Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2018

Мүгедек жандардың халықаралық күні атап өтілді

901 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы  облысының Өтеген батыр ауылында «Прогресс» политехникалық колледжінде мүгедек жандардың халықаралық күні аталып өтілді. БҰҰ шешімі бойынша 1992 жылдың 3 желтоқсаны Халықаралық мүгедектер күні болып бекітілген.

Мүгедек жандардың халықаралық күні атап өтілді

Бүгінде Іле ауданында 3000-нан астам мүгедектер тіркелген. Олардың негізгі табысы  мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру есебінен жүзеге асады. Осындай мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету және оларды әлеуметтендіру мақсатында Іле ауданында кәсіптік шаралар тұрақты жүзеге асып келеді. Осы орайда «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы (ФМҚ) мен «Прогресс» политехникалық колледжінің бірлескен жобасын ерекше атап өтуге болады. Мұндағы мақсат осы санаттағы азаматтарға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға, өзінің әл-ауқатын арттыруға және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік беру.

Жоба аясында мүгедек жандарды түрлі мамандықтарға оқыту бағдарламалары жүзеге асуда. Қазіргі кезде ерекше қажеттіліктері бар 30 азаматқа тігінші, наубайшы, аспазшы, массаж маманы, аяқ киім тігу шебері, сабын қайнату шебері, компьютерлік сауаттылықты игеру бойынша дәрістер жүргізілуде.  Кәсіби оқытумен қатар білім алушылар үшін ақпарат және тәжірибе алмасу, шағын бизнесті дамыту және басқа да қызықты клубтар жұмысы жолға қойылған.

«Прогресс» политехникалық колледжінің директоры Жанна Телпекбаеваның айтуынша,  мұндай жобалар мүгедектерге қоғамның толыққанды мүшесі болуға, өз жолын табуға және пайдалы әрі қаржылай тәуелсіз болуға мүмкіндік береді.

Осындай жобалар жүзеге асқан 8 жыл ішінде «Филип Моррис Қазақстан» компаниясы 40 миллион теңгеге жуық қаржы бөлген. Бұл қаражат мүмкіндігі шектеулі адамдарды түрлі мамандықтарға оқытуға, мұғалімдердің жалақысына, курсты оқытуға арналған материалдарды алуға бағытталуда. Осы жылдарда 240 адам оқытылып, олар бүгінде қоғамның түрлі саласында белсенді еңбек етіп келеді.

Тарата айтып өтетін болсақ, олардың 60-ы «Мега» және «Спутник» сауда-ойын-сауық орталықтарындағы киім және аяқ киім жөндеу шеберханасына, Алматы қаласының есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған өндірістік бірлестігіне, киім және арнайы киім тігу компанияларына жұмысқа орналасса, 40 адам жеке кәсіп саласында еңбек етуде.  «Прогресс» политехникалық колледжінде тігін шеберханасында қызмет ететін 10 адам өз өнімдерін өндіріп, Іле ауданында ұйымдастырылған жәрмеңкелерде сатуға мүмкіндігі бар. Ал 7-уі саңырауқұлақ өсіруге машықтанған.  Саңырауқұлақтарды өсіру, сақтау және өткізу жолдары мен әдістерін үйренуде азық-түлік дақылдарын өсіру саласындағы ғылыми мекемелердің көмегі зор. Сондай-ақ 10 адам нан-тоқаш өнімдеріне жеке тапсырыс алса, 20 адам «Атамекен» ҰКП оқыту бағдарламасы арқылы өз бизнесін ұйымдастыру бойынша біліктілігін арттырды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»