Әдебиет • 06 Желтоқсан, 2018

Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында мазмұнды жүздесу өтті

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», деп атап көрсетті. 

Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында мазмұнды жүздесу өтті

Осыған байланысты, Алаш жұртының асқақ айбарына айналған ару Астананың 20 жылдық мерекесіне арналған шаралар жыл бойы жалғасуда. Жақында осындай бір шара елордадағы Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Асқақтай бер елімнің Астанасы» айдарымен өтті.

Оқырмандар көп жиналған мерекелік шараны Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Сағыныш Сейдахметова ашып, жүргізіп отырды. Бас қаламыздың осынау қалыптасу кезеңіндегі елеулі жылдар туралы естеліктерді еске ала келіп, осы бір шежірелі оқиғалардың бел ортасында жүрген бүгінгі ардагер астаналықтарға сөз берді. Алғашқы сөзді кезінде Астана қаласындағы халқымыздың біртуар перзенті Сәкен Сейфуллиннің мұражайын ашып, осы бір тәрбие орталығының іргетасын қалаған құрметті зейнеткер Роза Асылбековаға алды. Роза Иманғалиқызы осыдан 20 жыл бұрын алғаш Алатау баурайындағы Алматы қаласынан Сарыарқа төсіндегі Ақмолаға көшіп келген елордамыздың іргетасының қалануы, қалыптасуы туралы өзі куә болған оқиғалармен бөлісті. Қазақ архитекторлар одағының президенті Серік Рүстембеков сәні мен сәулеті жарасқан бүгінгі бас қаламыздың қайталанбас архитектурасын қалыптастыруда Елбасының ерекше еңбегін атап көрсетіп, сәулет өнерінің озық туындылары болып табылатын кейбір ғимараттардың құрылысын, салыну тарихын тілге тиек етті.

Сонымен бірге, мазмұнды басқосуға Астана балет театры директорының орынбасары Дүйсен Мұсабеков, Астана опера және балет театры мұражайының меңгерушісі Әфриза Құсайынова, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Жылқыбай Жағыпарұлы, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ғалым Қожабеков, кешегі Ақмола, бүгінгі Астанадағы талай буын жас өнерпаздарды тәрбиелеуде ерекше еңбек сіңірген музыка саласының ардагері, №1 музыка мектебінің ұлағатты ұстазы Оспан Сүлейменов қатысып, бас қаламыздың 20 жылдық даму шежіресіндегі өздері куә болған оқиғалар туралы естеліктерімен бөлісті. Кездесуге қатысқан ардагерлер жас оқырмандар тарапынан қойылған сансыз сұрақтарға мазмұнды жауап берді.

Астана қаласындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне кіретін Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы жас астаналықтардың рухани дүниетанымын кеңейтетін ірі орталықтардың бірі. Бүгінде бұл кітапханада 162 мыңнан астам кітап қоры бар.Оқырмандар саны 8 мыңнан асады. Өз ісінің маманы Жазира Едігенова басқаратын балалар кітапханасы жас ұрпаққа жан жақты тәрбие беріп, білім қазынасымен сусындатуда ерекше еңбек сіңіріп келеді.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»