Теннис • 11 Қараша, 2018

Дэвис кубогының дәурені аяқталды

368 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда Халықаралық теннис федерациясы (ITF) бір ғасырдан аста тарихы бар Дэвис кубогын үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын хабарлады. Ендігі кезекте ITF футболдан Испания құрамасы мен «Барселона» клубының қорғаушысы Жерар Пике негізін қалаған Kosmos инвестициялық тобымен бірлесіп, теннистен әлем кубогының өткізбек.

Дэвис кубогының дәурені аяқталды

Халықаралық теннис федерациясы таратқан ресми мәліметке қарағанда, ITF Дэвис кубогын өзгертіп, теннистің дамуына қаржылық жағынан қолдау көрсететін Kosmos инвестициялық тобымен 25 жылға есептелген 3 миллиард долларлық жобаға қол қойған. ITF директорлар кеңесі Дэвис кубогының орнына әлем кубогының финалын (World Cup of Tennis Finals) құруды бірауыздан қолдады. Аталған жарыстың жеңімпаздары ресми түрде Дэвис кубогының жеңімпаздары болып есептеледі.

ITF Президенті Дэвид Хэгтери: «Бұл ITF үшін де, теннис үшін де үлкен революция, біздің директорлар кеңесі Дэвис кубогының батыл және амбицияға толы жаңа жоспарын толықтай қолдайды деген ойдамын», дейді. «Біздің мақсатымыз – теннисті сауықтық бағдарламамен үйлестіріп, әлемнің ең мықты деген ойыншылары Әлем кубогында өз елінің атынан қатыса алатындай үлкен турнир ұйымдастыру. Біздің жаңа серіктестігіміз әлемдік теннис Кубогын құрып қана қоймай, әлем бойынша теннис сүйер ұрпақтың болашағына деген үлкен инвестиция болмақ». Жобаның іске асуы жөніндегі соңғы дауыс беру қараша айындағы ITF-тің жыл сайынғы дәстүрлі жиынында өтеді.

Біз айтып отырған реформа тамыз айында Орландода өтетін ITF-тың жыл сайынғы бас ассамблеясында бекітілмек. Әзірге жоспар мынадай: Жаңа турнир алғаш рет келесі жылдың қараша айында ұйымдастырылуы мүмкін. Бір апта бойы 18 құрама топтық кезеңнен бастап бақ сынайды. Әр кездесу үш сеттік форматтағы үш матчтан тұрады: екі жекелей және бір жұптық. Kosmos компаниясының инвестициясы негізінен қатысушылардың жүлдесіне, әр түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылуына жұмсалады. Сондай-ақ құрамалардың кездесу орындары да өзгеріп отырады.

Пикенің теннисте несі бар?

Пике ең алдымен теннистің үлкен жанкүйері. Ол көптеген испандық ойыншылармен араласады және Барселона мен Мадридтегі матчтарға тұрақты түрде барып тұрады. Екіншіден, Пике үшін бұл қызықты іскерлік жоба. Испандық жігіт өзін бұған дейін де бизнесте байқап көрген. Мәселен, оның ойын құрастыратын Kerad Games атты шағын компаниясы бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ол «Барселона» мен жапондық Rakuten компаниясы арасындағы демеушілік келісімді іске асыруға көмектескен. Пике мен оның әйелі Шакира Rakuten басшысы Хироши Микитанимен достық қарым-қатынаста және олар Сан-Францискода кешкі ас ұйымдастырып, сол жерде компания мен «Барселона» арасындағы серіктестікті келіскен.

Теннистің командалық турнирін құру туралы ойды Пике өткен жылдың мамыр айында айтқан болатын. Сол кезде футболшы жарыс болып жатқан Мадридке барып, келіссөздер жүргізіп келді. Бірақ ол уақытта Дэвис кубогын өзгерту туралы ой болмаған. Тек жыл сайын Roland Garros алдында Дюссельдорфта өткізіліп тұрған «Үлкен дулыға» кубогы сынды турнир жасауды қолға алды. Дегенмен соңғы жылдары оған тек сегіз команда қатысып, ұйымдастырушылар жөні түзу команданы да жинақтай алмаған соң байқауды жауып тастаған.

Пикенің ойы бар болғаны турнирді жаңаша екпінмен және қолайлы уақытта өткізетіндігімен ғана ерекшеленеді. Жалпы, 1975 жылдан 2012 жылға дейін АТР күнтізбесінде Дюссельдорфта өтетін World Team Cup топтық турнирі бар болатын. Бірақ оның маңызды демеушілері болмады және ол қолайсыз уақытта болатын. Яғни, World Team Cup ойыны әлемнің барлық ТОП ойыншылары «Үлкен дулыға» сериясына енетін «Ролан Гаррос» турниріне қатысатын аптаның алдында өтетін.

Кубок несімен ұнамай қалды?

Соңғы кездері Дэвис кубогына сын айтушылардың саны көбейіп кетті. Біріншіден, ол маусым бойына созылады. Екіншіден, ойындар қолайсыз уақытқа қойылған. Әдетте «Үлкен дулыға» турнирінен кейін ұйымдастырылатын. Ал кубогтың финалы ТОП теннисшілер әбден шаршап-шалдығатын жылдың соңында өтетін. Үшіншіден, матчтар кейде қолайсыз елде ұйымдастырылады. Мәселен, Australian Open турнирінен кейін Аустралияда ойнаса мәселе басқаша болар еді, ал жасыл құрлыққа «Уимблдоннан» (Англия) кейін ұшып бару өте қиын. Төртіншіден, Дэвис кубогында әлі күнге дейін бессеттік формат, яғни ойыншының үш күнде үш бессеттік матч (екі жекелей және жұптық) өткізе алатындығы көбісіне ұнамайды. Тіпті осы уақытқа дейін бесінші сетте тай-брейк болмайтын, сол себепті матчтардың үздіксіз жалғаса беруі мүмкін еді. Осы маусымнан бастап қана жағдай өзгерді.

Осындай жайттардың әсерінен көптеген ТОП ойыншылар Дэвис кубогына қатыса алмайтын немесе маусымның өту мезгіліне қарай бір матчқа ғана келетін. Мысалы, 2015 жылғы кубогта Энди Маррей Британия сапында толық ойнап шықса, басқа үздік ойыншылар кестелеріне сәйкес өз құрамалары үшін ойнай алмады. Ал мұнан бір жыл бұрын да дәл сондай жағдай Швейцариямен болған: Роджер Федерер мен Стэн Вавринка Дэвис кубогында ойын өткізген жалғыз ТОП ойыншылар болды.

Көбі ITF-тан Дэвис кубогын жаңартуды сұрап, ұсыныс білдірген. Бірақ әзірге жөні түзу ұсыныстар айтылған жоқ. Сол себепті, Джокович бұл тақырыпты талқылаудан жалыққанын айтады, ал Томаш Бердых құрамадағы мансабын аяқтады. Кубоктың жаңа турнирге өзгеруі мәселенің ең оңтайлы шешімі болар еді. Негізі әлемнің ТОП ойыншылары өз құрамаларында ойнағысы келеді, бірақ өте тығыз маусымдық кестелеріне байланысты Дэвис кубогынан амалсыз шет қалып жатады. Сонымен қатар ТОП ойыншылардың матчтарын жанкүйерлер қызығып қарайды (бұл үшін былтырғы Маррейдің Дель Потромен бес сағаттық триллерін еске түсіру жеткілікті).

Дэвис кубогы қандай жоба еді?

Дэвис кубогы – Халықаралық Теннис федерациясы жыл сайын өткізетін ерлер арасындағы ең ірі халықаралық командалық жарыс. Жүз жылдан асатын тарихы бар турнир ұлттық құрамалардың бейресми чемпионаты саналады. Ең алғаш 1899 жылы Гарвард университетінің төрт студентіне ұлттық құрамалар ойнайтын теннис турнирін ұйымдастыру туралы ой келеді. Студенттердің бірі Дуайт Дэвис жарыстың кестесін құрып, өз ақшасына жарыстың сыйлығы ретінде күміс кубокты сатып алады. Алғашқы турнир 1900 жылы Бруклинде өтіп, оған АҚШ және Ұлыбритания құрамалары қатысқан.

Турнирдің 1981 жылғы соңғы ережесі бойынша командалар дәрежелеріне қарай, үш топқа бөлінеді. Бірінші топ – әлемдік элита. Яғни, әлемнің ең мықты деген құрамалары өзара жеңімпаздарды анықтайды. Екіншісі – аймақтық топтар (Америка, Еуропа/Африка, Азия/Мұхит аралдары). Үшіншісі – аутсайдерлер тобы.

Дэвис кубогының ең алғашқы жүлде қорын 1981 жылы НЕК компаниясы тағайындап, турнирдің бас демеушісі атанған. Ал 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін «BNP Paribas» банкі ұлттық құрамалардың бейресми чемпионаты саналатын жарыстың бас демеушісі болып келеді. Дэвис кубогының қазіргі жүлде қоры 8,5 миллион АҚШ долларын құрайды.

Әрине, бәріміз ескі форматты Дэвис кубогын сағынатын боламыз. Бірақ жаңасы да өте қызықты болғалы тұр. Көрермендер санын арттыру және коммерциялық табыс үшін спорттың барлық түрінде өзгерістер болып тұрады. Мысалы, футболдан Еуро-2020 чемпионаты бір елде емес, 12 елдегі 12 қалада өтеді. Ал Еуропа хоккей турында Канада құрамасы ойнады. Жалпы айтқанда, егер жаңа формат дұрыс болмай жатса ескісіне ауысуға ешқашан кеш емес.

 

Талғат МҮСІРЕПОВ,

Благодар мектебі

АҚТӨБЕ