Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2018

Ел азаттығы үшін күрескен Омарбек Жантайұлы туралы кітап жарыққа шықты

1134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында Ұлы даланың күрескер, батыры Омарбек Жантайұлының өмір жолын қамтыған, тарихи зерттеулермен толыққан көркем кітаптың таныстырылымы өтті.

Ел азаттығы үшін күрескен Омарбек Жантайұлы туралы кітап жарыққа шықты

Омарбек батыр елдің азаттығы үшін ділі мен дінін сақтап қолау жолында күрескен батыр.  1929 жылы Омарбек тобы, Шалтабай, Сыпатай тобы болып бірнеше көтерілісшілер жасағы жасақталады. Омарбек тобы Кеңес әскерімен кезекті айқастардың бірінен кейін Беріктасқа барып бекінеді. Омарбек батырдың бұл бекінісі аса мықты болған деседі. Қазіргі Беріктас ауылындағы таудан ары қарай Ақтерек ауылына асып түсіп, күнгейге де бағыт ұстаған. Омарбек батыр сы аймақты екі жылдан аса тығылып, қызыл әскерге қарсы әрекет етеді. Оның қол астындағы көтерілісшілер саны 300-400 жасаққа дейін жеткен. Қарақыстақ маңындағы шалтабай, Сыпатай топтары Омарбек батырды осы өңірдегі көтерілісшілердің қоолбасшысы әрі рухани көсемі санаған. Омарбек батыр 1932 жылы Суықтөбеде қолға түсіп қаза болған.  Қызыл әскер «банды» атаған Омарбек батыр жайында тек Тәуелсіздік жылдарынан кейін айтыла бастады. Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков (Қастек және Қордай аудандарындағы коллективтендіруге қарсылық», Қайдар Алдажұманов («1930 жылдардағы ашаршылық және шаруа көтерілстері») сынды тарихшыларымыз сол аласапыран ауыр кезең туралы кеңінен зерттеп, ондағы халық батыры Омарбек Жантайұлының елі үшін күрескен ерлігі, басын бәйгеге тіккен қаһармандығы жайлы бүгінгі ұрпаққа  жеткізді, деді өз пікірімен бөліскен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы.

«...Суықтөбе алыстан көрінеді. Ақ қар басқан  алып тау аспанға бой созып, асқақтай түскен. Өткеннің өкінішін арқаласа, бүгінгі күннің қызығы мен қиыншылығына ортақтасқандай. Өз туған жеріне – Суықтөбесіне деген ыстық сезімі мен жүрек лүпілін, жан толғанысын сазгер Жолдасқан Құрамысов былай деп жеткізген екен:

Кербезім, жадырай түс күндегідей,

Тұрсың-ай күндіз-түні бір көз ілмей.

Сұлу да сұсты менің Суықтөбем,

Аумаған Алатаудың жүрегіндей.

Келемін, келемін,

Иіліп сәлем беремін.

Туған жерім – Суықтөбем, Суықтөбем, сен едің...

Әнді үлкен де, кіші де айтады. Сүйсініп мақтанышпен айтады. Әне, сол сұлу да асқар тау етегін жайлаған елдің ертеңіне ақ жол тілеп тұрғандай көрінді маған» дей келе күрескер батыр жүріп өткен Суықтөбені Қазақстанның құрметті журналисі Жұмаш Арғымбайұлы көркем теңеулермен сипаттайды.

Кітаптың таныстырылымына осы жинаққа шығармалары енген тарихшы Талас Омарбеков, ақын Орысбай Әбділдә, жазушы Нұрдәулет Ақыш, «Алатау» баспасының директоры Ырым Кененбаев, т.б. қатысты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ