Өнер • 29 Қараша, 2018

Елордада Сегіз серіге арналған концерт өтті

840 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» концерт залында әнші, ақын, сазгер Мұхамедқанапия (Сегіз сері) Баһрамұлының 200 жылдығына арналған іс-шара өтті. Сахнада «Қарғам-ау», «Ғайни», «Илигай», «Наз қоңыр» және т.б Сегіз серінің әндері мен күйлері орындалды. Кеште Халық әртісі Бибігүл Төлегенова бастаған таланттар өнер көрсетті.

Елордада Сегіз серіге арналған концерт өтті

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Мәдени өміріміздің көркемдік қорын жаңғыртып, асыл қазынамызды дәріптеуде бүгінгідей іс-шаралардың маңызы зор. Сондықтан да болар Сегіз серінің өмірі мен өнерін зерттеуге деген қызығушылық арта түскен. Мәселен, композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбек: «Барлық синкретті өнер иел­ері сияқты, Сегіз сері әндерінің алғашқы орындаушысы өзі болды. Шығармаларын талдап отырып байқайтынымыз: сері атаның дауыс диапазоны драмалық баритоннан дра­малық тенорға дейін мейлінше кең болған. Дем алу барысы да ауқымды»  деп сипаттама береді. Демек, серінің әндері мен шығармаларын орындауда үлкен жауапкершілік пен биік деңгей қажет. Ал Астана төрінде өткен қорытынды концертте «Сарыарқа» халық музыка ансамблі бұл үдеден шыға білді.

Концерттік бағдарламаны тамашалауға жиналған қауымның арасында Қуаныш Сұлтанов,  Абай Тасболатов,  Кәрібай  Мұсырман, Омархан  Өксікбаев, Шавқат Өтемісов және Тұрғын  Сыздықов сынды ел қалаулылары мен  Серік Негимов, Несіпбек Айтұлы секілді басқа да зиялы қауым өкілдері болды.

Кешті күйші, композитор, өнер зерттеушісі Қайыржан Мақанов жүргізіп отырды. Әр номерді хабарламас бұрын оның шығу тарихы мен орындаушысын егжей-тегжейлі таныстырып отырған ол: «Сегіз сері мен Нияз серінің Кіші жүз жеріне келген уақыты – шамамен 1834 жыл. Олар Еділ өзенінің Кептер деген саласын мекендеген Ысық руынан  Қосаяқ ұлы Қалдыбай батырдың ауылына түседі. Қалдыбайдың он ұлы, Ғайни есімді жалғыз қызы болады. Ғайни сұлу мен Сегіз серінің ғашықтық хикаясы осы тұстан басталған», дейді.

Сегіз серінің әні «Ғайниді» халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Жақсыкелді Маясаров орындады. Ал «Әйкен-ай» әнін республикалық байқаулардың лауреаты Жалғас Сұлтан, «Қарғам-ауды»  халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері Данияр Мұқан орындаса, «Ақерке» әнін жыршылар байқауының бас жүлдегері Айнұр Қонысбаева шырқады. «Ақбақайды» нақышына келтіріп жеткізген мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаева болды. Өзге де өнерпаздар серінің әнін сызылта салып, залдағы жұрттың ыстық ықыласына бөленіп жатты.

Сахнаға Бибігүл Төлегенова шығып, өнер көрсеткенде келген жұрт орындарынан тік тұрып қошемет көрсетті. Қазақтың бұлбұл көмей, жезтаңдай әнші қызының бұл келісі кештің шырайын кіргізіп, салмағын арттыра түсті.

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан»