Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2018

Шетелдіктер де шекесінен қарамайды

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылы Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің жанынан медицина факультеті ашылған болатын. Таяуда осы факультетте білім алу үшін үндістандық студенттердің алғашқы легі келді.  

Шетелдіктер де шекесінен қарамайды

Жоғары оқу орны мен Үндістанның «SunTrap 786 LIMITED» компаниясы арасында жасалған келісімге сәйкес үндістандық 27 талапкер Көкшеге келіп жетті. Келісім бойынша аталмыш компания 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығына дейін Пәкістан, Шри-Ланка, Непал, Бангладеш тәрізді мемлекеттерден де тартылуға тиісті.

–Шетелдік студенттерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Факультет деканы орынбасарының лауазымына арнайы штаттық бірлік бөлініп отыр. Біз жоғары оқу орнының беделін биіктету қажет екендігін жақсы түсінеміз. Сондықтан, визадан бастап, тұрғылықты жеріне тіркеу, алаңсыз білім алулары үшін барлық жағдайды тудырамыз,–дейді халықаралық ынтымақтастық, интернационалдандыру және академиялық ұтқырлық орталығының жетекшісі Екатерина Туровская,–тіпті шетелдік студенттерге өздері сүйіп ішетін ас мәзірін дайындау үшін арнайы аспаз да жалдап қойдық.

Олар қонақ үй іспетті жатақханаға орналастырылды. Алғашқы бейімдеу кезеңінен өткеннен кейін білім алуға кіріспек. Жоғары оқу орнына тасымалдау мәселесі де шешілді.

Ендігісі білім алу мәселесі. Бұл орайда арнайы дәрістер дайындалып, үш тілде 3D технологиялары әзірленген.  Білім үрдісі қарқынды курстар түрінде жүргізілетін болады. Сөз арасында аталмыш университетте қазіргі күні Қытай, Германия, Ресей, Моңғолия, Беларус, Әзірбайжан тәрізді барлығы он мемлекеттің жастары білім алып жатқандығын айта кеткеніміз орынды болмақ. Шетелдік жастардың көпшілігі филология және педагогика факультеттерінде білім алуда.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы