Руханият • 27 Қараша, 2018

Д.Қыдырәлі: «Елбасы мақаласы тарихты таныстыру ғана емес, болашаққа жол сілтеу»

564 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі Nur Otan Talks алаңы аясында Елбасының маңызды бастамалары туралы әңгімелеп берді. 

Д.Қыдырәлі: «Елбасы мақаласы тарихты таныстыру ғана емес, болашаққа жол сілтеу»

«Елбасының бастамалары өте көп. Соның бірі – Түркі әлеміне қатысты маңызды бастамалар. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасы Орталық Азия ынтымақтастығы туралы сөз қозғады. Ордабасыда бауырлас мемлекеттердің президенттерін жинап, солармен кездесу өткізді», деді Түркі академиясының Президенті.

Д.Қыдырәлінің айтуынша, Елбасы Түркітілдес мемлекеттер саммиттерінде  тақырып таңдап, бастамашыл болады. Мәселен, Түріксой, Түркі кеңесі, Түркі мирас қоры, Түркі академиясы, ТүрікПА ұйымдарының бәрі Елбасының бастамасымен құрылған. Сондықтан бауырлас мемлекеттер Елбасын Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, Қазақ даласын Түркі әлемінің қара шаңырағы, ал Қазақстанды Түркі дүниесінің көшбасшысы ретінде мойындап отыр.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Елбасының осы кең ауқымда ойлайтындығын, әлемдік масштабтағы саясаткер екендігін көрсетеді. Ұлы дала ұғымының ауқымы кең. «Аспан асты елі» деп Қытайды айтамыз, Ұлыбритания дейміз. Бұларға ешкім таңғалмайды, таңырқамайды. Елбасы Ұлытаудағы сұхбатында, қазақ хандығының 550 жылдығында, Түркі академиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде, басқа алаңдарда айтқан пікірлерінде біздің Ұлы даланың мұрагері екенімізді, Ұлы даланың тұрғындары екенімізді атап көрсеткен болатын.

Ұлы дала ұғымы тарихта сирек қолданылған. Әлемдік өркениетті зерттеген ғалымдар Ұлы дала өркениеті туралы айтпайды. Елбасы мақаласында еуроцентристік көзқарасты сынайды. Ал Ұлы дала деген ұғым қазақ даласынан да, Түркі әлемінен де өте кең. Елбасы мақаласында кеңістік пен уақыттың тоғысқан жерінде ұлт пайда болатынын айтады. Алтайдан тараған, мыңдаған жылдар бойы тамыры тереңге кеткен халықтардың отаны – Ұлы дала екеніне тоқталады. Сондықтан мақалаға түркі жұрттары ғана емес, Ұлы далаға тиесілі, көптеген мемлекеттерде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың өздері қызығушылық танытып отыр. Соның нәтижесінде «Ұлы дала», «Ұлы дала өркениеті» деген ұғым қазір тарих ғылымына еніп отыр», деді Д.Қыдырәлі.

Бұдан кейін Түркі академиясының басшысы жеті ұғымы сакралды, өте киелі екенін атап өтті. болып есептеледі. Мысалы, қазақта «жеті атасын білген ер жеті жұрттың қамын жер» деген сөз бар. 

«Адамзат тарихында, төрт мың жыл бұрын үлкен революция жасаған, қазіргі тілмен айтқанда ғарышты игерумен пара-пар ерлік болған жылқыны қолға үйреткен мекен осы Ұлы дала. Астана қаласына таяу маңдағы «Ботай» кешенінде соған дәлел табылды. Ал біз сонымен мақтана алмаймыз, оны көбісі білмейді. XIII ғасырда өмір сүрген Ибн Халдун деген әлеуметтанушы бүкіл өркениеттердің қозғаушы күші көшпенділер деп айтады. Өйткені көшпенділер жылқымен жүретіндіктен, дөңгелекті ойлап тапқан. Соның нәтижесінде барлық өркениетке түрткі болған. Өркениеттің түпкі баратын жері – қала. Бірақ оның қозғаушы күші көшпенділер. Сондықтан пассионарлық ұғымның өзі де осы жылқымен тікелей байланысты болған», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ Елбасы мақаласында айтылған металлургия саласында ерекше назар аударды.

«Қазір темір қорытуды ата кәсіп ретінде білмейміз. Ал темірші түркілер ең алғаш Алтайда кен қорытып, оны игерген. Темірді қамырша илеген ұсталар өте сыйлы адам атанды. Сондықтан темірді, металлургияны игеру арқылы біздің бабаларымыз үлкен өркениет құрған.

Әлемдегі өркениеттермен бірге төрт мың жыл бойы Ұлы дала өркениеті қатар өмір сүрген. Өзіндік жазуы, таңбасы, елдігі, өндірісі болған. Батыс пен Шығыс өркениеттеріне төтеп беретіндей балама өркениеттің иесі атанды. Соның үлкен бір бөлігі – теміршілдік. Қазір де әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы металлургияны жақсы игерген. Сондықтан Елбасының мақаласы өткенді көрсету ғана емес, болашаққа арналған мақала. Соны біздің түсініп, түйсініп, соны игеруіміз. Ал мұны өзі болатты балқытқан Елбасы жақсы түсініп отыр» деді Түркі академиясының Президенті.

Бұдан кейін Д.Қыдырәлі Елбасы мақаласында неліктен тарих туралы айтылатынын әңгімелеп берді.

«Біз тарихы тоналған, жадысы жоғалған ұлттың біріміз. Есесі кетіп, есеңгіреген елдің еңсесін тіктеуде, өзіне деген сенімін еселеп, тариxи санасын жаңғыртуда "Ұлы даланың жеті қыры" сияқты бағдарламалық мақаланың маңызы зор. Біздің халық ғана емес, қазақстандық қоғам да «травма» алған қоғамның бірі. Өткен ғасырға жүгінсек, аштық, қуғын-сүргінді бастан өткердік. Бұдан қазақ халқы ғана емес, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері зардап шекті. Зиялыларды, ел қаймақтарын сыпырып алып тастады. Содан кейін соғыс, ұжымдастыру болды. Сондықтан біз – өзіміздің өткен тарихымыздан айрылып қалған ұлттың біріміз», деді.

Түркі академиясының басшысы бұрын тарихымыз пышақтың қырындай ғана жұқа кітап болғанын, алайда шын мәнінде адамзат өмірінде, әлемдік өркениетте із қалдырған, мақтанатындай тарихымыз бар екенін әрқайсымыз білуіміз қажеттігін баса айтып өтті.

«Травма» алған ұлттар да өзінің жадысын оңалтып, тарихымен танысып, ұлттық кодын оятуы керек. Өзінің қандай мүмкіншіліктері бар екенін білуі тиіс. Сондықтан Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы да, «Ұлы даланың жеті қыры» да бір жағынан ұлттық кодты таныстыра отырып, ұлтқа бағыт көрсету. Ол тек тарихты таныстыру ғана емес, болашаққа жол сілтеу. Сондықтан мақалада қозғалған барлық мәселелер қазақ қоғамында тағдырымыз ғана бір емес, тарихымыз да ортақ екенін көрсетеді. Мекеніміздің ғана бір емес, мәдениетіміздің де ортақ екенін білдіреді. Сондықтан төрт мың жылдық тарих осы жерге өсіп өнген халық пен бірге Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлтқа ортақ, Ұлы даладан тамыр тартқан барлық халықтардың ортақ мақтанышы», деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ Түркі академиясының Президенті Түркі барометрі жобасы туралы әңгімелеп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты түркітілдес мемлекеттерде ерекше құрметтейтінін жеткізді.

Nur Otan Talks алаңы барысында Д.Қыдырәлі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының 9 тілге аударылғанын жеткізіп, кітап болып басылған нұсқасын сыйға тартты.

«Мақаланы аударумен айналысып жатқандардың бәрі – өзбек, түрік, қырғыз, әзербайжан, моңғол, мажар, корей, жапон елдерінің өкілдері өздері бастамашы болып, өздері аударып отыр. Мұндай құбылыс өте сирек. Себебі бір елдің азаматы өзге мемлекеттің Президентті бастамасын оқып, оны аударып, насихаттауы жиі кездеспейді. Сондықтан Елбасының бұл мақаласына Қазақстанда ғана емес, жалпы Түркі әлемі, Ұлы даладан тамыр тартқан елдер қызығушылық танытып отыр», деді Д.Қыдырәлі.