Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2018

Азат Сарпеков: Өнімдерімізді нарыққа неге шығара алмай отырмыз?

339 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Азат Сарпеков: Өнімдерімізді нарыққа неге шығара алмай отырмыз?

Семейдегі электротехникалық колледж туралы ауыз толтырып, мақтан етіп айтуға әбден болады. Колледждің директоры Азат Сарпеков күн-түн демей жаңа жобаларды зерттеп, өткеннен қалған маңызды дүниелерді жетілдіре түсумен айналысып келе жатқан талантты басшылардың бірі. Жақында осы оқу орнына облыс әкімі Даниал Ахметов келген кезде, Азат Сарпеков аймақ басшысына Шығыс Қазақстан облысының педагог мұғалімдері мен жастарын IT-технологиясы мен робототехникадан оқытып әрі үйретіп, мамандар дайындап шығара алу мүмкіндігіне ие екендігін айтқан еді. Облыс басшысы бұны бірден назарға алып, осы мәселе бойынша тез арада айналысыңыз деп орынбасары Әсем Нүсүповаға тікелей тапсырма берді. 

Себебі биыл ШҚО мектептерінде IT-технология және  робототехника бойынша 277 кабинет ашылды. Бұл Қазақстан бойынша, ректордтық көрсеткіш. Басқа облыстарда мұндай алға жылжу жоқ. Десек те, бұл саланы меңгерген информатика мұғалімдерінің өзі тапшы болып отыр екен. Ал бар деген мұғалімдердің өзін қайта даярлықтан өткізу керек екен. Заман талабы солай. Жақында ШҚО Білім басқармасы, Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы мен Электротехникалық колледж үш жақты түрде келісімшартқа отырды. Біріншіден өз мамандығын өзгерткісі келетіндер арасында, екіншіден жұмыссыз жүрген жастар бойынша, үшіншіден мектеп түлектерінің қалауына орай IT-мамандарды осылардың арасынан даярлап шықпақ.

2018-19 оқу жылында «Нұр Отан» партиясының жобасы арқылы 155 курсант осылайша IT-технологиясы негіздерін оқып меңгермек. Десек те, жоғарыда айтқан мұғалімдерді қайта даярлау, оқыту  мәселесі жеке бағдарлама болуы қажет боп тұр.  

- Бұл мектеп оқушылары үшін қызықты әрі аса қажет білім болып саналатындықтан облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен «Менің мектебім» жобасы аясында 277 робототехника сыныптарын жабдықтауға демеушілерді де шақырып отырмыз,-деді «Нұр Отан» партиясының Семей филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалтдинова. 

Нарық заманы, жұмыссыздық дейміз. Десек те, ІТ-мамандар жоқ екендігі белгілі болып отыр. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясының ұсынысымен Семей және Өскемен қалаларындағы екі колледжде осы жұмысты жүргізу мәселесі қазірде назарға алынып жатыр.

Екі колледждің бірі Семей қаласындағы осы Электротехникалық колледжде халықаралық ресурстық орталық жұмыс істейді. Бұл сонау 2013 жылдан бері іске қосылыпты. Бұл жерде техникалық мамандықтарға баулып, жұмыссыз жүргендердің екі қолына бір күрек тауып беруге тырысады. Маңызы зор орталық. Электротехникалық колледждің директоры Азат Сарпековтың пікірінше, ресурстық орталық жылына 70 млн. теңге пайда таба алады.

Облыстан келген жұмыс тобына ресурстық орталықтың мүмкіндігін таныстырып, аралатқан Азат Сарпековтың айтуынша, арнайы шеберханалары заманауи құрал-жабдықтармен және кабинеттермен қамтылған. Курсанттар тек қана дәнекерлерудің алты түрін игерулері шарт.

Себебі жұмысшыларға қойылатын заман талабы өте қатал. Олар дәнекерлеп қана қоймай, токарлық, слесарлық станоктарда жұмыс істеп, технотроника және робототехникамен де айналысулары керек. Информатикалық бағдарламаны терең меңгерулері де аса қажет. Сондықтан да осындағы ресурстық орталықтың аясынан жастарға арналған инновациялық шығармашылық орталығы да ашылған.

- Біздің ең үлкен жастағы студентіміз 67 жаста, ал ең жасымыз 15-те,-деді директор Азат Сарпеков,-ешкімге бөгет болмаймыз. Техникалық үдеріске қызығушылық танытушыларға есігіміз әрдайым ашық. Қазір мектептер 5 күндік оқу жүйесіне көшті. Сенбі күні балалардың қолдары бос. Сол күні олар біздің колледжге келіп, түрлі үйірмелерге қатыса алады. Олар технотроника, робототехниканы меңгеріп, web-cайттар ашады. Мәселен, қалта телефонының қорабын жасауды арнайы станоктағы бағдарлама арқылы жүзеге асыруға болады. Осындай өнерді меңгерген адам ешуақытта жалақысыз, жұмыссыз отырмасы анық.

Әрине, Электротехникалық колледж Қазақстан Президентінің рейтингіндегі үздік он колледждің қатарына кіріп отыр. Колледжді аралап келушілердің де саны күн сайын арта түскен. Солардың бірі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Василий Олейников болды.

-Біз 17 мамандыққа кәсіп иелерін дайындаймыз,-деді колледж директоры Азат Сарпеков,-ең басты негізіміз IT-технология. Нәтижелерімз де жоқ емес. 2017 жылы  World Skills чемпионатында Қазақстандағы 823 колледж ішінен 1-інші орынды жеңіп алдық. Сөйтіп Әбу-Дабиға Әлем Чемпионатына қатыстық. Қазір педагогикалық ұжымымыз білімдерін жетілдіру үшін Түркияда түгелдей оқып жатыр.  Колледжімізге 100 млн теңгенің құрал-жабдығы сатылып алынды. Бұл «ЧПУ» станоктар, газбен дәнекерлейтін электр жабдықтар, плазмалық және тағы басқа заманауи дәнекерлеу түрлері.

«ЧПУ» станоктың көмегімен студенттер түрлі ағаш бұйымдарын өңдеп жасап, шахмат, есік тақтайлары, терезе жақтауларын жасап шығаруда екен. Тіпті жатақханаға қажетті есік-терезені де өздері жасап шығарған. Осының барлығын есепке ала келе Азат Сарпеков шаруашылық басқару құқығын ресімдегісі келетіндігін айтады. 

-Бізге келген сапарында Мәжіліс депутаты Василий Олейниковке де өтініш жасадым,-деді Азат Сарпеков,-мен қазір шаруашылығымды басқарып, жұмысымды жүргізуге құжат тапсырып қойдым. Бірақ, мен не колледж, не шаруашылық болуым керек екен. Біз тек 8-сыныптан кейін балаларды оқытып жібере салатын Кеңес үкіметі тұсындағы СПТУ деңгейінен өтіп кеттік қой. Кейбір жеке кәсіпорындарға қарағанда, базардағы дүниелермен салыстырғанда біздің шығарған есік-терезе, басқа да жабдықтар әлдеқайда сапалы. Бірақ мемлекеттік меншік пен білім туралы заң қайшылықтарына орай, керемет жасаған дүние, тауарларымызды нарыққа өткізе алмай отырмыз. Мен шетелде білім алдым. АҚШ-та мәселен, мектептердің төменгі бөлігінде шыны салондар орын тепкен. Онда олардың өнімдері сатылады.  Мен Висконсин мектебінде болдым. Керегімді сатып алдым. Оларда бұл заңды. Ешкім қудаламайды. Ал бізде жасағанның үстіне жатырмыз, жасап жатырмыз, өткізетін жер жоқ.

Айта кету керек, Азат Сарпеков Қазақстандағы ең жас директор. Небәрі 23 жасында осы Электротехникалық колледжді басқаруды бастап отыр. Осы колледждің түлегі, осыдан төрт жыл бұрын Электротехникалық колледжді бітіріп шыққан. Азат Сарпеков «100 жаңа есім» жобасына кірген. Директордың өтініше құлас асып, олардың өнімін өткізуге жіне осындай бағыт алған колледж, оқу орындарының жаңашыл бастамаларына қолдау көрсету қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

Семей