Технология • 06 Желтоқсан, 2018

Алматыда Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қызметі туралы дөңгелек үстел өтті

1272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві және Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Кеңестік тарихнамадағы тұлғатану мәселелері: Жұмабай Шаяхметов» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Алматыда  Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қызметі туралы дөңгелек үстел өтті

Ғылыми жиын алдында Жұмабай Шаяхметовтың өмірі мен қызметіне арналған құжаттамалық көрме таныстырылды. Онда ғылыми ортаға бұрын-соңды таныс болмаған тың мәліметтер де орын алды.

Институт директоры Зиябек Қабылдинов негізгі тақырыпқа тоқталып, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметовтың өмірі мен қызметі негізінде кеңестік тұлғатанудағы өзекті мәселелерді зерттеу, тарихтағы рөлін анықтау мақсатында ұйымдастырылған ғалымдар басқосуының маңызы зор екендігін атап өтті.

Бүгінде ғалымдар зерттеулері мен архив қойнауында жатқан құжаттар мемлекет дамуы жолында күрескен Жұмабай Шаяхметов сынды көптеген ұлтжанды азаматтардың өмір жолына басқаша көзқараспен қарауды талап етіп отыр. Кезінде жаңсақ орын алған оқиғалар, саяси жала жабу сияқты ұлт қайраткерлерінің тағдырына жасалған қасастық бүгінгі тарихи деректер үдесінен алғанда ғалымдар тарапынан барынша ақиқатпен айтылуы қажет.

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова гуманитарлық білімнің қоғамдық сананы жетілдірудегі маңызына тоқталып,  Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы Мәңгілік елдің әрі қазақстандық отансүйгіштіктің негізі деп атап өтті. Бүгінде ҚР Президентінің Архивінде өткен ғасырдың 20-шы жылдарына тиесілі архив құжаттарының мол қоры жинақталған. Осы маңызды құжаттар негізінде  Қазақстанның дамуына зор үлес қосқан тұлғалар  жайындағы деректер үлкен зерттеулерді қажет етеді.

Ал ғылым докторы, қоғам және мемлекет қайраткері Борис Жапаров ҚР Президент Архивінің қорында әлі де ғылыми айналымға енбеген мұралардың жеткілікті екендігін құптап, зерттелмеген құжаттардың топтамасы Қазақстандағы коммунистік билік кезеңі, ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдары мен тың көтеруге дейінгі аралықтағы ел тарихын қамтиды деп атап өтті. Бүгінде өз деңгейінде саяси бағасын ала алмай отырғандығына қынжылысын білдірген Борис Әлікенұлы Жұмабай Шаяхметовтың қызметі елдегі қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келді, дейді. Қайраткер тұлға елдің өзге азаматтарымен бірге тың көтеруге қарсы тұрды. Әрине, елді мал шаруашылығы жайылымынан, жем-шөп қорынан айыру, көгалды жерлерін аударып тастап, экономикасын жүргізу дәстүрінен айыру елді қандай қиын жағдайға душар ететіндігіне алаңдады. Елін сүйген қайраткер қазақ әйелдерінің білім алуына да зор ықпалын тигізді. Қыздар институтымен қатар консерваторияны, басқа да оқу орындарының ашылуына мұрындық болды.  

Жұмабай Шаяхметовтың ел өміріндегі қызметі тұрғысындағы тағы да көптеген мазмұнды деректерді Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары, меценат Мұрат Сәрсенбаев ұсынып, тұлға туралы басылымдарды шығаруға қолдау білдіретіндігін жеткізді.

Өз халқына адал қызмет еткен тұлғаның сан қырлы тағдырына тоқталып, тарихи мәліметтерді көпшілік назарына ұсынған институт директоры Зиябек Қабылдинов Жұмабай Шаяхметов ел тарихынан өзіндік орнын алуы қажет, оның елге сіңірген еңбегі де шынайы бағасын алуға тиіс деді. «...Жұмабай Шаяхметов кеткеннен кейін Никита Хрущев Қазақстанда өз білермендігіне салынып, қазақ жеріне қол салып, Өзбекстанға Бостандық ауданын, кейіннен үш ауданды заңсыз бекітіп берді. Одан кейін солтүстік облыстарды Ресейге бермек болғанда оған Шаяхметовтың шәкірті Жұмабек Тәшеновтың қарсы тұрғаны белгілі. Осылайша облыстарды көрші елге беру саясаты жүзеге аспай қалды. Бірақ Жұмабек Тәшенов те Шаяхметов кеткен Оңтүстік Қазақстан облысына жер аударылды. Жұмабай Шаяхметовтың еліміздің көрнекті тұлғалары Дінмұхамед Қонаевтың, Қаныш Сәтбаевтың қызметіндегі рөлі зор».

Тарих ғылымдарының докторы Қайдар Алдажұманов архив деректеріндегі зерттеулерге байланысты маңызды мәліметтермен бөлісіп, Жұмабай Шаяхметовтың сол кездегі ғылымға, қазақ жастарының білім алуына барынша қолдау көрсеткендігін атап өтті. Ал тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай  ауызша тарихтан жинақталған мәлеметтер негізінде де  естеліктер шығару қажеттілігіне тоқталды.

ҚР Президент Архивінің Құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының жетекшісі Мұхаммед Жылгелдинов алда жоспарланып отырған құжаттар жинағына қысқаша шолу жасап, басылымның бөлімдеріне қатысты мәліметтерді ортаға салды.

Ғалымдар пікірі Шаяхметовтай тұлғаның өмір жолы барлық қырынан зерттеліп, әділ бағасын алуы қажет. Осы жиынға келген Шаяхметовтай тұлғаның ұрпақтары да өз  естеліктерімен бөлісіп, ел тарихынан өз бағасын алады деген сенім білдірді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ