27 Қараша, 2018

Петропавл ботаникалық бағындағы агава

784 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл ботаникалық бағында агава өсімдігі 1912 жылдан бері өседі. Осында ет комбинаты құрылысын жүргізуге Санкт-Петербургтен ар­найы жіберілген әскери инженер, полковник Ильхам Курапов көк гүлді екі агаваны өзімен бірге ала келіпті. Қазір мұнда екі мыңға жуық тро­пи­калық, сутропикалық ағаштар мен өсімдіктерді кезіктіруге болады. Олар­дың арасында лала гүлді тұқымдас мексикалық, америкалық ага­ваның орны бөлек. 

Петропавл ботаникалық бағындағы агава

Жуырда қала жұртшылығы тосын оқиғаның куәсі болды. Биіктігі тоғыз метрге жететін агава гүл жарып, хош иісі мұрын қытықтады. 

– Оның ерекшелігі сол, жүз жылда бір рет гүлдейді. Жарты ғасырға жуық баптап келсем де, мұн­дай ғажайып сәтті бі­рінші рет кез­дестіріп отырмын. Қазақстанда декоративті мақ­сат­та ғана өсірілсе, Мексикада күнделікті тұрмыста ке­ңі­нен қол­да­нылады. Жапырағынан мата жасап, сабағынан арқан, жіп еседі. Тікенін ине ретінде пайдала­нады. Эфир, спирт майын, сабын, текила өндіреді. Медицинаға да жаратады, – дейді бас агроном Равиль Рязапов.

Қауызына жеміс шырыны мен кө­мірсутегін жинап, әбден қо­рек­теніп алғаннан кейін гүл ша­ша­ды екен. Бұл процесс кемі жүз жылға со­зылатын көрінеді. Был­­­тырлары жұрт­шылық Солтүстік Американың субтропиктік айма­ғында кездесетін бір ғасырлық та­рихы бар агава тұ­қымдас юкки өсімдігінің бүршік жарғанын қы­зықтаған болатын.

БАҚ қызметкерлерінің айтуын­­ша, агава құрғақ ауаға тө­зім­ді, сон­шалық күтімді қажет ет­пей­ді. Осы қасиеттер себеп пе екен,­ теріскейге тез жерсініп кеткен.­ Ма­мандардың есебі бойынша, агаваның әдемі де әсем кейпі жа­ңа жылға дейін созылып, сосын жа­пырақтары біртіндеп өмір сүруін тоқ­тата бас­тайды. Келесі бүршік жаруын бір ға­сырға жуық уа­қыт күтуге ту­ра ке­леді.

Мұнда өсетін өсімдіктердің әр­қай­сысының өзіндік ерекшелігі мен биологиялық сипаттамасы бар.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы