Президент • 03 Желтоқсан, 2018

Ақтөбеде Тұңғыш Президент күніне орай шара өтті

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбеде ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған басты мерекелік жиын «Мәңгілігін мәнерлеген Елбасы» атты тақырыппен өткізілді. Салтанатты шараға жиналған Ақтөбе аймағының жұртшылығы, мемлекеттік және үкіметтік емес  ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері ең алдымен Елбасы туралы түсірілген «Дарабоздардың дарасы» атты бейнефильмді көріп тамашалады. Бұдан кейін қолдарына мемлекеттік рәміздің бірі – Ту көтерген жас сарбаздар мен патриоттық клубтың мүшелері ортаға шығып әскери саппен алға аттады.

Ақтөбеде Тұңғыш Президент күніне орай шара өтті

1991 жылы 1 желтоқсаны... Бұл егемен еліміздің тарихында мәңгі сақталып әрі мәңгі жатталып қалатын айрықша даталардың бірі. Өйткені дәл осы күні елдің тұңғыш Президентін сайлауға қатысқан қазақстандықтардың 98 пайыздан астамы Н.Ә.Назарбаевты қолдап дауыс берді. Міне, содан бері 27 жыл өтіпті. Қазіргі таңда Қазақстанның атақ-даңқы бүкіл әлемге жайылды. Ең бастысы көп этносты жас мемлекетте бірлік пен келісім, ынтымақ пен ырыс, бақ пен береке қағидаттары салтанат құра бастады. Бұл оң нышан мен көрініс ең алдымен мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың салихалы сыртқы және ішкі саясатының арқасы, - деді ақтөбеліктерді Тұңғыш Президент күнімен құттықтап сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бүгінгі күні еліміз әлемдегі жоғары дамыған елу елдің қатарына кіру бағытын ұстанып отыр. Республикадағы жетістіктердің бәрі Президенттің күн-түн демей өз халқының әлеуметтік тұрмыс-деңгейін көтеру жолындағы төккен терінің арқасы. Елбасы елін сүйсе, елі Елбасын сүйеді. Барша қазақстандықтардың өз Елбасына деген ризашылығы, ықыласы мен алғысы қашан да шексіз. Соның басты бір айғағы барша қазақстандықтардың қолдауы мен 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні деп аталғаны. Осынау дара дата қазіргі күні елімізде мемлекеттік мереке болып жарияланды. Мереке құтты болсын деді бұдан әрі өңір басшысы.             

Тұңғыш Президент күні аясындағы басқосу кезін ел байтағы – Астананың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ақтөбеліктердің үлкен шоғырына «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. Туған елінің өсіп өркендеуіне сүбелі үлесін қосып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балаларға қамқорлық пен қолдау көрсете білген кәсіпкерлер мен белгілі азаматтар әр түрлі аталымдар бойынша марапаттарға ие болды. Шырайы кірген шара кезінде мемлекеттік рәміздер, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер және Қазақстанның өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынастары туралы бейнефильмдер көрсетілді. Бұдан кейінгі кезекте жас әншілер «Менің Елбасы» әнін әуелете шырқады. Сондай-ақ мың бұрала билеген бишілердің хореографиялық қойылымы да мерекелік шараның сәнін келтіре түсті. Бақытты сәт, әлі бақытты шақ деп осыны айтыңыз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе