Аймақтар • 30 Қараша, 2018

«Рухани жаңғыру - ұлттық бағдарлама негізінде қоғамды модернизациялау» конференциясы өтті

1363 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыда Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде  (ХАТУ)  Тұңғыш Президент күні мен Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Білім беру қорының 20 жылдығына арналған  «Рухани жаңғыру - ұлттық бағдарлама негізінде қоғамды модернизациялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Рухани жаңғыру - ұлттық бағдарлама негізінде қоғамды модернизациялау» конференциясы өтті

Іс-шараның ашылу кезеңінде Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Мүсілім Серғазиев оқу орнының ректоры Дамир Абдухалиұлының құттықтау хатын оқып, қатысушыларға конференцияның мазмұны жайлы айтып өтті.

«Елімізде Тұңғыш Президент күні  мен  Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Білім беру қорының жиырма (20)  жылдығына орайластырып өткізіліп отырған   бұл жиынды  «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасын  жүзеге асырудағы  маңызды  белес  деп бағалауға болады.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы Мемлекет басшысы маңызды әрі ауқымды   жобаларды ұсынған еді. Бұл мемлекеттік жобалар  аясында елімізде қаншама  шешімін күткен мазмұнды шаралар жүзеге асырылды. Ал, күні кеше  «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақ Елінің әлемдік кеңістіктегі, жаһандық уақыттағы  орнын айқындау мақсатында рухани жаңғыруымызға жаңаша тыныс, кең өріс  беріп отыр.

Осы  орайда   2018-2019 оқу жылы басталған небәрі  үш  айға жетпейтін уақыт ішінде  Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына  орай көптеген игі шаралар жүзеге асты.

Ең алдымен, «Идеядан стартапқа дейін» деп аталған  ХАГДЭЙ   идеялар фестивалі. Оған елімізден ғана емес, Мәскеу, Екатеринбург секілді қалалардан  қатысушылардың  келуі оның дәрежесін халықаралық деңгейге көтеріп отыр,  сонымен қатар биыл фестивальге үш мыңнан аса қатысушының тіркелуі оның  жастар арасында аса танымал болғандығының   дәлелі.

Рухани жетілген тұлға - дені сау тұлға, ол еліміздің болашағы. Бұл ретте біздің жоғары оқу орны  мұрындық болып отырған Студенттер  Ұлттық лигасы (НСЛ) ойындарын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда аталмыш Лига ойындарын    студент  жастардың «толыққанды  бренді» деп бағалауға болады. Студенттердің  бұл ойындарға танытып отырған қызығушылығын Фейсбук, Инстаграмм секілді  әлеуметтік желілерден байқауға болады, студенттердің парақшалары осы ойындардан түсірілген сәттерге толы .

Бұлар біздің жоғары оқу орнымызда Елбасы бағдарламасы  аясында  атқарылып отырған игі істердің бір қыры ғана.Санамалап айтар болсақ, ересек адамдарды  компьютерлік сауаттандыруға бағытталған Елу плюс (50+) бағдарламасы, инновациялық орталығымыздың жобалары және басқа да көптеген игілікті істер  адам санасын рухани жаңғыртуға, модернизациялауға бастайтын қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана.

Қазақстандағы БҰҰ ақпараттық кеңсесінің басшысы Мұхидов Абдурахимнің айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымымен Қазақстан арасындағы  серіктестік қазіргі таңда қарқынды даму үстінде. Бүгінде   Қазақстан  Орталық Азия аймағында  барлық сала бойынша  көшбасшы болып отыр. Еліміз бен БҰҰ арасында  мәдениет пен ғылым саласындағы ынтымақтастық та жалғасын табуда. 2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі бірлесе отырып   білім беру саласында тұрақты дамып келе жатқан  институттың негізін қалады.

Сонымен қатар, конференция барысында философия ғылымдарының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры Дәулетбек Раев   ұлттық сана мен рухани жаңғыру жайында сөз қозғап өтті.  Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасының мән-мағынасын түсіндірді. Көшбасшы рухани бетбұрысты  егемендік алған жылдардан соң, «Тарих толқынында» кітабын жазу арқылы  бастаған, деді ол.  -Қазір біз өмір сүріп жатқан  әлем үрей тудырады. Үрей империясы мықты болып тұр, біз үміт империясына ауысуымыз керек. Адамның физиологиялық қажеттіліктері өтелмей тұрғанда, рухани қажеттіліктерге мән бермей отырмыз. Алайда жағдайды түзету өз қолымызда -  деді.  Рухани соғыс, психологиялық соғыс, ақпараттық соғысты жеңетін – жастар. Ұлттық сана – ұлттық руханияттың нәрі». Рухани жаңғыру деген біздің көрегендігімізге, сақтығымызға, санамызға байланысты. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Калима Бегалинова «Рухани жаңғыру ұлттық бағдарламасы аясындағы патриотизм» тақырында баяндама жасап, білім беру жүйесі  және жастарды патриоттық тәрбиелеу мәселесі туралы айтты. Қазіргі уақытта білім беру жүйесіне үлкен назар аударылуда. Себебі, қазіргі ұрпақ өз тарихын  жақсы біледі деген тұжырымға тоқталды.         Оқытушы студентті қалай дұрыс  оқыту керектігін білмей жатып,  ақпаратты дұрыс жеткізе  алмайды.  Бұрын оқытушы студентті міндетті түрде оқытып шығаруы қажет болса, ал қазіргі әлемде жүйе субьективті  қатынастарға сүйенеді. Студент мұғалімнің серіктесіне айналды десек те болады және бұл үрдіс қазіргі уақытта  қарқынды даму үстінде. Жаңа цифрлық ұрпақ біздің көз алдымызда өсіп келеді. Біздің университеттер толық цифрлануға дайын ба? Сұраққа иә не жоқ деп жауап беруге болады. Иә дейтініміз, студенттердің басым көпшілігі IT- технологиясын  жетік пайдаланады. Олар өздері цифрлық ұрпаққа жатады. Жоқ дейтініміз, кейбір мұғалімдердің өзі технологияларды толықтай меңгермеген.

Шетелдік  университеттер барлық қажетті ресурстарды беруге дайын үлкен дүкен  сияқты. Оқу ордаларында  барлығын  монетизациялауға дайын. Әлемдік көрсеткіш бойынша Америка білім беру саласында жұмсалатын  шығыстары жөнінен жоғары көрсеткішке ие. Олар университеттердің экономикалық дамуы маңызды екенін түсінеді. Сондықтан біз де экономикалық дербестікке ұмтылуымыз қажет. Біздерді кәсіби менеджерлердің жоқтығы, білім саласындағы коррупция, жалақыдағы теңгерімсіздік, жеке ЖОО үлесінің жыл сайын артып келетіндігі, бюджеттің дамуы мен ақылы білім беру арасындағы теңсіздік, т.б. мәселелер алаңдатады.

Профессорлық-оқытушылар құрамы әртүрлі гранттарға, жеке сабақтарға қосымша ақшалай қаражат алуды,  рейтингтерін арттыруға, жоғары рейтингті журналдарда мақалаларды жариялауға және тағы басқа қаражат көзін табуға ұмтылады.  Жастар арасында жұмыссыз қалу  синдромы өршіп тұр.

ХАТУ-дың ассоциативтік  профессоры Ақмаржан Ақыжанова Батысқа еліктеушілік жастарға кері әсерін тигізетіндігін, сондықтан да  шығысқа бет бұру керекпіз, деді. Ата-бабамыздан қалған мұраны жоғалтатын болсақ, ұлттық кодымыздан айырылуымыз әбден мүмкін.  Жаһандану дәуірінде өзімізді, өздігімізді, еліміздің ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін бұзбай сақтаудағы басты міндет  – ұлттық  рухымызды бойымызда мәңгі сақтау. Өзіміздің ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып, бойға сіңіру.

Пленарлы отырыстың соңы секциялардағы жұмыспен жалғасты. Секцияларда  студенттер пленарлы отырыста сөз  етілген мәселелерді одан әрі толықтыра  түсті.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар