Әдебиет • 27 Қараша, 2018

Тоғыз қазақ жазушысының туындылары БҰҰ-ның бес тіліне аударылды

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық әдебиетіміздің қазынасын құнарлы шығармаларымен байытып келе жатқан тоғыз қазақ жазушысының туындылары БҰҰ-ның бес тіліне аударылды. 

Тоғыз қазақ жазушысының туындылары БҰҰ-ның бес тіліне аударылды

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты кі­­тап сериясымен жарық көрген шы­ғар­маларға аударма жасалмас бұрын кітапхана басшылығы оқыр­мандар тап­сырысы мен тал­ғамына бір жыл бойы жүйелі түрде са­раптама жүргізген. Оқыр­ман сұранысына сәйкес Ол­жас Сү­лей­меновтің «Язык письма», Ду­лат Исабековтің «Қарғын», Қой­шы­ғара Салғараның «Қазақтар», Сма­­ғұл Елубайдың «Ақ боз үй», Шер­хан Мұртазаның «Бойтұмар», Мұрат Әуезовтің «Главпочтамт», Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай», Шәкен Күмісбайұлының «Балалық шақ-балдәурен» атты шығармаларына көбірек тапсырыс берілген. Оқырман өзі анықтап, өзі сұрыптаған шығармалар  ағылшын, испан, француз, араб, қытай тілдеріне тәржімаланып, Алматыдағы Ұлттық кітапханада аталған кітаптардың тұсаукесері болып өтті.

Шығармалары шет тілінде сөй­­­леген қаламгерлердің бәрі де­­­­ бұл тұсаукесердің Президент Н.Назарбаев­тың ел тарихы мен ха­лық­тың жа­һан­дық тарихтағы орнына тың көз­қараспен қарау мүмкіндігі назарда бо­латын жаңа «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен үн­дестік тауып отырғанын бір ауыздан атап өтті. 

– «Ұлы даланың же­ті қыры» атты Прези­денттің ма­қа­­­­ласын оқып шықтым. Екі жыл бұ­рын «Рухани жаң­ғыру» жобасын бас­тадық. Ол жо­бада да Елбасы тарих туралы ке­ңінен толғанып айтқан еді. Ал біз әлі күнге «Ақтабан шұбырындыдан» бас­қа ешқандай тарихты білмейміз. «Сендердің нақты іспен айналысатын уақыттарың болды ғой» де­генді меңзеген екен Президент та­рих­шыларымызға. Ғалымдардың ғы­лыммен айналысуы үшін, бәлкім Сенат заң шығарып, Президент ар­найы Жарлықпен бекіту керек шы­ғар? Не себепті халықтардың арасына жік түседі, мемлекеттердің араз­дасуына не себеп болады, ға­сыр­лар бойы сол халықтар неге бі­рін-бірі кескілеп, бір-бірімен үз­діксіз жауласады? Мұның себебін тек ғалымдар ғана айта алады. Ал біз­дің ғалымдарымыздың мұны анық­­тауға уақыты жоқ. Өзінің туған та­рихын, мәдениетін қорғаудың ор­­нына, олар ғылыммен емес, кан­дидаттық, докторлық диссертация қорғаумен айналысады. Міне, Президент мақаласының мәні қайда жатыр, – деді Олжас Сүлейменов. 

Ұлттық кітапхана басшылығы бастамашы болған жобаны жүзеге асыру тетігі ретінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен өзара әрекеттестік пен ынтымақтастық арқылы, сондай-ақ сериялық басылымды шетелдік кітапханаларға, 24 мемлекетте ашылған қазақстандық әдебиет пен мәдениет орталықтарына, сауда желілеріне сыйға беру арқылы қазақстандық әдебиетті таныстыруды ұсынып отыр. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ