Әдебиет • 29 Қараша, 2018

Ағалардың жолымен асығыс аттанған Талғат Кеңесбай

633 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ағалардың жолымен асығыс аттанған Талғат Кеңесбай

Алтайдың алқымын сүйіп аққан алқадай ақ Ертістің ерен де ерек қаламгерлерімен ерте қоштаса беретініміз не­лік­тен? Кешегі кербұғыдай Ор­ал­хан Бөкей, маңғаз Марат Қа­бан­бай, талантымен тәнті еткен Та­лап­тан Ахметжан, әдебиеттің ас­қар­ларын зерттеген Асқар Егеубай, дидарғайып болғанына көңіл әлі күпті Дидахмет Әшімхан... Енді міне, күллі қазақтың асылына айналған ағалардың асы­ғыс жолымен арамыздан алыс­тап кете барған тағы бір тума та­лант Талғат Кеңесбай... Саржал­да туып, сары қымыз сапыр­ған ауы­лын­дағы саумал сіңген тор­қа то­пырағын алғашқы ақ қар да ба­сып үлгермеген Талғат ағамыз­бен танысқанымыз бен бақұлдасқанымыздың арасын­да аса алшақ уақыт өте қоймаған екен. Жақын тартып, жөн сұрасып үлгермей жатып, жөпелдемеде жөнеле беретін жақсылар жанды ауыртады. Бұл қалай? Әлбетте, пешенеге қойылған сауалға «жазмыштың жазғаны» дегеннен басқа жауап жоқ. Жұбатады. Жұбанамыз. 

Иә, алғашқыда Талғат аға­мыз­дың да атына сырттай қанық едік. «Жігер» фестивалінде жігерін жаныған «Француз әтірі­нің иісі» атты алғашқы туын­дысы 80-90-шы жыл­­дар­ оқырмандары арасын­да кең та­ралғаны белгілі. Әрине, әдебиеттің әдемі дәуірі әлі салтанат құрып тұрған сол шақта сезімді қытықтайтын сері шы­ғар­маның авторына, Семей педаго­гикалық институтындағы сері кезінен серік болмасақ та, мі­незі де, мәрттігі де көңілге кейде сәл сыятын, кейде сыймайтын жазушының өзі емес, сөзі та­лай жанның жалауын жел­бі­рет­­кені анық. Дидарғайып демекші, сол дақпыртымен сырт­тай сойын білетін біздің та­ныс­тығымыз Дидаға, Дидахмет Әшімханұлы қайтқан қара күзде басталған. Соның алдында бас басылымның күншығыс өңірдегі күллі шаруа­сына жауапты болып бекіген бізге ағамыз ара-тұра қоңырау шалып, елдің, жердің жайын сұрап тұрар еді. Әйтеуір жүзтаныс емес жанның «інім» деген ізеті, көңілжықпас ілтипаты, керек кезде айтар кеңесі, тіпті телефон тұтқасының ар жағында отырып жайып салар сыры да таңғалдырған. Кейін көз жетті, Талғат ағамыз тумы­сы­н­ан тәкаппарлықтан ада, бала мінезді, аңғал да қамқор жан­дар­дың бірі болып шықты. Шы­ғар­машылық жайын сөз етеді, тіпті кітаптарының қай баспадан қанша табақ болып шыққалы жатқанын, қай тілге аударылатынын да қалдырмайды. Үй іші, денсаулығы, жеке жоспарларын да жайып сала береді. Кездеспеген адамға көңіл ақтару деген әр адамда бола бермейтін риясыз қалып. Міне, сол Тәкең қоңыр күзде қайтпас сапарға аттанған Дидағамен бақұлдасу үшін елге қарай шыққанын айтып қоңырау соқты. «Сыйлағанның құлы бол» деген, бізден ересек болса да елпілдеп тұрған елгезек жанды әріптесіміз, сол уақта Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті бас редакторының ор­ынбасары болып қызмет етіп жүрген Азамат Қасым екеуміз Өскеменнен күтіп алып, Катонқарағайға баратын көлікке отырғызып жібердік. Әдетте, ел ішін­де жүргенде ке­лім­ді-кетімді кісі көп. Бірақ аға­мыз осы бір сапар­дағы інілік ізе­тімізге дән риза болып, тіпті ба­уыр тарта түсті. Алтайдан Ас­та­наға ат ауыс­тырғанымызда да айрықша қуа­нып, тілектестігін білдірді. Үйдегі жеңгенің бізге әпке болып келетінін айтып, қалжыңға кет әрі еместігін емеурінмен танытатыны бар. Әсіресе, әнші балдызы Еркін Шүкіманмен әзілі әдемі өрілуші еді. Ал тапқырлығымыз жоқ біз сүріне береміз. Бірде әлеуметтік желіге жариялаған, жастықтың жалынын жағатын, сезімнің шоғын үрлейтін бір лирикалық сипатты әңгімелерін оқығанымды айтып, «Жезде, жасарып жүрсіз ғой» деп қағытқан болдым. 

«Ә, ол рас. Шәкір Әбенов деген атам бар. Бір күні сатирик Тоқтархан Шәріпжанов ағаң екеуміз үйіне бардық. Барсақ қа­рия ұйықтап жатыр екен. Оят­сақ, жастығының астында бір қатынның суреті жатыр. «Шал, мынау не?» деп сұрады Тоқаң. Сонда біздің шал «Тым құрыса сипап жатайын» деп еді. Біздің жазуымыз да сол сияқты ғой» дегені бар. Тәкеңнің әзілдері де өзінің шығармашылық стихия­сына тән болатын. Бұл әйгілі Шәкір атасының қуақылығының сарқыны болар-ау деп топшы­ла­дық сол жолы.

Көңілі шарықтап шартарапта жүрсе-дағы жары Гүлмира әпкемізбен Айдана, Гүлдана, Мархаба есімді қыздарын тәр­­бие­леп, жеткізді. Бүгінде қыздары­ның бірі қаржы, бірі журна­листика саласында еңбек етсе, бірі «Болашақ» бағдар­ла­ма­сының стипендиаты атанып отыр. 

Рас, Талғат Кеңесбай оқыр­манға ерте танылды. Дегенмен, шығармашылыққа шікәмшілдігі шын. Өйткені өндіріп жазбады, аз жазды, алайда саз жазды. Өз оқырманы, өзін іздейтін аудиториясын қалыптастырды. Әл­де­кімдердей классикалық дең­гей­ге күшенбеді. Кө­ңіл қалауынша жазды. Шы­ғар­ма­шы­лық­тың бақыты да сонда сияқты. Кейде Алтайдағы ағасы Әлібек Қаңтарбаевтың ұрсатынын, ренжитінін, біресе мақтап, біресе даттап, әйтеуір бір әңгіме немесе повесть жазуға итермелеп септесетінін айтатын. «Ойшоғырын» жазып жатқанын, жарияланып жатқанын сүйін­ші­лейтін. Көптеген әңгіме-новеллаларынан кейін Алаш әскеріне көмек көрсетіп, Кеңес өкіметіне қарсылық көрсеткен күрескер Ике Әділов туралы «Түнде ұшқан қаршыға» атты хикаятын романға айналдыруды жоспарлағанымен, аяулы арманы жеткізбеді. Күнделікті қыбыр-жыбыр тіршіліктің үстінде шығармашылық адамының жанына жалау боларлық бір жақсы лепес айтпағанымыз-ай деп таң­ға­ла­мыз осы күні. Әсілі, оны Тә­кеңнің өзі де керек етпес еді. Өйткені Талғат Кеңесбайдың тоқ­са­ныншы жылдары қо­лын­да­ғысын қазақ руханиятына сұңқардай шашып бөліскенін, қайбір айтулы басылымдарға тоқырау кезінде демеу болғанын жиі еститінмін. Сол ризалық пейіл жетелеп келе жатқан қия­да­ғы қырандай қапысыз болмысын байқағанмын. Мұндай жан мақтау күте ме? Басылым демекші, «Егеменмен» де етене болған қаламгердің газет шығару сапасына қатысты ой-пікірі де бөлек-тін. Айғайлап емес, астарлап айтатын. Өзі де елдегі есімі ел жадынан өше бастаған айтулы еңбегі бар ерекше тұлғаларды жаңғыртып жазған жазбаларын жиі жолдап тұрды.

Талғат Кеңесбай – адалдықтың эталоны. Шығармашылығына, отбасына, достарына деген қарым-қатынасынан аңғаруға болатын тағы бір қасиеті – осы. Ұзаққа созылған науқасынан Астанада өтіп жатқан Еуразия жазушылар форумының ортасына келіп бой жазуы да әдебиетке адалдығының айнасы ғой. Құдды, қиқулап кіл арғымақ дүбірлеп өткенде жатқан орнынан тұра шауып, соңғы сөресіне жетіп жығылған Қабанбайдың Қубасы сықылды. Иә, шын жүйрікке тұсау жоқ. Жазушының шынайы өмірі енді басталады!

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»