Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2018

Батыс Қазақстандағы Жалпақтал ауылында жаңа үйлер тапсырылды

1033 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауылына қарасты Жалпақтал ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 12 отбасы жаңа үйге ие болды.

Батыс Қазақстандағы Жалпақтал ауылында жаңа үйлер тапсырылды

Ауыл тұрғындарының осы қуанышына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ортақтасты.

- Бүгінгі тапсырылып отырған жаңа үй – Батыс Қазақстан облысының аудандарында биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бой көтерген 104 үйдің бірі. Ал облыс бойынша жаңадан 3500 пәтер салынып жатыр. Біз жақында Тұңғыш Президент мерекесіне орай Орал қаласында 120 пәтерлік үйді берген болатынбыз. Жақын уақытта тағы тоғыз қабатты екі үй пайдалануға беріледі. Дәл осы Жалпақталды айтатын болсақ, 3-4 жыл бұрын мұнда жол жоқ еді, аудан орталығында орталықтандырылған су жоқ еді. Қазір екеуі де келді. Ауыл ішінде биыл Сырым Датұлы, Мәсәлимов көшелері жөнделді. Балабақша күрделі жөнделіп, су жаңа кейіпке енді. Мұның бәрі – мемлекеттің көмегі, тұрғындарға деген қамқорлығы. Бұл алдын ала жоспарланған, жүйелі, үлкен жұмыс, - деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.

Өңір басшысы келесі аптада Орал қаласын Ресейдің Саратов қаласы бағытына шығатын шекараға дейінгі 104 шақырымдық жол құрылысы аяқталатынын, алдағы уақытта Самара мен Орынбор бағытындағы автокөлік жолдары да күрделі жөнделетінін хабарлады. Ал өңірдің оңтүстік аудандары тұрғындары зарыға күтіп отырған Бөкей ордасы мен Жәнібек жолы жаз шыға басталады. Келер жылы Қазталовқа жол жетеді, одан әрі Жәнібек, Хан ордасы, Сайхын ауылдарына жол тартылады.

- Жол салынған соң бұл аудандардың екінші тынысы ашылады, ағайындардың бір-бірімен араласуы артады. Алда тұрған жоспар көп. Биыл осы Қазталов ауданында 13 елді мекенге газ беріп бастадық. 13 ауылға таза ауыз су құбыры тартылды. Дәл қазір Жалпақталда газ да бар, су да бар, жол да, интернет те бар. Біздің айтылған жоспарымыз жерде қалмай, бәрі де орындалып жатыр. Болашақта да солай болады. Алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, - деді Алтай Көлгінов.

– Мен Жалпақталдағы аграрлық және салалық технологиялар колледжінде оқытушымын. Бүгін пәтер кезегі бойынша жаңа баспанаға қолым жетіп отыр. Осы қуанышыма себепкер болған Елбасыға, облыс басшыларына және құрылысшыларға алғысым шексіз. Үйіміз кірсе шыққысыз, ұядай жылы, газы, суы ішінде – қаладағыдай бір де кем емес, - дейді қоныстой иелерінің бірі Айгүл Өтебәлиева.

Екі қабатты, 12 пәтерлік тұрғын үй құрылысы Жалпақталда биылғы шілде айында басталған еді. Ол үшін облыстық бюджеттен 132,5 млн. теңге бөлінген. Жаңа үйдің жалпы жалпы аумағы 730 шаршы метр. Құрылысты жүргізген «Эврика» ЖШС мамандары үйді жоспардағы 5 айдың орнына 4 ай ішінде салып үлгерген.

– Біз құрылысты тым суыққа қалмай, ертерек аяқтауға тырыстық. Бірақ сапасына да ерекше көңіл бөлдік. Жалпы құрылысқа 3 мың тоннадан артық материал кетті. Айта кетейін, үй құрылысына пайдаланған материалдың бәрі де жергілікті кәсіпорындардың өнімі. Тағы бір ерекшелігі, жылу жүйесін әр пәтер иесі өзі реттей алады. Жергілікті 15 адамды құрылыс жұмысына тарттық, - дейді мердігер компания басшысы Олег Тетеро.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Темірболат Тоқмәмбетов