Қазақстан • 28 Қараша, 2018

«Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жоба басталды

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне арналған «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобаның тұсаукесер рәсімі өтті. Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен тұсауы кесілген жоба Мемлекет басшысының жасампаз идеялары мен бастамаларын, кітапхананың бірегей қорларын насихаттап, көрерменді Елбасы Н.Назарбаевтың өмір жолы және қызметімен таныстырады.  

«Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жоба басталды

Президенттік оркестрдің үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мем­лекеттік Күзет Қызметі «Ай­бын» полкінің Құрмет Қарауыл Р­отасы сал­танатты шерумен шара шымыл­дығын түрді. «Шығармашылық. Жа­сампаздық. Инновациялар» көшпелі көрмесінің ашылуына Елбасы кітап­ханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ректоры Ерлан Сы­дықов және қала тұрғындары мен жоғары оқу орындарының оқытушы­лары, студенттері қатысты.

Салтанатты шарада Әмірхан Ра­хым­жанов жиналған қауымды алда келе жатқан Тұңғыш Президент кү­німен құттықтады. «Бүгін алғаш рет Ел­басы кітапханасының көшпелі көр­месі мен «Тарихи таңдау» ғылы­­­ми-экс­позициялық жобасының ая­сындағы қо­ғамдық-саяси тақырып­та­ғы көшпелі экскурсияларымызды, еліміздің үлкен білім ордасы­ са­налатын Еуразия ұлттық университетінде ашқалы отырмыз.  Құнды материалдар ұстаздар мен сту­денттер қауымына рухани тұрғыдан берері аз болмас деп сенемін», деді Әмірхан Рахымжанов. Сондай-ақ ол халқымыздың жоралғысы бойынша Мемлекет басшысының еңбектері мен ол туралы жазылған шығармалардан тұратын кітаптар коллекциясын сый ретінде ала келгенін айтты. 100-ден астам кітаптан тұратын коллекцияның құрамында Елбасымыздың әлем тіл­дерінде жарық көрген еңбектері мен Пре­зиденттің өмірі мен қыз­метін қам­титын, «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмір­баян», «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хрони­касы», «Таң­дамалы сөздер» және Елбасымыз­дың парасатты пайымдаулары мен ой-толғаныстарынан тұратын «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітаптар бар. 

«Тұңғыш» – Қазақстан Республи­касы Президентінің жасампаз көшбас­шы­лы­ғының дәлелі.  «Тұңғыш» – біздің жаңа заман тарихымыз. «Тұңғыш» – дәстүр сабақтастығының жалғасы. Елі­міз рухани жаңғырып, өрісіміз кеңейтіп жатқан тұста, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұ­жы­рымдамалық еңбегі бізді тағы да өткен мен бүгіннің тізгінін тең ұс­­тауға жұмылдырып отыр», деді көр­­менің ашылу рәсімінде сөз алған Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ ректоры Ер­­лан Сыдықов. Айта кету керек, көш­пелі экскур­сиялардың форматы қатысу­шыларға бірегей материалдар жи­ынтығымен танысуға, оның ішін­де Елба­сының тарихи жолын ашатын бей­нехрониканың сирек кадрларын, фо­тосуреттер мен мұрағаттық құжат­тарын және мұражай экспонаттарын қолмен ұстап көруге мүмкіндік береді.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»