Парламент • 30 Қараша, 2018

С.Громов Санкт-Петербургте өткен халықаралық конференцияда баяндама жасады

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов 2018 жылғы 30 қараша күні «Соғыс кезінде кейбір жарылғыш снарядтарды қолданудан бас тарту туралы Санкт-Петербург декларациясының 150 жылдығы: мазмұны жаңа, маңызы көне» халықаралық конференциясында сөз сөйледі.

С.Громов Санкт-Петербургте өткен халықаралық конференцияда баяндама жасады

С.Громов 1868 жылғы Жарылғыш және өртегіш оқтарды қолданудан бас тарту туралы Санкт-Петербург декларациясының тарихи маңызды құжат екеніне конференцияға қатысушылардың назарын аударды. Бұл Декларация әскери қимылдар барысында қарудың жекелеген түрлерін қолдануға тыйым салған және халықаралық гуманитарлық құқықты одан әрі дамытудың негізін қалаған алғашқы ресми көп жақты келісім болды.

Сенат Төрағасының орынбасары жарты ғасыр уақыт ішінде қарудың жаңа түрлері, соның ішінде бүкіл адамзатты жер бетінен жойып жіберетін жаппай қырып-жою қарулары пайда болғанын атап өтті.

Осыған байланысты С.Громов 2016 жылы жарияланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесіне назар аударды. «Бұл бірегей саяси құжат жаһандық қауіпсіздіктің берік кепілдігін қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы басшылыққа алуы тиіс басты қағидаттарды қамтиды. Біріншіден, Манифесте аталып өткендей, қазіргі замандағы соғыстың бірде-бірінде жеңіске жеткендер болмайтынын жете түсінуіміз қажет. Екіншіден, жаңа соғыста жаппай қырып-жою қаруларын пайдаланбау мүмкін емес. Үшіншіден, мемлекеттер арасындағы барлық дауларды реттеудің негізі бейбіт үнқатысу мен сындарлы келіссөздер болуы тиіс», - деді С.Громов.

Ол Қазақстан ядролық қарудан толық бас тартқан әлемге қарай дәйекті түрде ілгерілеуге; орнықты әлем географиясын қалыптастыруға; адамзатты бөліп-жаратын әскери блоктарды жабуға және қарусыздандыру үдерісін жаңа тарихи ахуалға бейімдеуге үндейтінін атап өтті.

С.Громов жуырда ғана Астана клубының отырысында Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзіне парламентшілердің назарын аударды. Елбасымыз геосаяси бәсекелестіктің ушығуы жаһандық қауіпсіздік негіздері мен стратегиялық тұрақтылықты өзгертуіне байланысты өз алаңдаушылығын білдірген болатын. «Жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің шешімдерін іздеу мақсатында Президент 1975 жылы қол қойылған Хельсинки қорытынды актісін жаңартуды және 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі осындай конференцияны өткізуді ұсынды. Елбасы Н.Назарбаев сондай-ақ Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымды құру қажеттігін атап өтті. Астананың бастамасымен құрылған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) осы ұйымның іргетасы бола алады», - деп мәлімдеді Сенат Төрағасының орынбасары.

Сөз соңында С.Громов Санкт-Петербург декларациясы «соғыс қажеттіліктері адамгершілік талаптарының алдында тоқтайтын» шекараны құқықтық анықтау үдерісінің бастапқы нүктесіне айналды, деп атап өтті. «Декларацияда қамтылған, адамгершілікті өзек еткен қағидаттар мен құндылықтарды адамзаттың болашағы үшін сақталуы тиіс», - деп атап өтті Төраға орынбасары.