Үкімет • 06 Желтоқсан, 2018

Бизнес мүмкіндікті пайдаланбай отыр

313 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен кәсіпкерлер палатасы төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. 

Бизнес мүмкіндікті пайдаланбай отыр

Сөз басын биылғы жылды қорытындылаумен бастаған Үкімет басшысы жыл басынан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енгенін, кедендік алымдар кезінде ашықтықты қамтамасыз ету үшін таяуда қабылданған жаңа Кеден кодексінің жұмыс істеп жатқанын, халықаралық сауданы дамыту үшін ке­ден­дік инфрақұрылымның жақ­сартылғанын, Кәсіпкерлік кодексіне жүйелі өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­т­ап 89 мың шағын және орта бизнес субъектілеріне салық амнистиясын жариялау, нақтырақ айтар болсақ, өсімақы мен айып­пұлдарды сызып тастау туралы шешім қабылданғанын, салықтық заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды күшейту мәселелерінің де қа­ралып жатқанын айт­ты. Жалпы, соңғы жылдары Үкі­меттің «Атамекен» палата­сымен бір­лесе атқарған жұмыс­тарының нә­ти­жесінде бизнес­ке бақылау-қада­ғалаудың төмен­дегені анық. Бизнеске мұндай еркіндіктер бе­руде экономиканы цифрлан­ды­рудың үлесі орасан екенін мәлім­деген Үкімет басшысы қазақстан­дық кәсіпкерлердің экспорт географиясын кеңейту мәселесіне де тоқталды. 

«Қазір барлық нарық ашылып жатыр. Әсіресе Қытайдың үлкен нарығын ерекше атап өткен жөн. Қытай үкіметі тарапынан да ұсыныстар болды. Қытайлық әріптестеріміз бізбен бірлескен кәсіпорындар құру арқылы өнімдерді үшінші елдерге сатуға құлшынып отыр. Бұл дегеніміз –  отандық кәсіпкерлер қытайлық әріптестерімен бірлесіп, Қытай арқылы Оңтүстік Азияға шыға алады. Осы мүмкіндікті сәтті пайдаланамыз деп үміттенемін», деді Б.Сағынтаев. Премьер-Ми­нис­трдің пікірінше, бүгінде қазақ­стандық кәсіпкерлер біраз өнім­дерін Қытайдың өзіне тасымалдай алмайды. Дегенмен, тауарларды осы мемлекет арқылы Оңтүстік Азияға шығаруға әбден болады.

Сонымен қатар Б.Сағынтаев әлемде сауданың электронды форматқа ауысып жатқанын айта келіп, Қазақстан да бұл секторды дамыту үшін Астана қаржы орталығы мен Астана хабтың жұмысын бастағанын айтты. Нәтижесінде, қазірдің өзінде жаңадан ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылуда. 

Кәсіпкерлермен кездесе отырып, Үкімет басшысы бюджеттен шағын несиелеуге берілген қаражаттың игерілмей жатқанын да назардан тыс қалдырмады. «Аталған бағдарлама бойынша бөлінген қаражат сұранысқа ие емес. Кей жерлерде жақсы жол­ға қойылғанымен, кей қала­лар тіпті игермей жатыр», деген Б.Сағынтаев шағын несие игеріл­мей жатқан өңірлердің бірі ре­тінде Түркістан облысын ата­ды. Қаражаттың игерілмей қа­луына бірінші кезекте жергі­лікті әкімдіктер айыпты десек, кей мәселелерде атқарушы би­ліктің берген мүмкіндігін кәсіп­керлердің де пайдаланбай отырған кездері бар екен. Мәселен, Үкімет басшы­сы арнайы экономикалық аймақ­тар­дағы (АЭА) жеңіл­дік­терді кәсіп­керлердің өз игі­лік­теріне жаратпай отырға­нын сынады. «Арнайы эконо­ми­ка­лық аймақтар мен индустриялық аймақтардың бар екенін айт­тық. Бірақ статистика бойын­ша бұл аймақтар дұрыс толмай жатыр. Барлық инфра­құ­рылым мен жағдай жасалған, бірақ кәсіпкерлердің қызығу­шы­лық­тары жоқ», деген Үкімет басшы­сы мәселенің себебін анықтау кере­гін айта келіп, «Атамекен» ҰКП-ның осы туралы терең сараптама жасар жөні бар екенін айтты. 

Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, палата бастамасымен соңғы жылдар ішінде бизнес-ортаны жетілдіру мақсатында рұқсат беру саны 72 пайызға, талаптар саны 58 пайызға азайтылып, нәтижесінде бизнестің бір жолғы шығындары 600 млрд теңгеге төмендетіліп, бизнес жыл сайын 5,5 млрд теңге үнемдейтін болды. Ал заңнаманы ізгілендіру мақсатындағы бастамалар нәтижесінде 2016 жылы республика бойынша 320 мың кәсіпкер жауапкершілікке тартылса, 2018 жылы бұл көрсеткіш әзірге 200 мыңның айналасында болып отыр.

Келер жылға жоспар ретінде кәсіпкерлер палатасы жеті өңірлік негізгі бастаманы мақсат етіп отыр. Атап айтар болсақ, ақпаратқа онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ету; толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын құру мен дамыту; шағын индустриялық аймақтарды құру мен дамыту; сауда жасауға бос алаңдар бөлу; кеңес беру-ақылдасу органдарының тиімді қызметін қамтамасыз ету; мемлекеттік сатып алуларда жергілікті қамтуды арттыру және өңірлік даму институттарының рөлін күшейту.

Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»