Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2018

Шымкентте Елбасы тілегі жазылған «Жер ана» монументіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде

692 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте үш бидің дана сөздері мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тілегі жазылған монумент қайта жөндеуден өтуде.

Шымкентте Елбасы тілегі жазылған «Жер ана» монументіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Шаһардың орталығындағы Ордабасы алаңына қойылған «Жер ана» монументінің қасбеті қымбат тастармен қапталып жатыр. Тұғырда тұрған биіктігі 25 метр еңселі ескерткіш бой көтергелі бері жөндеу көрмеген. Ескіре бастаған ескерткішті қала сәулетіне жауапты мекеме Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жөндеуден өткізіп, жаңа келбетке келтірмек.

Естеріңізге салар болсақ, «Жер ана» монументі 2011 жылы кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған. Сол кезде жабыстырылған гранит тастардың желімі ажырап, соңғы уақытта айналасына қауіп төндіруде. Қала басшылығы осы жағдайды ескере отырып, ескерткіштің тастарын жаңартуға тапсырма берген. Әрі, жөндеу жүргізетін мердігерді анықтаған.

«Ескерткіштің жалпы аумағы 100 метрді құрайды. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша қазіргі таңда өз материалы өзіне жұмсалып, соңғы технология бойынша жаңартылып жатыр», дейді мердігер мекеме өкілі Сағат Молдабеков.

Құрылысшылардың айтуынша, сәулеттік ескерткіштің айналасындағы ескі жиек тастары да алмастырылып, жөндеу жұмыстары 16 желтоқсанға дейін аяқталатын болады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»