, 2017 жылы әлемдегі ең танымал ғалымдардың қатарына кірген әйгілі ғалым Шу­храт Миталипов (АҚШ), профессор Лука Дженероли, КСРО-дағы алғашқы «Түтіктегі бала» (1986) авторы, профессор Елена Калинина, Ре­сейдің адам репродукциясы қауымдастығының президенті, про­фессор Владислав Корсак пен Ук­раина репродуктивтік медицина қауымдастығының президенті, профессор Александр Юзько, Беларусь­тен Олег Тишкевич, Армениядан Эдуард Амбарцумян, Франциядан Жак де Музон сынды шетелдік професссорлар келді. 

Еліміздің репродуктивтік ден­саулық мәселелерін зерттейтін білім беру орталықтары мен ЭКҰ жетекшілері үшін бұл жиынның берері көп. Конгресс тәжірибе алмасу ғана емес, екі күндік озық технологиялар мен дәрі-дәрмектердің ауқымды көрмесіне айналды. 

Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшиннің мәлім­деуінше, қазір елімізде бедеу­лік жиілігі орташа алғанда 15 пайызды құрайды.

– Статистика жыл сайын 150-160 мың жұптың арасында неке қиылатындығын көрсетеді. Осы орайда жылына 20 мыңдай отбасында отау құрған соң бір жылдан кейін бала сүю мәселесі қозғала бастайды. Әлемдік ахуалға көз сал­сақ, бұл қалыпты жағдай. Бұл кезеңде ешқандай жедел қадамдарға барудың қажеттігі туа қоймайды. Әйелімен бірге ер-азаматтар да қаралып, ем қабылдай бастайды. Бірақ осы отбасылардың тең жартысына кәдуілгі ем-дом көмектесе бермейді. Нәтижесінде арнаулы технологиялардың көмегіне жү­гінуге тура келеді. Ал Қазақстанда экс­тракорпоралды ұрықтандыру ісі 1995 жылдан бастап қолға алынды. 1996 жылы түтікшедегі ең алғашқы қазақстандық бала дүниеге келді. Әлемде осы әдіспен дүниеге келген сәбидің өзі 40 жасқа келді. Айт­қандай, осы ұлыбританиялық Луиза Браун елімізде өтіп жатқан осы конгреске құттық­тауын жолдады.

Қазір Қазақстандағы 25 ЭКҰ кли­никасы белсенді жұмыс істеп отыр. Бұл ретте 7 мыңға жуық бағ­­­­­­дар­лама орындалады. Оның 10 пайызы шетелдік азаматарға тие­сілі. Яғни медициналық туризм өз жұмысын атқарып отыр. 

ЭКҰ тиімділігі ерлі-зайып­­ты­­лардың жасына ғана емес, бедеу­­ліктің қандай түріне ұшыра­ғанына да тәуелді. Қазір бұл көр­сеткіш 40 пайызды құрайды. Ал балалы болу нәтижесі 30 пайыз, яғни әрбір үшінші бағдарлама дүниеге дені сау баланың келуімен аяқталады. 

– Қазір Қазақстан да қолдан ұрықтандыруда генетикалық скри­нинг­ті, әлемдегі ең соңғы әдісті қол­дануға көшті. Яғни 5 күндік эмбриондағы барлық хромосомдарды зерттей аламыз. Нәтижесінде құрсаққа генетикалық тұрғыда сау эмбрион салынады. Бүгінгі таңда әлемге белгілі әдістердің барлығы Қазақстанда бар. Мысалы, конгреске әлемде алғаш рет адам эмбрионынан патологиялық генді алып тастаған әйгілі АҚШ ғалымы Шухрат Миталипов та келді, – дейді Вячеслав Локшин.

Мамандардың айтуынша, елі­мізде барлық баласыз жұптарды алғанда бедеулік әйелдің 40 па­йы­зында, еркектерде 30 пайызында кездеседі, қалған 30 пайыз жағдайда кінәрат екеуінен де болады. Жалпы, бедеуліктің үлесі екі жақта бірдей, яғни 50\50 екен.

Сол сияқты ЭКҰ әлі де арзан емес. Әрбір бағдарламаға 800 мың теңге төлеу қажет. Қазір мемлекет перзент сүйгісі келетін жұптарға ЭКҰ-ға жүгіну үшін жылына 900 квота бөліп отыр. 

Бұл конгрестің өзектілігі бедеу некелер әлі де өткір медициналық-әлеуметтік мәселе қатарында тұр­ғандықтан, оны шешу елдегі де­мографиялық жағдайды жақ­сартып қана қоймайды, түрлі себептермен баласыз жүрген жандардың үмітінің үзілмеуіне де септеседі.

Жоғарыда атап өткендей, бе­деу­лік жиілігі орташа алғанда 15 пайыздан төмендемей отыр. Бі­рақ заманауи диагностика тәсіл­дері бедеуліктің негізгі себеп­терін анықтауға және оны емдеу әдіс­терін таңдауға мүмкіндік бе­реді. Бедеулік 50 пайыз жағдайда ер адамдардың репродуктивтік жүйесіндегі кінәратқа, 30 пайызы аралас бедеулікпен байланысты болады. 

Дегенмен соңғы жылдарда әлем­де бедеуліктің түрлі формаларын емдеудің орасан зор тәжірибесі жи­налды. Қазіргі әдістердің көбі Қа­зақстанда да енгізілген. Елі­мізде алғашқы ЭКҰ зертханасы ашылған 23 жыл ішінде әйелдер мен ерлердің бедеулігін емдеудің ең жаңа репродуктивтік технологиялары меңгерілді. Перзентсіздік дертіне шалдыққан жұптардың ортасында 16 100 бала дүниеге келді. Емделушілер мемлекеттік және жеке орталықтарда өз қалауы бойынша ем қабылдай алады. Бюджеттік бағдарламалардың көмегімен ғана 2010-2017 жылдары Қазақстанда 1800-ден астам бала дүниеге келді. 

Оныншы рет өткізіліп отырған конгресс еліміздегі Қосымша ре­про­дуктивтік технологияларды да­­мыту мәселелеріне арналды. Кон­­ференция аясында Үндістан, Израиль, Швеция, Германия, Ресей, Украина мен Қазақстан мамандары ҚРТ-дағы эмбриологияның өзекті мәселелері бойынша шеберлік дәрістерін жүргізді. Бедеуліктің дамуына әкелетін аурулардың алдын алу, бедеу некені ерте диагностикалау мен емдеудегі АМСК рөліне назар аударылды.

ҚРТ орталықтары мен дәрі­герлер, уролог-андролог­тар, генетиктер қоян-қолтық жұ­мыс істеген жағдайда бедеулікке шал­дыққан жұптарды ерте диагностикалап, тиімді ем тағайындаудың кешенді істері қатар атқарылады. ТМККК аясында әлеуметтік осал топтарды қолдауды қаперге ала отырып, квота бөлуге айрықша назар аудару жоспарланып отыр. 

Конгресс аясында «Репро­дук­тивтік медицина» журналының кезекті саны таныстырылды. Ре­про­дуктивтік медицинаға ар­нал­­ған ірі көрмеге дәрілік заттар мен ме­дициналық техникалар шы­ғаратын 40-тан астам компаниямен бірге, елі­міздегі танымал ҚРТ клиникалары қатысты.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ