Спорт • 06 Желтоқсан, 2018

 «Алтай» волейболшылары тағы да жеңілді

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Чжэцзян қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлемнің клубтық чемпионатында Өскеменнің «Алтайы» қатарынан екінші ойында жеңілістің кермек дәмін татты. 

 «Алтай» волейболшылары тағы да жеңілді

Тұсаукесер кездесуде жерлестеріміз Түркияның «Эджзаджибашиына» еш қарсылық көрсете алмады. 2015 және 2016 жылдары осы турнирді қатарынан екі рет ұтқан ыстамбұлдық волейболшылар «Алтайға» бас көтерткен жоқ – 3:0 (25:10, 25:11, 25:15). Келесі ойында Бразилияның «Прайя клубымен» күш сынастық. Бұл жолы да қарсыластар командасы үстемдік танытты – 3:0 (25:14, 25:16, 25:17). Енді ертең Өскеменнің арулары Таиландтың «Суперімен» кездеседі. Тай елінің өкілдері де алғашқы екі бәсекеде жеңіліс тапты.

Қазіргі кезде «В» тобында 6 ұпайды олжалаған Түркия мен Бразилияның қыздары иық тіресіп, көш басында келеді. Таиланд пен Қазақстанның волейболшыларының қоржыны бос. Ал «А» тобында Түркияның «Вакыфбанкына» әзірге тең келер команда табылмай тұр. Олардың еншісінде 6 ұпай бар.


 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»