Президент • 30 Қараша, 2018

Қарулы Күштер – ел тірегі

835 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Егеменді ел болу ата-бабаларымыздың аңсаған арманы еді. Арман орындады, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Азат ел болған күннен бастап тәуел­сіздігімізді, мемлекетімізді қорғау басты міндеттердің бірі болды. Сондықтан Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштерімізді құру қажеттілігі туындады. Ұлттық қауіпсіздікке, оның ішінде әскери қауіпсіздікке Елбасы Н.Назарбаев алғашқы күннен-ақ баса мән берді. 

Қарулы Күштер – ел тірегі

Біздің басты құндылығымыз – тәуел­сіздік. Оның тамырын тереңге жіберіп, мәңгі сақтау бүгінгі біздің де, келешек ұрпақтың да басты міндеті. Осы орайда Қазақ елінің тағдыр-тарихын, қым-қуыт азабын жан-дүниесімен түсініп, елінің ендігі тарихын биік рухта жаңғыртып, жалғастырып әкететін ер мінезді, қазақ­тың намысынан жаралған хас қаһарман Ер, яғни Елбасы керек болды. Біз осындай тұлғаны жаңылмай, дөп баса таңдап, тағдырымызды қолына бергеніміз күні кеше сияқты еді...

Сәл шегініс жасай сөйлесек, 1991 жыл­­ғы 1 жел­тоқсанда елімізде өткен тұң­­ғыш жал­пыхалықтық сайлауда Н.Назарбаев дауыс беруге қатысқан қазақ­­­стан­­дықтардың 98 пайызынан аста­­мы­­­ның қолдауын алып, бүкіл ха­лық сай­лаған еліміздің Тұңғыш Президенті болды. 

Елбасы болып сайланған Н.Назарбаев сол жылғы 10 желтоқсанда Қазақ мем­лекетінің Тұңғыш Президенті мәрте­бесін­де іске кіріскен бетте бірден қолға алғаны – халқымыздың ары мен абыройының қайнар көзі, түп-төркіні – ұлттық намысқа тың мағына дарытты. Бостандықтың да, тәуелсіздіктің де алғашқы қадамы осы болатын.

1992 жылдың наурыз айында Пре­зи­дент Әкімшілігі мен Үкімет қорға­ныс­қа, Қарулы Күштерге байланысты көптеген құжат­тар дайындап, игі баста­ма­ларға ұйы­тқы болды. 1992 жылы 8 сәуірде Ел­­ба­сы өткізген отырыста өз әскері­міз құ­­ры­л­сын деген шешім қабыл­дан­ды. Бұл шешім Президенттің сол жыл­дың 7 ма­мы­рындағы «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сы­ның Қарулы Күштерін құру тура­лы» Жар­лығымен бекітілді. Осы Жар­лыққа сай еліміздің аумағындағы бар­лық әс­ке­ри құрылымдар Қазақстан Респуб­ли­­ка­­­­сының юрисдикциясына алынды. Бұл елі­міздің Қарулы Күштерінің құры­луының басы болды. Одан кейін істі жүргізу, тәуел­сіздікті сақтау үшін біраз заңдар мен құ­қықтық құжаттар дайындалды.

Қарулы Күштердің алдында тұрған басты міндеттер 2000 жылы қабылданған Әскери доктринада жан-жақты көрсетілді. Мұндай құжатпен халықтың ашық түрде танысуы тарихта бірінші рет жүйелі түрде жүзеге асты. Салаға қатысты жұмыстар қар­қын алып, ішкі-сыртқы жағдайларға сәйкес әскери округтер құрылды. 

Отан тірегі Қарулы Күштер екені бел­гілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әс­­ке­­ри­лер ғана емес, Ата Заңда атап көр­­се­­тіл­ген­дей, тәуелсіз елдің әрбір аза­­маты да жауапты. Біздің әскерімізге негі­­зінен Отаны­­мыздың мемлекеттік ше­­карасын сұға­­нақ қолдардан сақтау, тери­то­рия­мыз­дың тұтастығын елдің егеменді­гін қор­­ғау жүктелген. Ел қорғау халық­тық мін­дет екені Конституциямыз­да нақтыланған. 

Отанымыздың тәуелесіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу «мен қазақпын, мен қазақстандықпын» деген әр азаматтың сана-сезімі мен адалдығына сын. Егер осыны түсіне білсек, еліміздің келе­шегі жарқын, дүниеге келетін ұрпақ қай­ғы-мұңсыз өседі. Оның бәрі осы күнгі азамат­тардың қолында десем артық айтқандық емес. 

Қазақстанның шекарасы шегенделіп, көршілес елдермен достық келісімге қол қойылған. Жақында Каспий теңізінің құ­қық­тық мәртебесін нақтылаған Кон­вен­ция бекітілді. Қысқасы еліміздің қауіп­сіздігі нығайды.

Елбасы – Қазақстан Қарулы Күш­тері­­нің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың беделінің, диплома­тиялық дарынының, көрегенділігінің арқасында еліміздің қауіпсіздігі, көрші елдермен бейбітшілік қарым-қатынасы нақтыланып, заңды түрде бекітілді.

Әскери білім мен әскери кадрлар да­йын­дау мәселелері туралы Н.Назарбаев: «Қарулы Күштердің кадр саясаты­ның негізі, оның кезең-кезеңмен кәсібилен­дірі­луінде» деп атап көрсеткен еді. Бұл бағ­дарлы сөз басшылыққа алынып, әске­ри білім мен әскери кадрларды даяр­лау мәселелерін шешуді жетілдіруде көп­теген игі шаралар жүзеге асты. 

Қарулы Күштердің әскери академия­сы құ­­рылды. Кейіннен бұл академия Қазақ­­­стан Республикасының Тұңғыш Пре­з­и­­денті – Елбасы атындағы Ұлттық қор­­ғаныс университеті болып өзгерді. Ақтөбе қаласында Талғат Бигелдинов атын­­дағы жоғары әскери ұшқыштар әске­­ри институты өмірге келді. Кіші маман­­дар дайындау үшін Кадет корпусы ашыл­ды. Болашақта әскери мамандықты қалай­тын жасөспірімдерге де үлкен назар ауда­рылуда. Алматы, Шымкент, Қараған­ды қалаларында оларға арналған арнайы мектеп-интернаттар, Астанада «Жас ұлан» мектебі бар.

Әскери доктрина талаптарына сай офицерлік кадрларды даярлауды жетіл­діру­дің бірден-бір бағыты – жаңа әске­ри оқу орындарын ашу. Осы орайда Радио­электроника және байланыс әскери инс­титуты ашылғанын да айта кетейік. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы­мен тәуелсіз Қазақ елінде тарихи ма­ңызы зор көптеген істер атқарылды. Соның бірі 1991 жылдың 29 тамызында 40 жылдан астам уақыт бойы адамзатқа қасірет тарт­қызып, апат қаупін төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигонының тұншықтырылуы еді. 

Кеңес Одағынан Қазақстанға «мұра» болып жойқын күш – аса қуатты ядролық қару қалған еді. Ол әлемдегі төртінші ядро­лық арсенал болатын. Туған елінің тыныш­тығын, адамзаттың қауіпсіздігін ойла­ған Н.Назарбаев АҚШ, Ресей, Фран­ция басшыларымен ұзақ та күрделі келіс­­сөздер жүргізіп, нәтижесінде ядро­лық қаруды Қазақстаннан аластатуға 1994 жылы келісті. Ядролық державалар Қазақ­­станның тәуелсіздігіне, террито­рия­­лық біртұтастығына қарсы күш қол­дан­бауға міндеттенді. Қазақстанға экономикалық қысым көрсетуге бармайтындарын мәлім­деді. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ жерінен әкетілді. Осылайша адам­зат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды. Ол – Қазақстан.

Елбасымыз Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының биік мінбесінде тұрып, өзінің туған елін осынау аса мәртебелі халықаралық ұйымға мүше етіп енгізді. Қазақстан осылайша әлем мойындаған егемен ел болды. Бұл қазақ тарихында бұ­рын-соңды болып көрмеген орасан зор тарихи оқиға еді. 

Елорданың Алматыдан Ақмолаға көші­рілуі де – үлкен тарихи оқиға. Елба­сы әлемдік тәжірибені ой елегінен өткізіп, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы мен тағдырын ескере отырып, оның геосая­си, территориялық, демографиялық ерекшеліктерін назардан тыс қалдыр­май ұзақмерзімді басымдықтарды анықтады, таяу болашақтағы межелерді белгіледі. Ал жаңа Астана еліміздің бола­ша­ғының символына айналғанына енді ешкім күмәнданбайды. Санаулы жылдар ішінде Батыс пен Шығыс өркениеттерінің мәнді белгілерін бойына жинаған әсем шаһар пайда болды. Сөз жоқ бұл дерек Н.Назарбаевтың ел басшысы ретіндегі ғажайып қажыр-қайраты мен ел ісіне бел шеше кіріскенін, сонымен бірге тоталитарлық бұғаудан босанған елдің мемлекеттік басқару жүйесіндегі, әсіресе президенттік инс­титут аясындағы іс-қимылдардың қан­ша­лықты сенім мен серпінге толы екенін де айқын аңғартады.

Қазақстан халқының татулығы мен ын­­ты­мағы еліміздің халықаралық арена­дағы абыройын арттырып отырғаны сөзсіз. 

Елбасы – өз Отанына деген сүйіспен­ші­лігі зор, дүниежүзілік ауқымда таныл­ған Көшбасшы, қазіргі заманның көр­некті сая­саткері. Көп жағдайда оның рефор­ма­лық қызметінің және халықаралық бас­та­ма­­ларының арқасында бүкіл әлем Қазақ­стан­ды құрметтейді. 

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,

Халық Қаһарманы, армия генералы,

«Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің төрағасы