Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2018

Маңғыстаудағы Басқұдық ауылына газ келді

363 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Маңғыстау облысының елді мекендердегі 2015-2020 жылдарға аралығын газ тасымалдау жүйелерін жаңғырту және жаңасын салуға бағытталған инвестициялық жобасы аясында жүргізілген газ құбырының жұмысы таныстырылды.

Маңғыстаудағы Басқұдық ауылына газ келді

Аталған жоба аясында жоспарланған 100 тұрғын үйді көгілдір отынмен қамтитын 2,6 шақырым газ құбырының 1,2 шақырымына газ берілді. Бұл 45 абонентті газбен қамтуға жеткілікті.

Аталған жұмыстар толығымен 2019 жылы аяқталады деп күтілуде. Жалпы жоба аясында 20 шақырым газ құбыры салынып, 690 абонент қосылады. Негізінде бұл жоба 1328,63 шақырым Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия, Бейнеу аудандары мен Жаңаөзен қаласында газдандыру, жаңарту-жаңғырту жұмыстарын қамтиды.

Жобаны жүзеге асырушы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Маңғыстау өндірістік филиалының игілігінде 6 аудандық газ шаруашылығы, ұзындығы 3875,2 шақырым газ құбыры, 3356,4 шақырым газ таратушы жүйесі және 518,8 км «Жаңаөзен-Ақтау» магистралдық жүйесі бар.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы